Фактчек: Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында

Осы аптада Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында Қазақстанның атынан президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сөз сөйледі. Өкінішке қарай, біздің делегация көп сөйлемеді, мәліметтер туралы айтпады. Соған қарамастан айтылған тұжырымдарды талдап көрейік.

Біртановтың «Денсаулық сақтаудың жалпыға ортақ болуы» атты отырыста айтқаны:

Қазақстан Конституциясы мемлекеттен Қазақстанның барлық азаматы мен қонағына медицина қызметтері жиынтығын тегін пайдалануға кепілдік береді.

Елжан Біртанов

Үкім: Шындық (бірақ, нақтылайтын тұсы бар)

Әуелі Қазақстан азаматтарының құқықтарын талдайық. ҚР Конституциясының 29-бабы бойынша азаматтар мемлекеттен медицина қызметтерінің белгілі бір көлемін тегін алуға құқылы.

Бұл қызметтер қатарына не кіретіні ҚР үкіметінің 2009 жылдың 15 желтоқсанындағы № 2136 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» тиісті қаулысында жазылған.

Қонақтарға қатысты жағдай сәл басқаша: белгілі бір медицина қызметтерін олардың бәрі бірдей ала алмайды.

ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 88-бабының 5-тармағы бойынша ҚР азаматтарына берілетін қызметтер жиынтығын оралмандар, шетел азаматтары мен Қазақстан аумағында тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар ала алады. Елге уақытша келген азаматтарға айналасына қауіп төндіретін нақты жіті аурулар, мысалы, оба, желшешек немесе менингококк инфекциясы кезінде ғана тегін базалық медицина көмегі беріледі.

Босқындар мен баспана іздеп жүрген адамдарға ҚР үкіметі мемлекеттік медицина қызметтерінің бөлек тізбесін бекіткен.

Оған жедел медицина жәрдемі, бейінді мамандардың жолдамасы бойынша амбулатория және стационар көмегі, қалпына келтіре емдеу, паллиатив көмек және халықтың жекелеген санатына арналған мейіргер күтімі кіреді.

Қазақстан үнді серіктестерімен ынтымақтастықта БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштері құрамына қызмет етуге 120 адамнан тұратын әскери құралым жіберіп, БҰҰ-ның бітімгершілік тұжырымдамасын тағы да қолдады. Ливанға Қазақстаннан әскери бақылаушылар да жіберілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке сөз сөйлегендегі айтқаны

Үкім: Шындық

ҚР үкіметі 2018 жылдың тамызында «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістету тәртібі туралы меморандумға қол қойды.

2018 жылдың қарашасында БҰҰ жанындағы Қазақстан тұрақты өкілдігінің әскери атташесі, полковник Ерұлан Ақылбаев Қазақстан әскерилерінің Ливандағы қызметінің басталуы туралы есеп берген еді. 2019 жылдың наурызында әскерилер БҰҰ-ның «Бейбітшілікке қызмет еткені үшін» медалімен марапатталды.

Қазақстан биыл шетелдегі серіктестерімен бірге «Жусан» гуманитарлық арнайы операциясын сәтті жүргізді. Сириядағы әскери қимылдар аймағынан 596 адамды әкелдік, оның 406-сы – бала.

Қ, Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінде де, ЕҚЫҰ-ның Work with returnees from Syria and Iraq: Kazakhstani experience атты есебінде де осы цифрлар айтылады.

Материалды қазақ тіліне аударған: Болатбек Мұхтаров

Виктория Ли
Журналист, фактчекер, фотограф.