5-ке толдық | Factcheck.kz ұсынған керекті 5 құрал

2022 жылдың 11 мамырында Орталық Азиядағы тұңғыш фактчекиң ресурсы — Factcheck.kz-ке 5 жыл толды. Жалған ақпарат, манипуляция және пропагандамен күресіп келе жатқан сайт осы уақыт аралығында жүздеген жалған деректі әшкереледі.

Тек қана әшкере қылып қана қоймай, сондай-ақ журналистер, блогерлер мен қоғам белсенділеріне жүздеген дәріс те өткіздік. Ақпараттың ара-жігін анықтауды үйрету мақсатында тұңғыш рет Online Factcheck Academy курсын дайындап, серіктестеріміздің қолдауымен жыл сайын өткізіп келеміз. Бүгін сол дәрістерде айтылған құралдардың жаңадан бастаған фактчекер-журналист үшін қажет болады-ау деген негізгі бесеуіне тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, кеттік…

InVid верификация плагині

Құралдардың ішіндегі ең маңызды әрі ең қолжетімдісі — Invid верификация плагині. Медиа саласында қызмет етіп жүрген журналистерден бастап қарапайым қолданушыға дейін пайдалануға болады. Плагинді Chrome немесе Fire Fox браузеріне орнатсаңыз болғаны. Ары қарай оп-оңай: видео, сурет және кейбір әлеуметтік желілерде кеңінен іздеуге мүмкіндік бар. Google мен Yandex-тен бөлек Bing, Tineye, Baidu және Reddit сайттарынан ақпарат қарап, фото не видеоның түпнұсқасын табуға көмектеседі. Сонымен қатар, Facebook пен Twitter желілерінде жарық көрген бұрынғы ақпаратты да табуға болады.

Плагиннің ішінде Tutorial бөлігі арқылы іздеу жүйесін үйреніп алсаңыз болады. Негізгі тілі — ағылшын, дегенмен Google аударма арқылы керекті тіліңізге аударып ала аласыз.

Open-base.newreporter.org

АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaNet халықаралық журналистика орталы мен Internews ұйымы бірлесіп жасаған деректерді іздеу жүйесі. Іздеуге болатын 15 дереккөзді (фильтр) біріктірген сайт. Артықшылығы сол ешқандай да сайтқа тіркелуді қажет етпейді әрі тегін. Кез келен уақытта пайдалана аласыз. Сондай-ақ, кілт сөздер арқылы іздеуге әрі керекті ақпаратты лезде табуға болады.

Цифрлы із қалдырмайсыз, ақы төлемейсіз әрі қауіпсіз, бұдан артық не керек, ә?

Google, Yandex image search

Интернетте кез келген ақпаратты іздегенде Google не Yandex браузерлеріне жүгінетініміз анық. Ал енді осы браузерде тек жазбаша іздеуден бөлек сурет түрінде ақпаратты тауып көруге болады. Мысалы, күдік тудырған суреттің түпнұсқасын не алғаш қашан және қайда жарияланғанын анықтай аламыз. Осы арқылы резонанс тудырған кейбір фотоның не видео-скриннің алғашқы дереккөзін тауып, талай фейкті анықтадық. Сіз де қолданып көріңіз.

Сонымен қатар, Photo және face Sherlock мобилді бағдарлама арқылы да дәл осы функцияларды жасауға болады. Телефонға арналған версиясын Android және IOS-қа жүктей аласыз.

Ps.kz және Who.is сайттары

Әлеуметтік желілерде, әсіресе WhatsApp-та халықты алдайтын әрі түсініксіз сілтемелер өте көп. Танымал компанияның не брендтің атын жамылған түрлі хаттар халықты қақпанға түсіру үшін сілтеме беріп, соған кіргізіп, дербес деректерді жинайды. Сұрақтары да қарапайым әрі жауап беруге оңай. Ал сол түсініксіз сайттарды қалай тексеруге болады? Қазақстандық Ps.kz домендерді тіркеу сервисі және халықаралық Who.is сайты арқылы сілтемелердегі мекенжай қашан әрі кімнің атына тіркелгенін толығымен қарай аласыз. Қандай да бір түсініксіз сайттың артында кім тұрғанын да білуге болады.

Егер де домен бос болмаса ол қашан, қандай мекенжайға тіркелгенін әрі тіркеушінің телефон нөмірін білуге болады. «Алаяқ сайттар» көбіне 1-2 ай бұрын ашылып және өзінің «жұмысын бітірген соң» өшіріледі.

Deepware.ai дипфейк анықтау сайты

Кейінгі жылдары танымал бола бастаған «дипфейк» термині соның бір дәлелі. Дипфейктің құдіреті сол, оны көрген адам рас-өтірігін ажырата алмай қалады. Себебі видеодағы адамның бет-бейнесі, даусы, тіпті мимикасы да жасанды интеллектің көмегімен дәл түпнұсқадан аудырмай жасалады. Көпшілік алдында жүрген адамдардың дипфейк видеоларын манипуляция ретінде жиі пайдаланады. Дәл осындай қиын фейк түрін анықтау үшін көмекке Deepware.ai келеді. Бұл құрал жасанды интеллект арқылы видеода дипфейк-технология бар ма, бар болса қай тұста екенін анықтап, тексереді.

Дегенмен, біз қандай мықты сервис не ресурс жасасақ та, ең бастығ ең ұтқыр құрал — адамның сыни ойлауы болмақ. Себебі, сіз осы арқылы кез келген ақпаратқа күмәнмен қарайсыз әрі оның ақ-қарасын анықтауға талпынасыз. Шындыққа әркімнің-ақ таласы бар және оны іздегенде біздің сайтты, біз ұсынған құралдарды ұмытып кетпеңіз…

Біздің ең ғажап оқырмандарымыз!
5 жыл бойы бізді оқып, ақпаратымызбен бөлісіп, басымызға күн туғанда бізді қолдап, жақтағандарыңыз үшін рахмет! Біз сіздермен мақтанамыз, Сіздер бізбен мақтанарлықтай еңбек етуге тырысамыз! Бәріміз жалған ақпаратқа, фейкке, манипуляцияға, қастандық теориясына қарсы тұрайық!

Жансерік Тілеухан
Журналист-фактчекер, медиа-тренер, СДУ түлегі, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-монитор