Дархан Мыңбай ажырасу туралы не деді?

13 қазанда өткен мәжілістің кезекті пленарлы отырысында депутат Дархан Мыңбай соңғы жылдардағы ажырасу мәселесін көтеріп, сауал жолдады. Сауал барысында 2015-2019 жылдағы тіркелген некелер мен ажырасу санын салыстыра дерек келтіреді. Factcheck.kz аталған фактілерді тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:40:03

Отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистикалық мәліметтер бойынша, 2015-2019 жыл аралығында ажырасқан отбасылардың саны – 274,5 мыңды құрап, яғни жалпы тіркелген некелермен салыстырғанда ажырасу саны 43%-ке дейін көтерілгені байқалды.

Дархан Мыңбай, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2015-2019 жыл аралығында 709 563 неке тіркелсе, оның 274 505-і яғни 38,6%-і ажырасумен аяқталған. 2015 жылмен салыстырғанда 2019 жылы ажырасу 35,8%-тен 42,8%-ке өскен.

БІРАҚ, депутат неге 2015-2019 жж аралығындағы ғана статистиканы алғаны белгісіз. Себебі 2020 жылды қарайтын болсақ, ажырасудың 37,2% болғанын байқаймыз. Демек, тек ажырасудың өскенін ғана емес, төмендегенін де көреміз.

Ал жалпы 10 жылдық статистикаға қарасақ, 2020 жылды қоспағанда, ажырасу проценті расымен де көбейген.

Демек, орта есеппен, соңғы 5 жылда ортақ есеппен күніне 389 неке тіркелсе, 150 отбасы ажырасқан.

Дархан Мыңбай, депутат

Үкім: Шындық

Расымен де 2015-2019 жылдарды алып қарасақ орта есеппен күніне 389 неке тіркеліп, 150 отбасы ажырасқан. Ал соңғы 5 жылды алсақ (2016-2020) күніне 377 отбасы отау құрса, 147-і ажырасқан.

Ал 2019 жылы 120 мыңға жуық адам некесін бұзса, оның әрбір екіншісі яғни 60-мыңнан астамы 18-35 жасқа дейінгі жастар.

Дархан Мыңбай, депутат

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Статистика бюросының мәліметінше, 2019 жылы 119 592 адам ажырасса, оның 53 586-і 18-35 жас аралығындағы жастар.

2021 жылы 64 951 неке тіркелсе, соның 9 447 ажырасу тіркелген. (қаңтар-маусым айлары).

Дархан Мыңбай, депутат

Үкім жоқ

ҚР Статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы қаңтар-маусым айларында 64 951 неке тіркелген, оның 9 447-і ажырасумен аяқталған.

Алайда, статистикалық дерек тек АХАЖ арқылы ажырасқандардың санын көрсетеді, одан бөлек сот арқылы некесін бұзғандардың да бар екенін ұмытпаған жөн. Бұған қатысты нақты ақпарат тек келер жылы ғана жарияланатын болғандықтан, депутат сөзіне үкім қоя алмаймыз. Себебі – ақпарат әлі толық емес.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz