Алматыда Oyan, Qazaqstan қозғалысының өкілдері жиналып, Арон Атабекті еске алды

28 қарашада Алматыда Абай ескерткішінің маңына Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының өкілдері жиналып, бірнеше күн бұрын қайтыс болған ақын Арон Атабекті еске алды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Алматыда Oyan, Qazaqstan қозғалысының өкілдері жиналып, Арон Атабекті еске алды
Фото: Vlast.kz, Назерке Құрманғазинова.

Белсенділер Арон Атабектің өлеңдерін оқып, “Шаңырақ ісін” қайта қарауды талап етті. Митиңге Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан да қатысты. Айдана Айдархан әкесі дамуына үлес қосқан демократия үшін күресті жалғастыруға шақырды.

Әкімдік өкілдері келіп, шараның заңсыз екенін ескерткен. Шараға жастардан бөлек, ересек буын өкілдері де келген.

Акция соңына қарай белсенділер Абай ескерткішінің алдына Атабектің суреті мен гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіз тұрды.

68 жастағы диссидент, ақын Арон Атабек 24 қарашада Алматы қаласындағы ауруханада көз жұмған. 26 қарашада оның денесі жер қойнына тапсырылды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz