Фактчек | Мамин экономиканың бәсекеге қабілеті туралы

Маусымның 21-де өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында премьер-министр Асқар Мамин еліміздің экономикалық көрсеткіштеріне қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz үкімет басшысының экономиканың бәсекеге қабілеті туралы айтқаны қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Асқар Маминнің айтқаны (тайм-код: 32:52)

Халықаралық даму институтының соңғы зерттеулерінің нәтижесі бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер рейтиңінде Қазақстан 7 сатыға көтеріліп, 35-орынға тұрақтады. “Үкіметтің нәтижелі жұмысы”, “Нәтижелі бизнес”, “Экономикалық қызмет”, “Инфрақұрылым” факторлары бойынша позициялар жақсарды.

Асқар Мамин

Үкім: Шындық

Шынымен-ақ жақында IMD әлемдегі бәсекеге қабілет орталығы жылда шығатын The World Competitiveness Yearbook (WCY) кезекті рейтиңін жариялаған. Орталық ақпаратына сай, Қазақстан 2020 жылғы 42-орынынан, биыл 35-ке көтерілген. Алайда еліміз 2017 жылғы 32-орынға жете алмады.

Фактчек | Мамин экономиканың бәсекеге қабілеті туралы
Қазақстан мен басқа да елдердің соңғы 5 жылдағы көрсеткіші

Премьер айтып отырған 4 фактордың әрбірінде көрсеткіш жақсарған, бірақ бұл тұста да өз-өзіміздің рекордымызды жаңартпадық: 2020 жылғы позициядан көтерілсек те, 2017 жылдан бергі орыннан аса алмадық немесе сол уақыттан бергі көрсеткішке қайта айналып келгенбіз.

Жинаққа 64 ел енген. Авторлардың айтуынша, бәсекеге қабілеттің әлемдік рейтиңі экономикалық әдебиетті, халықаралық, ұлттық және өңірлік дереккөздерді пайдалана отырып, жан-жақты зерттеу мен іскер топтардың, мемлекеттік мекемелер мен ғалымдардың пікірлері нәтижесінде таңдалған бәсекеге қабілеттің 334 өлшеміне негізделген. Өлшемшарт жаңа теория, зерттеулер мен деректер пайда болған сайын жаңартылып отырады.

Биыл алғашқы үштікті Швейцария, Швеция, Дания бастаса, соңғы орынға Венесуэла тұрақтаған. Көршілерімізден Ресей 45, ал Қытай 16-орында.

МакКинзи жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстан экономика серпіні тұрақтылық деңгейі бойынша 56 елдің ішінде 7-орын алды.

Асқар Мамин

Үкім: Үкім жоқ

McKinsey Global Institute (MGI) жүргізген зерттеулердің ішінен мұндай тақырыптағы материал табылмады, есесіне Жаһандық тұрақтылық индексі FM 2021 көрсеткіші бар. Есепке сай, экономикалық деректер, жеткізу тізбегі және тәуекелдер сапасы туралы деректерді жинақтағанда, Қазақстан 56 елдің ішінде 7-орында емес, 130 елден 56-орынға тұрақтаған.

Фактчек | Мамин экономиканың бәсекеге қабілеті туралы
Есептегі Қазақстан көрсеткіші

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz