Депутат Юрий Жулин қан айналымы аурулары туралы не деді?

9 наурызда өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Юрий Жулин Қазақстандағы қан айналымы жүйесінің аурулары және инсульт бойынша өлім-жітім саны жайында сөз қозғап, депутат сауалын жолдады. Депутаттың айтуынша, жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алады. Осы орайда Factcheck.kz сайты депутаттың мәлімдемесін тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:56:44

Бүгінде елімізде қан айналымы жүйесінің аурулары өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр.

Юрий Жулин, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, қазіргі таңда елімізде өлім-жітім бойынша қан айналымы жүйесінің аурулары расымен де бірінші орында тұр. Одан кейін “тыныс алу органдарының аурулары”, қатерлі өскіндер”, “ас-қорыту органдарының аурулары” және “жазатайым жағдайдан, уланудан, жарақаттан және тағы басқалары” кіреді.

Жыл сайын елімізде 40 мыңнан астам инсульт оқиғасы тіркеледі.

Юрий Жулин, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 6 жылдағы (2016-2021) статистиканы есепке ала отырып қарасақ, жылына орташа есеппен 60 мыңнан астам адам инсульт алады.

Соңғы 6 жылда жалпы саны 384 мың адамнан инсульт оқиғасы тіркелген.

Қазақстанда инсульттан болатын өлім-жітім мен мүгедектікті төмендету үшін 2012 жылдан бастап инсульт орталықтары дамып келеді. Бүгінде өңірлерде 71 инсульт орталығы жұмыс істейді.

Юрий Жулин, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазіргі таңда республика бойынша расымен де 71 инсульт орталығы бар.

Контекст

  • ДДСҰ-ның мәліметінше, жүрек-қан айналымы жүйесінің ауруларынан жыл сайын әлемде 17,9 млн адам өледі. Бұл бір жылдағы жалпы өлімнің 32%-ін құрайды;
  • Жүрек-қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлімнің 75%-і табысы төмен және орташа елдерде болады;
  • Жүрек-қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын жалпы өлімнің 85%-і инфаркт мен инсульттан келеді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz