Фактчек | Нығматулин Қазақстандағы есірткі айналымы туралы

20 қарашада өткен ҚР Мәжілісінің пленарлық отырысында Парламенттің төменгі палатасының төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстандағы есірткі айналымына қатысты бірнеше маңызды мәлімдеме жасады. Соларды талдап көрелік.

Н. Нығматулин ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Тілеген Маткеновке жүгіне отырып, осы Департаменттің қызметкерлеріне қатысты қозғалған істер бойынша былай деді:

Мәлімдеме:

Сіздің қызметкерлеріңізге қатысты 2015 жылы 4 қылмыстық іс қозғалыпты. 2016 жылы олардың саны 10-ға жетсе, 2017 жылы 20 іс болыпты. Бұл әлі соңы емес сияқты ғой…

Н. Нығматулин

Үкім: Манипуляция

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық сервисі қылмыстық істердің ҚР ІІМ-нің қандай да бір департаментіне тиесілі екені туралы нақты мәлімет бермейді. Мұндай ақпарат тіркелген қылмыстар туралы есептерде және қылмыстық қудалау органдары қызметінің қорытындыларында (8-тарау. Қылмыс жасаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар және билік пен басқару органдарының өзге де қызметкерлері туралы мәліметтер) болады.

Фактчек | Нығматулин Қазақстандағы есірткі айналымы туралы
Билік пен басқару органдарының құқық қорғау қызметкерлері жасаған қылмыстары бойынша нақты мәліметтер мысалы
  • 2015 жылы — «ІІМ-нің (оның ішінде ҚАЖ және ТЖ органдары)» 3 қызметкері және «Экономикалық тергеу қызметінің» 1 қызметкері. Осылайша, ІІМ-нің үш қызметкері ІІМ-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінде қызмет еткен күнде де, осындай қылмыс жасаған тағы бір қызметкер, мәлімет бойынша, Экономикалық тергеу қызметінде (2019 жылы Департамент болып өзгерді) жұмыс істеген.
  • 2016 жылы — «ІІМ-нің (оның ішінде ҚАЖ және ТЖ органдары)» 8 қызметкері және 1 әскери қызметші.
  • 2017 жылы — «ІІМ-нің (оның ішінде ҚАЖ және ТЖ органдары)» 14 қызметкері, ҚАЖ органдарының 1 қызметкері, ҰҚК-нің 1 қызметкері, 2 әскери қызметші (олардың біреуі ҰҚК-нің Шекара қызметінде қызмет еткен).

Бұл жағдайда ақпарат та нақты берілмеген. Мысалы 2017 жылы 297-бап бойынша құқық бұзған ҚАЖ қызметкері «ІІМ-нің (оның ішінде ҚАЖ және ТЖ органдары)» — (жоғарыда жазылғандай – авт.) 14 қызметкері қатарына кіре ме әлде жоқ па? Не болса да Мәжіліс төрағасы келтірген деректер ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпаратымен үйлеспейді.

Мәлімдеме:

Бірқатар елде (Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланд) арнайы орындарда жеңіл есірткі таратудың жүйесі де бар.

Н. Нығматулин

Үкім: Жалған

Жеңіл есірткі (негізінен марихуана) жоғарыда аталған елдердің ешқайсысында тегін таратылмайды. Бұл есірткі тиісті органдардың бақылауымен заңды түрде сатылуы мүмкін, бірақ «таратылмайды».

Кей елдерде марихуананы медициналық мақсатта (Ұлыбритания) және жеке тұтыну мақсатында (Нидерланды) сату және пайдалану заңды. Тек галлюциногендер «сұр аймақта» болуы мүмкін. Тағы бір елдерде есірткіге тәуелді адамдарға зиянды азайту мақсатында белгілі бір мөлшерде ауыр есірткілер (мысалы Швейцарияда героин) немесе оларды алмастыратын заттар (Қазақстанда метадон) берілуі мүмкін. Бірақ Н. Нығматулин айтқан елдерде «жеңіл есірткі таратылады» деген жоқ.

Бұл ретте әлемнің бірқатар елінде шынымен ауыр есірткі заттары заңды. Олардың арасында, мысалы, физикалық тәуелділікке соқтырып, денсаулыққа зардап әкелетін алкоголь бар. Осыған қоса бұл елдердің үкіметі алкоголь саудасынан түсетін акциздерден пайда табады. Олардың қатарында Қазақстан да бар.

Мәлімдеме:

…ғылыми статистика мәліметтеріне сүйенсек, әрбір нашақор орта есеппен 5-17 адамды есірткі пайдалануға итермелейді…

Н. Нығматулин

Үкім: Манипуляция

Біз осы сөздерді растайтын ешбір «ғылыми» дерек таппадық. Мұндай мәліметтерді ұсынатын ТМД-дағы барлық спикерлер Қазан мемлекеттік энергетикалық университетінің өкілі Людмила Сурованың мақаласына сүйенетін сияқты. Мақалада болжап ұсынылған сандарды растайтын сілтемелер де жоқ. Айта кетейік, бұл автордың осы тақырып бойынша (жалпы басқа тақырыптар бойынша да) жазған басқа жұмыстары жоқ.

Алайда бұл тақырып бойынша ғылыми деректер жоқ деген сөз емес. Мысалы БҰҰ жыл сайын есірткі туралы баяндама жариялап тұрады. Ондағы мәліметтер бойынша қазір әлемде жағдай өте ауыр, себебі есірткіні дүниежүзінде 5,5% – ға жуық адам тұтынады. Осыған қоса жыл сайын әлемде есірткіні тұтынушылардың саны артып келеді, яғни бұл, расымен, маңызды мәселеге айналып барады. БҰҰ барлық елдерді есірткі өндірісі мен саудасына қарсы ортақ күреске шақырады және есірткі тұтынушыларға қол ұшын созып, оларды қылмыскер ретінде көрсетуге қарсы шығады:

Есірткі бақылауы бойынша халықаралық конвенцияларға сәйкес, есірткі пайдалануға байланысты және оның денсаулыққа кері әсеріне қатысты қауіп-қатерлерді азайтудың бірден-бір стратегиясы – пайдаланушыларды тек түрмеге қамауға алмай, басқа да жолдарды қарастыру. Есірткі пайдаланып қылмысты болған немесе есірткіден денсаулығына зардап келген адамдарға ғылыми негізде наркологиялық көмек көрсететін қызметтерге өз еркімен жүгінуге мүмкіндік беру керек.

Есірткі туралы дүниежүзілік баяндама, 2019 жыл

Айта кетейік, БҰҰ баяндамасында Орталық Азия елдерінің есірткі трафигіне қарсы күресінің соңғы жылдардағы жетістіктері де айтылған.

Қорытынды:

  • Мәжіліс төрағасы бірнеше өткір әрі наркофоб тұжырымдар айтты. Олардың бір бөлігі заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін көтереді. Бұл заңдар есірткі таратушылардың емес, тұтынушылардың, яғни есірткіге тәуелді адамдардың жағдайын қиындатуға бағытталған. Себебі есірткіге тәуелділік қылмыс емес, ауру болып саналады. Қорыта келгенде қоғамда онсыз орын таппай, медициналық көмекке зәру адамдарды есірткі сатушылармен және есірткі өндірушілермен бір қатарға қою байқалады.
  • Есірткіге тәуелді адамдарды қылмыстық сипаттан арылтып, қайта оларға көмек көрсету арқылы жақсы нәтижелерге жетуге болатынын әлемдік тәжірибе көрсетті. Сондай-ақ барлық елдер бірлесе отырып есірткі өндірушілер мен таратушыларға қарсы күресті жалғастыру қажет. Есірткіге тәуелді адамдарға ауру емес, қылмыскер ретінде қарау БҰҰ-ның ұсыныстарына қайшы келеді.
Factcheck.kz