Алматыда Қытай консулдығы алдында пикет өткізіп жүрген тағы бір белсенді қамалды

25 ақпанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа қатысып жүрген белсенді Марат Құрбановты 12 тәулікке қамады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Сот шешімінде Құрбановтың 23 ақпанда қолына “Қытайда 5 отбасы жоғалды” деген жазуы бар плакат ұстап, консулдық алдында Қытай геноцидіне қарсы шығып, саяси ұрандар көтергені, туыстарымен хабарласа алмай отырғанына шағымданғаны, “рұқсат етілмеген акцияға” қатысқаны жазылған. Әкімшілік кодекстің 488-бап 11-бабы бойынша айыпталған (“Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу”)Құрбанов өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Прокурор оны 20 күнге қамауды сұраған, ал судья Қасымова 12 күнге қамау туралы шешім шығарған.

Марат Құрбанов Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында. 22 қаңтар 2020 жыл.

Қытайда “негізсіз айыптармен” қамалған немесе із-түзсіз жоғалған не Қазақстанға қарай өте алмай жүрген адамдардың туыстары ақпан айының басынан бері жақындарын босатуды талап етіп, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында үздіксіз акция өткізе бастаған. Бұған дейін сот наразылардың бірі, Қытай түрмесінде отырған бауырын босатуды талап еткен белсенді Байболат Күнболатұлын 10 тәулікке қамаған.

Марат Құрбанов та шамамен екі жылдан бері Қытайда қалған туыстарына іздеу салып, жиі пикет өткізіп келе жатқан белсенді. Ол бұған дейін Шыңжаңдағы туыстарын “қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне” қамаған болуы мүмкін деп топшылаған еді.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді “терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық” деп сипаттаған.

БҰҰ “Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр” деп мәлімдеген. Қамау орындарының ұлғайғаны, Қытайда негізсіз айыптармен сотталғандардың көбейгені жайлы зерттеулер жиі жарияланып тұрады. Құқық қорғаушылар мен тұтқында болғандар “лагерьлердегі азаптаулар” мен өзге де адам құқығын өрескел бұзу фактілер туралы талай куәлік берген.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.