Facebook, Google және Twitter басшылары фейкпен күрес туралы АҚШ Конгресіне есеп береді

Facebook, Google және Twitter басшылары АҚШ Энергетика және cауда комитетінде желідегі жалған ақпарат жайлы есеп береді. Бұл туралы The Hill сайты хабарлады.

25 наурызда онлайн тыңдауға Facebook басшысы Марк Цукерберг, Twitter басшысы Джэк Дорси және Google компаниясының басшысы Сундар Пичаи қатысады. Олардың баяндамалары АҚШ заң шығарушы органына коронавирус туралы жалған ақпаратпен күресу, сондай-ақ жақында өткен президент сайлауының нәтижесі жайлы жалған ақпаратпен күресу үшін технологиялық алыптар қабылдаған шараларды зерттеу аясында тыңдалады.

«Тым ұзақ уақыт бойы ірі технологиялық компаниялар өздерінің интернеттегі аудиториясына жалған ақпарат таратудағы рөлдерін мойындамады», – делінген конгрессмендердің бірлескен мәлімдемесінде.

Бұған дейін 15 ақпанда Марк Цукерберг Мюнхеннің 56-шы қауіпсіздік конференциясында мәлімдеме жасады. Ол Facebook корпорациясының жыл сайын әлеуметтік желідегі мазмұн қауіпсіздігін тексеруге миллиардтаған доллар жұмсайтынын айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz