Карантинде кәмелетке толмағандар арасында суицид артқаны рас па?

Маусымның 5-сі skif–news.kz сайтында елдегі төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары көп тіркелгені айтылған. Оқиғаның басым бөлігі балалардың өлімімен аяқталды дейді. Бұл қаншалықты рас, бірге тексерейік.

Жаппай карантин кезінде ел аумағында кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсауға оқталу оқиғасына қатысты 114 жағдай тіркеліпті. Ең сұмдығы бұлардың 46-сы кәмелетке толмағандардың өлімімен аяқталған.

БАҚ

Үкім: Манипуляция

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, мәлімдемеде айтылған сандар 2020 жылдың алғашқы төрт айындағы дерек. Яғни, 2020 жылы қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір айларында кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсауға оқталу оқиғасына қатысты барлығы 113 жағдай тіркелген. Оның 46-сы баланың өзін өлтіруімен аяқталған.

Ал еліміздегі карантин кезеңін наурыз, сәуір, мамыр айлары деп алатын болсақ, жағдай мынадай болады. Үш айдың қорытындысы бойынша, кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсауға оқталу оқиғасына қатысты 87 жағдай, суицидпен аяқталған 38 жағдай тіркелген.

Кәмелет жасына толмаған балалардың өз-өзіне қол салу көрстекішінде Түркістан облысы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Шығыс Қазақстан, Алматы және Қостанай облыстары жайғасқан.

Артур Платонов, Мәжіліс депутаты

Үкім: Жартылай шындық

2020 жылы мамыр айынындағы мәлімет бойынша, кәмелетке толмаған балалар арасындағы өз-өзіне қол салу көрсеткішінде Түркістан облысы, шынымен-ақ, көш бастап тұр. 2020 жылдың алғашқы 5 айындағы (қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр) есеп бойынша облыста 17 жағдай тіркелген. Одан кейін Алматы облысы – 11, Қызылорда облысы – 4, Шымкент және Алматы қаласында – 3 оқиға.

2017 және 2019 жылдары аралығында статистикаға көз салсақ балалар арасындағы суицидтің артып бара жатқаны байқалады.

Артур Платонов, Мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегінше, кәмелетке толмаған балалар арасындағы суицид артып келеді. 2017 жылы – 167, 2018 жылы – 178, 2019 жылы – 179 жағдай тіркелген.

Кәмелетке толмаған балалар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының артуы алаңдайтын жағдай. ЮНИСЕФ-тің осы жағдайға байналысты жүргізген зерттеуі суицидтік мінез-құлықтың көптеген әлеуметтік, экономикалық және отбасылық факторларға қатысы бар екенін айтады. Мысалы,

  • Ауыр әлеуметтік жағдай
  • Ата-аналардың бөлек тұруы және ажырасуы
  • Ата-аналардың психикалық ауру белгілері
  • Отбасындағы дау-жанжал
  • Бала кезде физикалық немесе сексуалдық зорлық көру
  • Ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас және т.б.

Психологтар балалардың бұндай әрекетке баруының алдын алу үшін балаға айналада болып жатқан құбылысты түсіндіріп, еркін сөйлесуі керек екенін айтады. Бала ата-анасынан қорықпай, өзіндегі мәселені, қолайсыздық пен күйзелісті, жағымсыз жағдайды ашық түрде айтса, баланың өзін жақсы сезінуіне әсер етеді дейді.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz