2020 жылы Алматыда қылмыс саны азайды ма?

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков және Палата депутаты Сәуле Айтпаева мен Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қаласының прокуратурасына барды. Қаланың полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов шаһардағы қылмыс ахуалы туралы баяндады. Factcheck.kz оның сөздері қаншалықты шын екенін тексерді.

Қабылданған шаралардың [модульді стационарлық полиция бекеттерін орналастыруды меңзесе керек-ред.] арқасында 2020 жылы мегаполистегі қылмыс 47,8 пайызға қысқарды.

Алматы қаласы прокуратурасы

Үкім: Шындық, бірақ…

ҚР Бас прокуратурасының Құқық статистикасы және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті дерегіне сай, 2019 жылы барлығы 54 315 қылмыс тіркелген, 2020 жылы бұл көрсеткіш 28 672 болған. Тиісінше, қылмыс саны 47,3%-ке азайғанын көреміз.

Алайда жалпы көрсеткіш кемігенімен, ауыр және аса ауыр қылмыс саны артқан: 2019 жылы 169, 2020-да 200 аса ауыр қылмыс тіркелген. Ауыр қылмыс бойынша 2019-да 5 529, 2020-да 7 185 қылмыс тіркелді. Яғни, қылмыс көрсеткішін кеміді дегенде, ауыр және аса ауыр қылмыстың артқанын ұмытпаған жөн.

Жалпы Алматы қаласында 100 000 адамға шаққандағы қылмыс көрсеткіші 2019 жылы 2 928-ге жетсе, ал 2020 жылы 1 495 болған.

Көшедегі қылмыстар 4,2 пайызға төмендеді.

Алматы қаласы прокуратурасы

Үкім: Техникалық қате

Құқық статистикасы және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті дерегіне сай, 2019 жылы көшеде жасалған 22 179, 2020 жылы 5 278 қылмыс тіркелген. Яғни 76,2%-ке төмендегенін көруге болады.

Көшедегі қылмыс көрсеткіші 2019 жылы 100 000 адамға шаққанда 1 195,8 болған. Бұл сан 2020 жылы 275,3 деген көрсеткішке жеткен.

Алайда былтыр Алматы полициясының жақсы көрсеткішпен шығуына карантиннің қолғабыс болғанын ұмытпаған жөн. Себебі қалада 2020 жылы қаңтар-ақпан айларында (қатаң карантинге дейінгі кезең) 7 930 қылмыс тіркелген. 2019 жылы дәл сол уақыт аралығында 11 112 қылмыс тіркелді. Яғни сол кезде қылмыс көрсеткіші тек 28,7%-ке төмендеді. Ал көктемдегі қатаң шектеу болған айлардағы көрсеткіш мүлдем басқа.

Мұндай құбылысты Қазақстаннан бойынша және Астана мен Шымкенттен де байқаймыз. Сандарды төменне қараңыз.

Жоғарыда келтірген статистика Ішкі істер министрлігінің жетістігі деп қарастыруға келе ме, яки коронавирус пен шектеу шараларының нәтижесі ме? БҰҰ қылмысқа қатысты жариялаған шағын шолуында әр түрлі шектеуге байланысты әлемде қылмыстың азайғанын жазған. Әлбетте, шолуда коронавирустың жаһандық әсері талданған дей алмасақ та, құжатта бірқатар деректер келтірілген. Мысалы, көптеген елде ұрлық 50%-ке төмендегені, көрсеткіш шектеу шараларының қатаң-жұмсақтығына қарай өзгермелі болғаны айтылады. Ал адам өлтіру фактісі бір елдерде қысқа мерзімге 25%-ке төмендесе, басқаларында пандемияға дейінгі кездегі көрсеткіштен айтарлықтай ерекшеленбеген. Алайда карантин шаралары тоқтаған соң, қылмыс саны бұрынғы қалпына қайта келгені байқалған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz