Фактчек | Осин Қазақстандағы автожолдардың жағдайы туралы

21 сәуірде ҚР Мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында депутат Шамиль Осин «еліміздегі жолдарды салу және оларды жөндеу сапасын жақсартып, осы саладағы жаңа технологиялар тізілімін енгізу қажет» деп сауал жолдады. Сондай-ақ ол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы да бірқатар қызықты мәлімдеме жасады. Осы орайда біз депутаттың айтқанын тексеріп көруді жөн санадық.

Мәлімдеме: 2015-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде республикалық маңызы бар 13 мың шақырым және жергілікті маңызы бар 15 мың шақырым автожол салынды, жаңартылды және жөнделді.

Шамиль Осин

Үкім: Шындық және Техникалық қате

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің сайтында көрсетілгендей, 2015-2019 жылдар аралығында «Нұрлы жол» аясында республикалық маңызы бар 3 мың шақырым автожол салынды және қайта жаңартылды, ал шамамен 7 мың км жол жөнделді… Сондай-ақ, жергілікті маңызы бар 15 мың км жол жөнделді». Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қатысты есепте құрылыс жұмыстарымен республикалық деңгейдегі 4 мың шақырым жол қамтылатыны айтылған. Осыған қоса бұл есепке сәйкес, биылғы қорытынды бойынша 2,6 мың км жолда қозғалыс ашылған.

Күрделі және орташа жөндеу жұмыстары аясында 1,8 мың км жол қамтылды, оның 1,1 мың шақырымы пайдалануға берілді (республикалық маңызы бар жолдар – авт.)…. Жергілікті деңгейдегі жолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 4 мың км жол қамтылды, оның 2,7 мың км аяқталды.

Осылайша 2015-2020 жылдар аралығында республикалық маңызы бар 13,7 мың км (3 мың км +7 мың км +2,6 мың км +1,1 мың км) және жергілікті маңызы бар 17,7 мың км (15 мың км + 2,7 мың км) жолдар жөнделді, жаңартылды және салынды.

Мәлімдеме: Жергілікті жолдар желісінің ұзындығы 70 мың км-ден асады, ал олардың тек 60% асфальтталған. Былай айтқанда бұл ойландыратын және тиісті қорытынды жасауға итермелейтін сандар.

Шамиль Осин

Үкім: Шындық және Үкім жоқ

Шынында да, Қазақстандағы жергілікті автожолдардың ұзындығы 71 мың км.

Егер ҚР ИИДМ жариялаған есепке сенсек, 2020 жылғы қорытынды бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық маңызы бар жолдарда 89%-ға, ал жергілікті маңызы бар жолдарда 75%-ға дейін жеткізілген. Алайда жергілікті маңызы бар жолдардың 75%-ы асфальтталған деп нақты айтуға болмас, себебі ҚР ИИДМ-нің құжаттарында, яғни біз жоғарыда атап өткен «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы туралы есепте жөнделген, жаңартылған және салынған жолдардың жол жабынының санаты мен түріне қатысты ақпарат көрсетілмеген.

Осы орайда айта кететін жайт, 2019 жылы жергілікті маңызы бар жолдардың 32%-ы, ал республикалық және халықаралық маңызы бар жолдардың 11,9%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда еді (бұл ретте республикалық трассалардың тек 52%-ға жуығында асфальт-бетон жабындысы болды).

Айта кету керек, депутаттың бірнеше өңірге, яғни Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облысындағы жергілікті маңызы бар жолдарға қатысты сөздері шын сияқты, себебі онда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 34-69% арасында (электрондық үкімет құжатындағы ақпарат 14.01.2021 жаңартылған).

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz