Фактчек | Набиев: бүйрек ауруының таралуы дамыған елдерден 1,5-2 есе жоғары

13 қазанда мәжілістің жалпы отырысында депутат Вакиль Набиев ҚР Премьер министр орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Ол өзінің сауалында елде бүйрек ауруының таралу деңгейі дамыған елдерге қарағанда 1,5 – 2 есеге жоғары екенін, сонымен қатар, әлемде 850 млн адам бүйрек ауруының әртүрлі типтерінен зардап шегетінін айтты. Factcheck.kz депутат сөзін тексеріп көрді.

Қазіргі уақытта әлемде шамамен 850 млн адам бүйрек ауруының әртүрлі типтерінен зардап шегеді. Әлемде он ересек адамның бірінде созылмалы бүйрек ауруы бар.

Набиев Вакиль

Үкім: Шындық

Халықаралық нефрологтар қауымдастығының (ISN) 2020 жылдың қарашасында жариялаған дерегі бойынша, расымен депутат айтқандай 850 миллионнан астам адамда бүйрек ауруының қандай-да бір түрімен ауыратыны жазылған. Сонымен қатар, әлемдегі он ересек адамның бірінде созылмалы бүйрек ауруы бар.

Мәселен, Medscape (әлемдегі дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне арналған медицинаның ең соңғы жаңалықтары мен сараптамалық пікірлерді ұсынады) дерегінше, 2017 жылы дүниежүзінде 697,5 млн адамнан бүйректің созылмалы ауруы (барлық стадиясы бойынша) тіркелген. Яғни, өсу көрсеткіші байқалады.

Зерттеуге сәйкес, республикада (бүйрек) аурудың таралу деңгейі дамыған елдерге қарағанда 1,5-2 есе жоғары.

Набиев Вакиль

Үкім: Шындық

The lancet сайтының дерегінше (2020 жылы жарияланған), 2017 жылы Қазақстанда 1 млн 774 мың 266 адамда бүйректің созылмалы ауруы (ХБП) тіркелген. Сонымен қатар, 100 мың адамға шаққанда, әрбір 10 093 адамда бүйректің созылмалы ауруы бар.

Депутат нақты елдерге тоқталмағандықтан денсаулық сақтау саласы дамыған 5 елдің көрсеткішін (пандемия өршіген тұста USNEWS әзірлеген рейтинг) Қазақстанмен салыстырдық. Төменде 100 мың адамға шаққандағы бүйректің созылмалы ауруы тіркелгендер саны көрсетілген.

Деректерден байқағаныңыздай, Қазақстанда 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш денсаулық сақтау саласы дамыған елдерден орташа есеппен 1,5 есеге көп. Сонымен қатар, Ұлыбритания (5167) немесе Испаниямен (5034) салыстырсақ, Қазақстанда бүйрек ауруының таралу деңгейі 2 есеге жетеғабыл.

Factcheck.kz