Экономиканың қалпына келуі жалғаса ма?

ЛОНДОН – Былтыр көктемнен бері пандемияның салдарынан болған құлдыраудан кейін батыс елдерінің салықтық-бюджеттік және қаржы-несиелік саясаты мен тиімді вакциналардың пайда болу ықтималдылығының арқасында экономиканың жедел қалпына келу кезеңі басталатыны белгілі болды. Төтенше жағдайда қолдануға мақұлданған жаңа вакциналар туралы ғылыми дәйектер көбейген сайын (әсіресе, жыл басында) барлық сала қалпына келе бастайды деген ықтималдылық та артты.

Жоғарыда айтқанымдай, жиілігі жоғары, сенімді, циклдық индикаторлардың бәрі жағдайдың қалпына келе бастағанын көрсетеді. Бұл процесс Қытайда басталып, кейін АҚШ, Ұлыбритания мен құрлықтық Еуропада байқала бастады. Оңтүстік Кореяның сауда көлемі туралы соңғы айдағы деректер (осы айдың басында жарияланды) бұл тенденцияны одан әрі күшейтіп отыр. Бұл деректерге сәйкес, Оңтүстік Кореяда бір айдағы сауда көлемі өткен жылдың он екі айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 40% өскен, бұл – кейінгі онжылдықта тіркелген ең жоғарғы өсім. Жылдық көрсеткішке 2020 жылы сәуірде тіркелген нашар нәтиже әсер еткенімен, ғаламдық сауданың біртіндеп қалпына келе бастағанын байқауға болады.

Осы айда АҚШ-та жарияланған жиілігі жоғары индикаторларға сәйкес, сәуір айындағы жалақы мөлшері мен менеджерлер арасында жүргізілген тауар сатып алу жөніндегі сауалнама қорытындысы күтілген нәтижелерге сай болмай шықты. Осыған қарамастан, сауда саласын зерттейтін сарапшылардың көбі 2021 жылы жалпы ішкі өнім өседі деген ойынан бас тарта қойған жоқ. Ары қарай не болады?

Әлемнің COVID-19 вирусы өршіп тұрған бөлігін экономиканың қалпына келу траекториясын анықтайтын маңызды факторлардың бірі деп атауға болады. Дамушы елдердің көбі әлі де пандемияның салдарынан туған қиындықтарға қарсы күресіп жатыр. Қазір Үндістан қиын жағдайда отыр, бірақ ол жалғыз емес. Ұлыбритания сияқты вакцинация жүргізуден көш бастап отырған мемлекеттердің өзі бүкіл әлем халқы вакцина салдырмайынша вирустан құтыла алмайтынын мойындауы керек. Австралия мен Жаңа Зеландияның мысалынан мемлекет шекарасын жауып, бүкіл әлемнен оқшауланса, вакцинасыз-ақ вирусты бақылауда ұстай алатынын көрдік, бірақ бұл саясатты ұзақ жалғастыру мүмкін емес.

Коронавирустың Үндістанда пайда болған B.1.617.2  деп аталатын нұсқасының Ұлыбританияда тіркелуі алдағы бірнеше аптада AstraZeneca және Pfizer вакциналарының вирустың жаңа штамдарына қарсы тиімділігі туралы маңызды дәлелдер шығатынын білдіреді. Алдағы айларда немесе жылдарда, коронавирустың жаңа нұсқаларына қарсы осындай тестілер көбеюі мүмкін.

Мұндай жағдайда экономиканың қалпына келуіне жақсы негіз бар деп айту қиын. Бірақ мен вакцинаның алдағы уақытта да тиімді болатыны туралы алдын-ала деректерге сүйеніп, әлі де үмітімді үзбеймін. Оның үстіне, биылғы жылдың екінші жартысында табысы төмен елдерге вакцина жеткізу жеделдейді.

Үнемі өзгеріске ұшырап отыратын вирустан басқа қаржылық шарттардың қатаңдауымен байланысты тағы бір қауіп бар. Бұл айда экономиканың циклдық қалпына келуінің кері салдарынан инфляция болады деп күтіліп, “мамырда сатып, кетіп қал” деген инвестициялық мақал дәл келді. АҚШ-та сәуір айындағы тұтыну бағасы өткен жылдың он екі айымен салыстырғанда 4,2% өскен. Бұл қаржы нарығында алаңдаушылық туғызды.

АҚШ-тың федералды резерв жүйесінің өкілдері бірауыздан бағаның өсуі уақытша құбылыс екенін айтты. Бұл олардың қаржы-несие саясатындағы кез келген өзгеріске мұқият болуды жоспарлап отырғанын көрсетеді. Бірақ нарықтың көп қатысушысы федералды резерв жүйесі инфляцияны дәл болжап, қазіргі позициясынан айнымайды дегенге сенбейді.

Бұлай алаңдауға негіз бар ма? Бұл сұрақтың жауабын Мичиган университетінің инфляцияға қатысты болжамдар туралы бесжылдық зерттеуінен табуға болады. Мен бұл индикаторды бақылауға кәсіби карьерамның көп бөлігін арнадым. Федералды резерв жүйесінің шенеуніктері де көбіне осы индикаторға сілтейді, өйткені ол ұзақ уақыт бойы басқаларға қарағанда әлдеқайда тұрақты болып келді. Кейінгі кезде бұл көрсеткіш өсті, сондықтан оны мұқият бақылау керек. Бұл көрсеткіш 3% асып, қарқынды түрде өсе бастаса, федералды резерв жүйесінің де пікірі өзгереді деп ойлаймын.

Аталған екі қысқамерзімді фактордан бөлек, экономиканың қалпына келу сапасына әсер ететін құрылымдық күштер де бар. Бұл әсіресе, белгілі бір саяси шешімдер инфляция қаупін арттырған кезде мүмкін болады. Көп батыс елінде кең таралған және жеткілікті дәлелденген пікір бар. Оған сәйкес, табыс пен байлық теңсіздігі тым жоғары. Осылай халық таңдаған саясаткерлер қайта бөлу саясатын жүргізуге мәжбүрлейтін қысымға ұшырайды.

Мұндай саясат ақталады, бірақ көп елдегі өнімділікті арттыру үшін оны жақсылап дайындау керек. Әйтпесе бұл саясат қазір мемлекеттік шығындарға қатысты алаңдаушылықтан тұратын  қаржы нарығында қосымша қауіп туғызады.

2020 жылдың көктемінен бастап акциялар мен облигациялар нарығында үлкен өсім болғанын ескерсек, қазіргі тұрақсыздыққа таңғалуға болмайды. «Мамырда сат» деген мақалға ергендер енді күздегі St. Leger Stakes аттар жарысын күтеді. Жоғарыда аталған мақалға сәйкес, сол кезде ғана тыныштық орнайды.

Экономиканың қалпына келуі жалғаса ма?

Джим О’Нилл

Goldman Sachs Asset Management компаниясының бұрынғы төрағасы, Ұлыбританияның бұрынғы қаржы министрі, Chatham House талдау орталығының басшысы, Денсаулық және тұрақты даму жөніндегі панеуропалық комиссияның мүшесі.

Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz