Фактчек | Қазақстандағы ЖКО мен авто-жолдар рейтиңі

10 наурызда өткен Парламент мәжілісінің пленарлы отырысында депутат Решетников Сергей өзінің “депутаттық сауалында” Қазақстандағы жол көлік оқиғалары (ЖКО) мен жалпы жолдардың рейтиңі және өлім-жітім деңгейі туралы сөз қозғады. Сауал барысында Қазақстанда ЖКО салдарынан жыл сайын қайтыс болатын адамдар санын ескертіп, коронавирустан кем емес екендігін жеткізді.

Коронавирус салдарынан тіркелген өлім тек 2020 жылы наурызда басталғанын ескере кете ЖКО жыл сайын болатын орны толмас қасірет екенін атап өтті. Осы орайда Factchect.kz депутаттың келтірген деректерін тексеріп көрді.

Депутат Решетниковтың сауалы

Мәлімдеме: 2020 жыл бойынша ЖКО салдарынан 1997 адам қаза тапты, олардың 184-і кәмелеттік жасқа толмаған, бұл 10 пайызын құрайды. Бұл деректер шамамен коронавирустан қайтыс болғандар санымен сәйкес келеді. Қазақстанда коронавирустан 2020 жылы (наурыз-желтоқсан) 2284 адам көз жұмды.

Сергей Решетников

Үкім: Шындық және манипуляция

Qamqor.gov.kz сайтының мәліметі бойынша, 2020 жылы Қазақстанда 13 515 ЖКО-ы тіркеліпті, оның ішінен 17 844-і жарақат алса, 1997 адам қаза болған. Қаза тапқандардың ішінде 1491 ер, 506-ы әйел, 184-і кәмелеттік жасқа толмаған.

Сoronavirus2020.kz сайтының мәліметі бойынша, Қазақстанда 2020 жылы коронавирустан наурыз-желтоқсан айларында 2284 адам қайтыс болған. Сонымен қатар, 1 тамыздан бастап есепке алынатын коронавирусқа ұқсас пневмониядан 503 адам қаза тапқан.

Депутат мырзаның ЖКО және КВИ-ден қайтыс болғандар санын салыстыруы еш қисынға келмейді. Соңғысы ғаламдық деңгейдегі пандемия екенін де ұмытпаған жөн. Сол себептен де, деректер рас болса да, мәлімдемені манипулятивті деуге толық негіз бар.

Мәлімдеме: ДДСҰ-ның есебі бойынша, қазіргі уақытта Қазақстан 100 мың адамға шаққанда шамамен 10,5 өлім көрсеткішіне ие (ЖКО бойынша – ред.)

Сергей Решетников

Үкім: Жалған

ДДСҰ-ның жаһандық денсаулық сақтау обсерваториясының мәліметінше, Қазақстанда 2019 жылы ЖКО салдарынан өлім-жітімнің көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 12,68-ге жеткен. 2020 жылдың статистикасы әлі шықпағанын ескерсек, депутаттың “қазіргі уақытта” деп келтірген дерегі шындыққа сәйкес келмейді.

Соңғы 10 жылдың мәліметіне қарай отырып, Қазақстанда ЖКО салдарынан болған өлім-жітім коэффицентінің (100 мың адамға шаққандағы) азайғанын байқаймыз.

Мәлімдеме: Қазақстан 2019 жылы жалпы жолдардың сапасы бойынша 141 мемлекеттің ішінде тек 93-орында

Сергей Решетников

Үкім: Шындық

World Economic Forum әлемдегі экономиканың жай-күйі туралы баяндамасында Қазақстан (2019 жыл) расымен де 141 мемлекеттің ішінде 93-орында.

Пост-кеңестік елдер ішінде Әзербайжан (27-орын) ең жоғарғы көрсеткішке ие. Кейін 39-орында Литва, 42-орында Эстония, 50-орында Тәжікстан тұр.

Қазақстан 2018 жылы 115-орында, 2017 жылы 108-орында болған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz