27.11 | Үндістандағы фермерлер митингі, “Қара жұма” қарсаңындағы ескерту, Facebook Ресейге не үшін айыппұл төледі?

Facebook Ресейге айыппұл төледі

Facebook дербес деректер туралы заңды бұзғаны үшін Мәскеудегі Таган ауданының дүниежүзілік соты салған 4 миллион рубль (шамамен 22 миллион теңгеден астам — ред.) айыппұлын төледі. Бұл туралы ТАСС сайты хабарлады.

Биыл 13 ақпанда Таган ауданының әлемдік учаскесі Twitter мен Facebook-ті Ресей Федерациясының дербес деректеріне қатысты заңнамасын бұзды (әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 13.11-бабының 8-бөлігі) деп үкім шығарды.

2015 жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енген Ресейдің «Дербес деректер туралы» заңында әлеуметтік желі қолданушылар жайлы ақпарат Ресейде сақталуы керек екені айтылған.

Нью-Делиде фермерлер митингке шықты

Үндістан астанасы Делиде полиция фермерлердің демонстрациясын тоқтату үшін штат шекарасында водомет пен газ қолданып жатыр. Нью-Делидегі наразылыққа бара жатқан фермерлер ауыл шаруашылығына байланысты қабылданған заңға наразы. Бұл туралы Indian Express сайты хабарлады.

27.11 | Үндістандағы фермерлер митингі, "Қара жұма" қарсаңындағы ескерту, Facebook Ресейге не үшін айыппұл төледі?
Полиция Делиге келе жатқан наразылық білдірушілерге водомет қолданып жатыр. Фото: АР

Жаңа заң жобаларына сәйкес, фермер компаниямен дақылдарды алдын-ала келісілген бағамен сатуға келісім жасай алады. Сонымен бірге, фермерлерге өнімдерін мемлекеттен тыс жерлерде сатуға рұқсат етіледі.

Оппозиция жетекшілері мен фермерлік ұйымдар жаңа заңның астықты келісілген бағамен сатып алудың қазіргі жүйесін тоқтатып, шаруа қожалықтарын ірі корпорациялардың қолына өтетінін айтады.

Полиция наразылық білдірушілерге Делиде коронавирустың таралуына байланысты кез-келген митингке тыйым салынғанын хабарлады.

Қазақстандықтарға “Қара жұма” қарсаңында ескерту жасалды

Компьютерлік оқиғаларға байланысты жауап беретін KZ-CERT қызметі қазақстандықтарды «қара жұма» қарсаңында алаяқтардың белсенділігі туралы ескертті. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлады.

KZ-CERT қызметі онлайн-дүкенді жиі қолданатындар үшін мынадай ұсыныс тізімін жариялады.

  • Жалған интернет-ресурсқа алданбас үшін, танымал интернет-дүкендерден сатып алыңыз. Дүкен туралы пікірлерді ақпарат көзінен емес, интернеттен іздеңіз. Соныен бірге, доменге аса мән беріңіз.
  • Төлем туралы ақпаратты қорғаңыз. Мысалы, сіз белгілі бір соманы жұмсауды жоспарлап отырсаңыз, барлық ақшаны жоғалтпау үшін төлем жасайтын сомаға дейін шектеу қойыңыз.
  • Аккаунттағы ақпараттар мен паролді барынша қорғаңыз.
  • Ашық Wi-Fi желілеріне қосылмаңыз. Wi-Fi арқылы алаяқтар жеке деректеріңіз туралы ақпаратты алуы мүмкін.
  • Электрондық поштаны сілтемесі бар хабарлама келсе, әйгілі интернет-дүкеннен келген болса да, барынша абай болыңыз. Кейде жалған электронды хаттар мен сайттар оригинал сайттардың дизайнын қайталап жатады. Мұндай кезде гиперсілтеме арқылы ажырата аласыз.

Сарапшылар интернеттегі алаяқтардан қорғанудың 100 пайыз әсер ететін алгоритмнің жоқ екенін хабарлады. Алайда, көп нәрсенің пайдаланушыларға да байланысты екенін ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда «Қара жұма» 27 қараша мен 1 желтоқсан аралығы өтеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz