Адамдардың 80%-ы коронавирустан өлетіні рас па?

3 шілдеде «Московский комсомолец» (ары қарай МК) басылымында «Ғалымдардың сұмдық болжамы: коронавирустан адамзаттың 80%-ы қайтыс болады» (архив) деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақала авторы The Guardian-ға сілтеме жасай отырып, COVID-19-ға қарсы ұзақ мерзімді иммунитет тұрғындардың 17%-ында ғана қалыптасады, яғни басқалары жан тапсырғанша ауырады деп жазған.

«Московский комсомолец» сайтынан скриншот

Жаңалықты басқа да ресурстар жариялай бастады.

Үкім: Фейк

The Guardian мақаласының мазмұны бұрмаланған, ешкім адамзаттың 80%-ы коронавирустан қайтыс болады деп жазбаған. Мақалада Лондон Корольдік колледжінің ғылыми жұмысы келтірілген. Олардың айтуынша, COVID-19-ға қарсы иммунитет алғашқы симптомдар пайда болғаннан соң бірнеше айдан кейін жоғалып кетуі мүмкін. Ғылыми мақаланың өзі препринт қана, яғни әзірге рецензиялау процесінен өтпеген. МК мақаласының көп бөлігі спекуляциялық пікірлерден құралған.

Толығырақ

The Guardian мақаласында Лондон Корольдік колледжінің жаңа ұзақ мерзімді зерттеуінің нәтижесін келтірген. Ғалымдар 90-нан астам науқас пен Гай және Сент-Томас Денсаулық сақтау қорындағы жұмысшылардың иммундық жауабын сараптады. Олар вирусты жоюға қабілетті антидене мөлшері алғашқы симптомдар пайда болғаннан кейін шамамен үш аптадан соң өзінің ең жоғары дәрежесіне жетіп, содан кейін күрт төмендеп кететінін анықтаған.

Қан талдаулары көрсеткендей, вируспен күрес қызған шақта 60% адамдарда күшті антидене түзіліп отырған, бірақ үш айдан кейін олардың тек 17%-ы осындай қуаттылығын сақтап қалды. Антидене мөлшері осы кезеңде 23 есе төмендеген. Кей жағдайларда оларды тіпті анықтау мүмкін болмаған.

«Адамдар вирусқа қарсы антидененің жүйелі жауабын түзеді, бірақ ол қысқа мерзімде азайып кетеді. Сіздің ең жоғары дәрежеңіздің (пик) қандай екені антидененің қаншалықты ұзақ сақталатынын анықтайды», деді зерттеудің жетекші авторы, доктор Кэти Дурс.

Осыған қарай, МК егер 17% адамдар ғана антидененің бұрынғы мөлшерін сақтап қала алса, қалған 83%-ы қайтыс болады деп шешіпті.

Жалпы зерттеу нәтижелері егер антидене коронавирустан қорғайтын негізгі құрал болса, адамдар маусымдық толқын кездерінде вирус жұқтырып алады және вакцина ұзақ уақыт қорғай алмайтынын көрсеткен. Не болмаса, вакцинациялаудың бір кезеңі жеткіліксіз болуы мүмкін делінген.

МК бұл сөйлемнің өңін өзгертіп, вакцинация жасаудың мәні қалмайтынын және ұжымдық иммунитет те қалыптаспайтынын жазып, тіпті оны зерттеу авторы айтты деп көрсеткен (Кэти Дурс мұндай пікір айтпаған!). МК мұны былайша түсіндіреді:

Бұл теорияның дәлелі қане? Жақында Ухань вирусология институтының ғалымдары COVID-19-бен ауырып шыққан науқастардың иммунитетінде ұзақ мерзімді іркіліс пайда болғанын анықтады. Медицина қызметкерлері иммунитетке жауап беретін лимфоциттерге – қан жасушаларына коронавирустың қалай әсер ететінін зерттеді. Нәтижесінде, лимфопения (қандағы лимфоцит мөлшерінің уақытша немесе тұрақты төмендеуі) COVID-19-дың қалыпты симптомдарының бірі екені анықталды.

«Московский комсомолец»

Үкім: Манипуляция

Жоғарыда айтылған зерттеу, шын мәнінде бар. Бірақ ол да препринт қана. Яғни, зерттеу әзірге ештеңені дәлелдемейді, қытайлық ғалымдардың өздері вакцинация мен ұжымдық иммунитетке қатысты қорытынды шығаруға асықпайды.

Препринттер туралы

Корольдік колледж зерттеуі – симптомдар пайда болғаннан кейін үш ай ішінде науқастар мен аурухана жұмысшыларындағы антидене мөлшеріне мониторинг жасаған алғашқы жұмыс. Дегенмен, шешім шығаруға әлі ерте. Бұл зерттеу де уханьдық зерттеу секілді ғылыми мақалалардың препринт базасы – medRxiv.org сайтында жарияланды.

«Препринт» дегеніміз – академиялық журналда жарияланбаған және сарапшы бағалауынан өтпеген ғылыми мақала. Мұндай мақалалар базалық іріктеуден өтеді, бірақ рецензияланбайды. Мақалада көшірме, біреуге тіл тигізу және ғылыми емес контент, сонымен қатар денсаулыққа қауіп төндіретін ақпарат жоқ екенін тексереді. Бірақ мақаладағы қорытынды – алдын ала жасалған және таза теориялық пікірлер.

Препринттер туралы толығырақ мақаламыздан оқи аласыздар.

Тағы бірнеше пікірді қарастырайық

Яғни, ештеңе өзгермесе, алдағы ондаған жылда коронавирустан Жер шаршы тұрғындарының көп бөлігі қайтыс болады. Кезінде обадан қайтыс болған тәрізді. Жоқ, адамдар бір сәтте мерт болмайды, бірақ эпидемия кезекті рет тараған сайын қарсы тұру қабілеті әлсірей береді, иммундық жүйе қалыпқа келе алмайды, ал өкпені фиброзды тін баса бастайды.

«Московский комсомолец»

Үкім: Манипуляция

Автордың мұндай қорытындыға қалай келгені түсініксіз, бірақ жоғарыда зерттеу туралы мәліметтерден көріп отырғанымыздай, оның айтып отырғанының барлығы – тұнып тұрған спекуляция.

«Егер жұқтыру жылына бір рет немесе тіпті екі рет болса, 10 жылдан кейін тұрғындардың ұзақ мерзімді иммунитет қалыптаспаған бөлігі көз жұмады.

«Московский комсомолец»

Үкім: Жалған

Ағылшын ғалымдарының мақаласында мұндай пікір жоқ.

«Қайта жұқтыру туралы сұрақ әлі де өзекті: әлемде коронавирустан жазылып шыққан адамдардың қайта инфекцияға шалдыққан кездері кездескен. Бірақ олар вирусты жаңадан жұқтырды ма, әлде кетіп үлгермеген бұрынғы вирус па, белгісіз.  

«Московский комсомолец»

Үкім: Шындық

BBC мақаласында пандемияның алғашқы кезеңінде қайта жұқтыру оқиғалары тіркелгені хабарланған, бірақ ғылыми қоғам ол кезде тест нәтижесі дұрыс болмаған деген қорытындыға келді. Соған қарамастан, COVID-19-ды қайта жұқтыру туралы ғылыми кейстер жарық көрді. Әзірге адамның екі рет сырқаттануы мүмкін емес деген дәлел жоқ.

«Бұл соңғы жарты жылда көбейген коронавирус туралы кезекті қорқынышты әңгіме екенінің бірі екеніне сенгіміз келеді», делінген МК мақаласында. Бұл қорқынышты әңгімені өздері құрастырғанын ескерсек – өте күлкілі.

Медет Есимханов
Журналист Factcheck.kz. Изучал международные отношения и государственную политику.