Беларусь: Экономикалық фактор

9 тамызда өткен сайлаудан кейін Беларусь президенті Александр Лукашенконың авторитарлы билігі келмеске кетуі мүмкін. Елде жаппай наразылық өршіп, ең маңызды  секторлардағы жұмысшылар көтеріліске шығып жатыр. Бір қызығы – егер Лукашенке биліктен кетсе, Беларусьтің толыққанды нарықтық экономика қалыптастыру мүмкіндігі өте жоғары болады.

Лукашенконың кезінде Беларусь экономикасы мемлекет үстем ететін Кеңес Одағы экономикасы типтес еді және 2012 жылдан бері тұралап қалды. 1994 жылдан бастап билікте жүрген Лукашенко президенттікте ұзағынан қалу, отбасы мен жақын достарын байытудан басқа ештеңеге басын қатырған емес. Мемлекеттік сектор тұтас экономиканың ¾ бөлігін  қамтиды, ал жалпы елдегі экономика көп жағдайда ауыр өнеркәсіпке тәуелді, тек санаулы ірі мемлекеттік кәсіпорын ғана бар. Ең маңызды бес кәсіпорын: «Беларуськалий» компаниясы, екі ірі мұнай өңдеу зауыты, Минск трактор зауыты және Минск автокөлік зауыты – барлығы субсидияланады, сондай-ақ тиімсіз болып есептеледі. Елде экономиканы реттеу қатаң түрде жүзеге асырылады.

Беларусь экономикасы бұрынғыдай Ресейге тәуелді. Сапасы төмен өндірістік өнімдері Батыста бәсекеге түсуге қабілеті жетпейді, сондықтан ол тауарларды Ресей сатып алады; ал Ресейге батыс калий тыңайтқыштары мен өңделген мұнай сатылады. Бертінге дейін Ресей Беларусь экономикасын құны оның ЖІӨ 10%-на татитын арзан энергиямен қамтамасыз ету арқылы субсидиялап келді. Алайда соңғы жылдары қос тараптың қарым-қатынасы шиеленіскен соң Кремль Лукашенко режиміне қысым көрсету үшін субсидиялардың барлығын шектеді.

Лукашенко әр белорустың орта есеппен айына 500 доллар табыс тапқанын қалайтынын айтқан. Бірақ экономиканың бұған қауқары жетпейтіндіктен, елде жиі валюта дағдарысы орын алып тұрады. 2009-2010 жылы Халықаралық валюта қоры қаржылай көмек ұсынды, бірақ Беларусь билігі келісімшартты бұзып, сол уақыттан бері қаржыландыру болған емес. 2011 жылдың соңында инфляция деңгейі 109%-ға жетіп, Лукашенкоға көмекке Ресей келді.

Содан бері Лукашенко Батыс пен Ресейден бірдей қаржылай көмек сұрап, онысы сәтсіз аяқталып жатты. Еуропалық Одақ үшін Беларусь – өте шетін мәселе. ЕО басшылары бір мезгілде Лукашенко мен оның жанындағыларды жазалау арқылы демократиялық принциптерді сақтағысы келеді; және елге ықпал етудің негізгі тетіктерін бақылауға алуға мүдделі, сол себепті де Лукашенконың Ресей президенті Владимир Путинге бағынбауы үшін барын салып тырысуда.

2016 жылы Лукашенко Беларусьтегі барлық саяси тұтқындарды азат еткен соң ЕО жеке санкцияларын алып тастады; Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі Белорусьпен арадағы қарым-қатынасты қайта жандандыра бастады. Дегенмен АҚШ Лукашенкоға қарсы санкцияларын сақтап келеді.  

Беларусь экономикасы ырықтандыру мен жекешелендіруді талап етеді. Бұл бастаманы жүзеге асыруға қажет негізгі ингредиенттердің барлығы бар. Сонымен қатар мемлекеттің активтері де жетерлік; Беларусь  Кеңестік білім жүйесінің үздік үлгісін сақтап, математика мен жаратылыстану ғылымдарының мықты мамандарын даярлайды. Авторитарлы режимге қарамастан Беларусьтен бағдарламалық қамтамасыз ету индустриясының мықты мамандары шыққан. Және олардың көпшілігі, үлкен диаспора уақыты келгенде отанына қайта оралуға дайын.

Кеңес Одағы дәуірінде Белорусь өте нәтижелі жұмыс істейтін одақтас 15 мемлекеттің бірі болды, және бұл әзірге дейін қалыпты жағдай. Себебі, Лукашенко барлық министрліктегі қабілетті технократтарға төзімділік таныта білген. Нәтижесінде бұрынғы КСРО құрамындағы кез-келген мемлекетпен салыстырғанда Беларусьте ең мықты мемлекеттік әкімшілік, оған қоса құзыретті Орталық банк пен Қаржы министрлігі бар. Мысалы, Лукашенко COVID-19 пандемиясынан мойындаудан бас тартқан кезде Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына вирусқа қатысты елдегі ахуалды  хабарлап отырды. Беларусьте нағыз саяси құлдырау бар әрі ол жүйенің ең басында шоғырланған болса керек.

Халықаралық инвесторлардың Беларусьтен ат тонын ала қашуы таң қаларлық дүние емес (Беларусь маусымның аяғында Еурооблигацияда 1,25 млрд доллар орналастыра алса да). Лукашенко халықаралық қаржыландыруды іске асыра алмағандықтан Беларусьтің жалпы мемлекеттік қарыз көлемі Қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес 18 млрд доллар немесе ЖІӨ-ің 29 % құрайды.

Жылдық инфляция көрсеткіші 5% және оның бақылауда ұсталып отыруы, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары өз жұмысын қайта жалғастырғанын ескерсек, Беларусьтің тиісті деңгейде дамыған нарықтық экономика қалыптастыруға мүмкіндігі жоғары. Жаңа басшылық сайланса, Беларусь макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін жеткілікті халықаралық қаржыландыруды тарта білуі керек; сол кезде оның жоғары білімді, тәртіпті қатаң сақтайтын жұмыс күші өз әлеуетін толық пайдалана алады. Беларусь тұтыну тауарларының шамамен 1/5 қатысты бағаны реттеуді  алып тастау мен ішкі сауданы ырықтандыру салыстырмалы түрде оңай болуы керек. Беларусьтің қуатты макроэкономикалық институттары инфляциялық қысымға төтеп бере алады.

Сонымен қатар мемлекеттік кәсіпорындарды субсидиялауды шектеу керек. Бұл мәселенің Беларусь үшін пайдалы тұсы бар, себебі өзге постсоветтік елдермен салыстырғанда республикада олигархтар жоқ және ірі кәсіп арқылы мемлекетті басып алу белгілері аз. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты шағымдардың көпшілігі Лукашенко мен оның жақын ортасына қарасты айтылады.

Алайда аталған бастапқы шарттар жекешелендіру процесін қиындатуы мүмкін, өйткені үлгі ретінде қолданылатын ірі жеке меншік компания жоқ. Егер тиімсіз қызмет атқаратын мемлекеттік кәсіпорынның басым бөлігі нарықта сатылымға түссе, Беларусь халқы тәуекел сүйгіш Ресей кәсіпкерлері нарықты өте арзан бағамен жаулап ала ма деп қауіптенеді.

Ресейдің көмірқышқыл калиін өндіретін «Уралкалий» компаниясы бұрыннан «Беларуськалий»-ді басып алғысы келеді, ал ресейлік «Роснефть» және «Лукойл» сияқты мұнай-химия алпауыттары Беларуссияның екі үлкен мұнай өңдеу зауытына көз тігіп жүр. Мұндай қауіптің барын ескерсек, ең оңтайлы шешім көптеген кәсіпорындарды жеке акция түрінде олардың қазіргі қызметкерлеріне өткізу болуы мүмкін.

Қандай шешім қабылданса да, Батыс бірлесіп әрекет етуді жалғастыруы керек. Егер Лукашенко биліктен кетсе, жаңа үкімет құрыла салысымен Беларуське Халықаралық валюта қорының бағдарламасы қажет болады. Ал Дүниежүзілік банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкі қайта реттеу және жекешелендір ісіне көмектесуі керек.

Аталған мәселеде Еуропалық Одақ та шет қалмағаны дұрыс. ЕО жаңа үкіметті Беларуське арналған Шығыс серіктестік бағдарламасы арқылы қолдап, Беларусь студенттерін Erasmus студент алмасу бағдарламасына қатысуға шақыруы керек. Ресейдің килігуін тоқтату немесе оны бейтараптандыруда мұндай бірлескен өзара азаматтық әрекеттің маңызы жоғары.

Андерс Ослунд,

Вашингтондағы Атлант кеңесінің бас ғылыми қызметкері

Соңғы шыққан кітабы: Russia’s Crony Capitalism: The Path from Market Economy to Kleptocracy.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Думан Смақов
Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы