24.11 | Туиттердің фейкпен күресі, Франциядағы митинг, БҰҰ Біләштің заңсыз ұсталғанын хабарлады

Туиттердің фейк ақпаратпен күресуі

Туиттер манипуляция мен жалған ақпаратқа қарсы күресу үшін жаңа функциясын іске қосты. Бұл туралы желі әкімшілігі хабарлады.

Енді желідегі посттарға лайк басар алдында күмәнді контент екені ескертіледі. Мұндай ескерту көбінесе сайлауға қатысты және коронавирус туралы посттарда көрсетілетін болады.

Бұған дейін Twitter жалған ақпаратқа қарсы күресу үшін саясатын айтарлықтай жаңартқанын хабарлаған еді. АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде (27 қазан мен 11 қараша аралығы) желі әкімшілігі 300 000-ға жуық жазбаны «дау тудыратын» және «адастыруы мүмкін» деп белгілеген.

Бұл сайлау кезінде жарияланған барлық посттың 2,2 пайызын құраған.

Францияда митинг өтіп жатыр

Франция қалаларында “жаһандық қауіпсіздік туралы” заң жобасын қабылдауға қарсы митинг өтті. Заң жобасында құқық қорғау органдар қызметкерлерінің суретін таратуға тыйым салуды қарастырылған. Бұл туралы Халықаралық Франция радиосы хабарлады.

“Жаһандық қауіпсіздік туралы” заң жобасының 24-бабында 1 жылға дейін түрмеге отыру және 45 000 евроға дейін айыппұл қарастырылған. Мұндай жаза полиция қызметкерлеріне физикалық немесе психикалық қол сұғылмаушылығына нұқсан келтіруге негізделген болса, сонымен бірге, жұмыс уақытында суретке түсірген кезде қолданылады. 20 қарашада депутаттар осы бапты қабылдауға дауыс берген еді.

Адам құқықтары жөніндегі көптеген ұйымдар, сонымен бірге, Адам құқықтары лигасы (LDH) және журналистік одақтар француздарды наразылық акциясына қатысуға шақырды.

Митинг Парижден бөлек Марсельде, Ниццада, Лильде, Монпельеде, Руанда, Страсбургта, Сент-Этьенде, Пуатье және т.б. қалаларда өтті.

БҰҰ жұмыс тобы Серікжан Біләштің заңсыз ұсталғанын растады

БҰҰ-ның жұмыс тобы 2019 жылы наурыз айында “әлеуметтік алауыздық қоздыру” бабы бойынша ұсталып, 5 ай үйқамақта болған тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ісін қарап, оның заңсыз ұсталғанын растады. Шыңжаңдағы қазақтардың құқығын қорғаумен танылған белсендінің ісіне байланысты жұмыс тобының шешімін 23 қарашада әлемдегі ар-ұждан тұтқындарының құқықтарын қорғаумен айналысатын америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымына сілтеп, Азаттық радиосы хабарлады.

24.11 | Туиттердің фейкпен күресі, Франциядағы митинг, БҰҰ Біләштің заңсыз ұсталғанын хабарлады
Серікжан Біләш. Фото: Азаттық радиосы

БҰҰ жұмыс тобының анықтамасында Қазақстан билігі Біләшті “еркін пікір айту мен жиналу құқығын жүзеге асырғаны үшін” қудалады деп жазылған. Жұмыс тобының пікірінше, оған тағылған 174-бапқа “қажетті дәрежеде құқықтық айқындық” жетіспейді және ауқымы кең. Жұмыс тобы бұл Біләшті ұстауға “құқықтық негіз бола алмаған” деген қорытындыға келген.

46 жастағы Серікжан Біләш Қазақстанға Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінен көшіп келген. Ол былтыр наурыз айында Алматыдағы қонақ үйде ұсталып, ізінше Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Ол жақта үйқамақта 5 айдан астам уақыт отырды.

Бұл сот ел ішінде және халықаралық қауымдастықтың назарын аударған. Құқық қорғаушылар “билік Біләшті жауапқа тарту арқылы Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр” деп сынаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz