Facebook америкалықтарды алалағаны үшін 14 миллион доллар төлейді

Facebook компаниясы дискриминация ісі бойынша жұмысқа америкалықтарды емес, шетел азаматтарын алғаны үшін 14 млн доллардан астам айыппұл төлейді. Бұл туралы АҚШ Әділет министрлігіне сілтеме жасап, DW сайты хабарлады.

“Facebook – заңнан жоғары бола алмайды. Олар біздің елдің азаматтық заңдарын ұстануы керек. Заң жұмысшыларды жалдағанда алалауға тыйым салады”, – деді Әділет министрлігінің өкілі Кристен Кларк.

Ведомствода дерегінше, Facebook компаниясы 4,75 млн долларды АҚШ билігіне төлейді. Ал қалған бөлігін, яғни, 9,5 млн долларды зардап шеккен жұмыс іздеген азаматтарға береді.

Бұл іс қалай басталды?

АҚШ әкімшілігі өткен жылдың соңында, яғни, Дональд Трамп билігінің соңғы айында IT-компанияға қарсы сот ісін қозғаған. Әділет министрлігінің айыптауына сәйкес, Facebook 2018 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың қыркүйегіне дейін визасы бар шетелдік мамандарға шамамен 2600 жұмыс орнын сақтаған. Кейін оларға АҚШ-та тұрақты түрде тұруға рұқсат сұраған.

Ведомствоның мәліметінше, компания ресми сайтында қандай мамандарды алатынын көрсетпеген. Сонымен қатар, АҚШ азаматтарын жұмысқа алудан бас тартып, H-1B визасы бар шетелдіктерді алуды жоспарлаған.

DW сайтының жазуынша, бұл лауазымда істейтіндер жылына шамамен 156 000 доллар алады. Әділет министрлігі Facebook компаниясының мұндай саясатын АҚШ азаматтарына жасалған алалаушылық деп бағалады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz