Фактчек | Ж. Әбдімәлік: Өзбекстан шахмат федерациясы туралы

26 маусымда Жансая Әбдімәлік Өзбекстан мен Қазақстан шахмат федерациялары арасындағы қаржыландыру мәселелерін көтеріп, әлемдік рейтиңге тоқталды. Осы орайда Factcheck.kz айтылған мәлімдеменің рас-өтірігін тексерді.

Жансая Әбдімәліктің мәлімдемесі (Тайм-код: 0:22)

Мәлімдеме: Олардың [Өзбекстанда шахмат спортына- авт.] жылдық қаржыландыру көлемі 3 млн долларды құрайды.

Жансая Әбдімәлік

Үкім: Шындыққа жақын

Өзбекстан президентінің 2021 жылдың 14 қаңтардағы қаулысы бойынша шахматты дамытуға 2021 жылғы республикалық бюджеттен жалпы 37,5 млрд сум бөлінген, бұл 3,5 млн доллар (Өзбекстан ұлттық банкінің 2021 жыл 14 қаңтар күнгі (қаулы шыққан күн) доллар бағамы бойынша 1 долл. = 10 473,20 сум). Бірақ бағларламаны жүзеге асыруға арналған қаржы тікелей шахмат федерациясына емес, тиісті министрліктерге бөлінгенін де ескерген жөн.

Мысалы, Дене шынықтыру мен спорт министрлігі Өзбекстан шахмат федерациясымен бірлесіп 1 000 орта мектептің бастауыш сынып оқушыларына шахмат үйретуі үшін республикалық бюджеттен 10 млрд сум (954 мың долл.) бөлінген. Халыққа білім беру министрлігі бюджетінен шахматқа бейімделген 150 орта мектепке қосымша 7,5 млрд сум (716 мың долл.) және қалған орта мектептерді Дене шынықтыру пәні аясында шахмат үйретуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 20 млрд сум (1,9 млн долл.) қаржы бөлінген.

Мәлімдеме: Өзбекстан президенті шахматты дамыту бойынша жол картасын бекіткен.

Жансая Әбдімәлік

Үкім: Шындық

2021 жылы 14 қаңтарда “Шахматты дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама” бекітілген Өзбекстан президентінің қаулысы шыққан. 

Бағдарламада 2025 жылға дейін Халықаралық шахмат федерациясының рейтиңінде Өзбекстанды үздік ондыққа кіргізу, тұрақты шахмат ойнайтын халық үлесін 3%-ке жеткізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 25 шахмат мектебін және клубын ашу көзделген.

Мәлімдеме: Осындай қолдаудың арқасында, Өзбекстан әлемдік рейтиңде 19-орында, ал Қазақстан 37-орында.

Жансая Әбдімәлік

Үкім: Шындық

Халықаралық шахмат федерациясының FIDE рейтиңінің маусым айындағы есебі бойынша Өзбекстан 19-орында, ал Қазақстан 37-орында орналасқан. Төмендегі суретте үздік елдердің көрсеткіші берілген.

Бұл есеп әр мемлекеттің үздік 10 ойыншысының орташа көрсеткішімен анықталады. FIDE жалпы рейтиңмен қатар, әйелдер рейтінгісін де жүргізеді. Ол бойынша осы кезеңде Қазақстан 11, ал Өзбекстан 46-орында. Қыздар арасында рапид және блиц бойынша Бибісара Асаубаева көш бастап тұр.

Контекст

  • 21 маусымда шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан шахмат федерациясын “мемлекеттен 3 млрд теңге сұрау үшін танымал ойыншылардың атын пайдаланбақ” деп айыптады. Федерация басшысы Ғалым Құсайынов пен шахматшы Жансая Әбдумәлік Б. Асаубаеваның сөзін жоққа шығарып, Президентке ұсынған жоспарын жариялады.
  • Жыл басында шахматшылардың ата-аналары мен кәсіби шахматшылар жан-жақты қолдау сұрап Қ. Тоқаевқа хат жолаған.

Материалды дайындаған: Еркебұлан Қуанбай

Ескерту: бұл материал Қазақстан шахмат федерациясындағы дауға қатысты Factcheck редакциясының позициясын білдірмейді.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz