Фактчек | Жамалов тұрғын үй бағасы туралы

3 ақпанда ҚР мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Аманжан Жамалов мемлекеттік ипотека бағдарламасы бойынша берілетін тұрғын үйлерге шекті баға қоюды ұсынды. Депутаттың пікірінше, «әлдебіреу осы жағдайды пайдаланып, алып-сату арқылы пайдаға кенелгісі келеді. Бұл мемлекеттің тұрғын үй мәселесін шешу арқылы тұрғындарға көмектесіп, әлеуметтік шиеленісті шешсек деп жұмсаған күшін жойып жібереді». Сонымен қатар, тағы бірқатар мәлімдеме жасады, біз тексеріп көруді шештік.

Мәлімдеме: Былтыр «5-10-20» бағдарламасына 390 млрд теңге бөлінді. «7-20-25» бойынша 309 млрд, «Баспана-Хит» бойынша 431 млрд теңгеге займ мақұлданды. Сондай-ақ қазір азаматтарға зейнетақы жарнасын пайдалануға да мүмкіндік берілді. БЖЗҚ-дан алатын қаржы көлемі 2,4 трлн теңге. Қысқаша айтқанда, триллиондаған ақша тұрғын үй нарығына кетті.

Аманжан Жамалов

Үкім: Шындық (ескертпелері бар)

Шынында, былтыр мамырда президент «5-10-20» бағдарламасын бастар алдында «Осы мақсатта антикризистік қаржы аясында біз 390 млрд теңге бөлеміз» деп мәлімдеген болатын. Дегенмен, іс жүзінде 2020 жылы бұл бағдарламаны жүзеге асыруға осынша қаражат бөлінді ме? – ашық дереккөздерден бұл туралы ақпарат таппадық.

Мәжілісмен атап өткен басқа бағдарламаларға келер болсақ, шынында 2020 жылдың желтоқсанындағы мәлімет бойынша «7-20-25» бағдарламасы бойынша 309,3 млрд теңгеге 26 359 өтініш мақұлданды, оның ішінде 244,9 млрд теңгеге 20 975 займ берілді. «Баспана Хит» нарықтық ипотека бағдарламасы бойынша 431 млрд теңгеге 48 445 өтініш мақұлданып, 344,5 млрд теңгеге 39 629 займ берілді.

БЖЗҚ-нан бөлінуі мүмкін қаржыға келер болсақ, мұндай сомма, расында 2,5 трлн теңге шамасында. Бұл 761 мың БЖЗҚ салымшысының (жүйе қатысушысының 6,5%-ы) жеткіліктілік шегінен асқан сомасы.  Ол туралы БАҚ-та талай айтылды. Дегенмен, «жеткіліктілік шегі» иелерінің бәрі қаржысын тұрғын үй мәселесін шешуге жұмсамайтыны анық. Біріншіден, ашылған мүмкіндіктер дәлізінде тағы екі опция бар: бірыңғай зейнетақы жинағын сенімді басқармаға өткізу және МӘМС тізіміне енбейтін медициналық қызметтерді төлеу.

Мәлімдеме: 2020 жылы жаңа салынған тұрғын үй бағасы 5%-ға, екінші дәрежелі тұрғын үйлер 13,2%-ға қымбаттады. Бұл – ресми статистика. Ал Krisha.kz порталының дерегі бойынша Қазақстанда тұрғын үй бағасы онсыз да осындай қиын кезеңде 17,2%-ға қымбаттаған.

Аманжан Жамалов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2019 жылы елде жаңа тұрғын үйлердегі 1 шаршы метр бағасы орташа есеппен 293 518 теңге болса, бір жылдан кейін 307 600 теңгеге жетті (баға 4,8%-ға, дөңгелектеп алғанда, 5%-ға өсті). Екінші дәрежелі тұрғын үйге келер болсақ, 2019 жылы 1 шаршы метр бағасы 200 379 болса, 2020 жылы 228 218 теңгені құрады (өсім – 13,9%). Krisha.kz порталының индексіне келер болсақ, депутат нақты деректі келтірген. Портал мәліметі бойынша, елде тұрғын үй бағасы орташа есеппен 17,2%-ға қымбаттады. Еске сала кетсек, Krisha.kz бағаларды хабарландыру бойынша талдайды. Сондай-ақ, қарқынды өсім, әсіресе, Петропавлда байқалған (28.7%).

Мәлімдеме: Шын мәнінде, нарықта тұрғын үй жетерлік. Құрылыс қарқыны рекорд жаңартып жатыр, жаңа үйлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ тәрізді көбейіп жатыр. Былтыр 15 млн шаршы метр үй пайдалануға берілді.                                                             

Аманжан Жамалов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2020 жылы «15 328,6 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараты пайдалануға берілді, яғни 15,3 млн шаршы метр. Салыстыру үшін айта кетсек, былтыр тұрғын үй құрылысының көлемі 13,1 млн шаршы метр болған. Жылдан жылға өсу байқалады, мәселен, 2003 жылы 2,1 млн шаршы метр аумақ қана берілсе, 10 жыл өткен соң 6,8 млн шаршы метр пайдалануға берілді. Осылайша, рекорд туралы да мәжілісмен рас айтты. Оның ішінде, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары көш бастап тұрғаны айтпаса да белгілі:

Фактчек | Жамалов тұрғын үй бағасы туралы

Мәлімдеме: Біз 400 миллион доллардан аса сомаға арматура, шатыр, қаптайтын материалдарды, цементті, құбырларды алып келеміз. Іс жүзінде біз басқа біреудің экономикасына, ең алдымен жақын көршіміз – Ресейге қаржы құйып жатырмыз.

Аманжан Жамалов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2020 жылдың қаңтар-қараша аралығында еліміз 482 млн доллардан аса сомаға құрылыс материалдарын импорттаған, сонымен қатар ТМД елдерінен құрылыс материалдарын импорттау 255,5 млн, ал Ресейден 222,2 млн болған. Басқа біреудің экономикасын қаржыландыру туралы пікірді тексермейміз, дегенмен Қазақстан жалпы 32,6 млн тұратын құрылыс материалдарын экспорттаған, оның ішінде ТМД елдеріне 25,6 млн, оның 9,6 млн долларына Ресейге жіберілген.

Осылайша, депутат айтып өткендей, мемлекет қолдауына қарамастан, әзірге құрылыс саласын дамыту мен құрылыс материалдары өндірісі сияқты сабақтас салаларды дамытудың мультипликативтік әсері туралы айтуға ерте.

Қорытынды

  • Мемлекет жеңілдікті ипотека бағдарламаларына миллиардтаған қаржы бөледі.
  • Соған қарамастан тұрғын үй бағасы тек қана өсіп жатыр.
  • Сондай-ақ құрылыс материалдарын импорттау-экспорттау құрылымында әлі де үйлесімсіздік бар.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz