Фактчек | Әлназарова орган трансплантациясы туралы

4 қарашада Сенаттың жалпы отырысында сенат депутаты Ақназар Әлназарова ҚР премьер министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Ол сауалында Қазақстандағы трансплантациясы туралы бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесін тексеріп көрді.

Әлемде жыл сайын 115 мыңнан астам орган трансплантациясы жасалады.

Ақназар Әлназарова

Үкім: Шындыққа жақын

Донорлық және трансплантация бойынша жаһандық обсерваторияның (2019 жылғы дерек ) дерегі бойынша, жыл сайын 153 863 адам орган трансплантациялайды. Ал Transplantation журналы жариялаған дерек бойынша, 2015 жылы 126 670 адам орган трансплантациясын жасатқан (жаңа деректер табылмады). Яғни, депутат Әлназарова айтқан деректен де көп. 2015 жылы Ресейдегі аурухана сайтының бірінде дәл депутат мәлімдемесімен сәйкес келетін дерек жарияланған. Депутат бұл деректі осы жерден алуы мүмкін.

Сонымен қатар, кемінде органның 50% қайтыс болған донорлардан алынған.

Ақназар Әлназарова

Үкім жоқ

Ашық деректерден органдардың нақты қанша проценті қайтыс болған донорлардан алынғаны жайлы дерек таппадық. Алайда, 2015 жылы Transplantation журналы жариялаған мәліметте орган трансплантациясы кезінде тірі донарлардың үлесі 32,4 процент екені жазылған. Яғни, қалған үлесі – 67,6%. Бірақ мұның нақты қайтыс болған донорлардың үлесі екені айтылмаған.

2012-2021 жылдар аралығында Қазақстанда 2 мыңнан астам орган трансплантациясы жасалды.

Депутат Әлназарова

Үкім: Шындыққа жақын

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек және ұйқы безіне трансплантациясы жасалады. Бұған қоса, 2012 жылдан бастап 1 892 трансплантация жасалған, оның ішінде тірі донордың үлесі 80%, ал қайтыс болған донор үлесі – 20%.

Бүгінде трансплантацияның бірыңғай күту кезегінде 3365 адам бар. Оның ішінде балалар- 105.

Депутат Әлназарова

Үкім: Шындыққа жақын

Egov.kz дерегінше, Қазақстанда 3 мыңнан астам адам ағзасын ауыстыруға зәру, оның ішінде 113 бала. Ал Transplant.kz мәліметінше, 3346 адам органға мұқтаж. Оның ішінде 2946-сы ересек адам, ал балалар саны – 82.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz