Жедел-жәрдем түнде келмей ме?

Наурыздың соңында әлеуметтік желілер мен түрлі парақшаларда “Жедел-жәрдем енді тәулік бойы жұмыс істемейді” десе кейбір жерде “2027 жылдан бастап түнде келмейді” деген тақырыптарда ақпарат тарап, халықты біраз әбігерге салды (1,2,3,4,5). ДСМ-нің жаңа бұйрығына сәйкес, Қазақстанда жедел-жәрдем жұмысының ережелеріне өзгеріс енгізеді және тәулік бойы қызмет көрсетілмейді, яғни кез келген шақыртуға келмейді. Ақпарат қаншалықты рас, Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Жедел-жәрдем енді тәулік бойы жұмыс істемейді

Үкім: Манипуляция

ҚР ДСМ жедел медициналық қызмет көрсету бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, 7 сәуірде ресми тіркеді. Бұйрыққа сәйкес, енді 4-санатқа кіретін адамдардың шақыртуына жұмыс күні таңғы 8:00-19:00 және сенбі 8:00-12:00 аралығында емхана жанындағы мобильді бригадалар барады. Қалған уақыттарда жедел-жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, барлық жағдайда да 103 нөмірі 24/7 жұмыс істейді. Ал өзгерістер мен толықтырулар 1 мамырдан бастап ресми қолданысқа енгізіледі.

Жедел медициналық жәрдем – өмірге қатер төндіретін жіті аурулар мен жай-күйлер кезінде, сондай-ақ оқиға орнында және (немесе) медициналық ұйымға бару жолында денсаулыққа елеулі зиянды болғызбау үшін шұғыл және кезек күттірмейтін нысандағы медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі;

Мобильді бригада – бұл инфекциялық және басқа аурулар кезінде азаматтарға медициналық қызмет көрсетуге бағытталған МСАК мамандарының үйде қызмет көрсету жұмысының нысаны”.

Ал “2027 жылдан бастап” деген ақпарат қайдан шықты? Бұл туралы жаңалықтар ең алғаш 26 наурызда тарай бастады. Себебі сол күні Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы мәжіліс депутаттарына МӘМС жүйесі бойынша түзетілер енгізу туралы заң жобасын таныстырған болатын. Депутат Бексұлтан Құдайбергеннің сұрағына жауап бере келе, жедел-жәрдем қызметінің өмірге қауіп төнген кейбір жағдайларда кешігіп жататынын атап өтті. Сол үшін де медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру үшін арнайы норма жасап жатқанын және ол 2027 жылдан бастап іске қосылатынын жеткізді.

Бұл туралы ДСМ пікір сұраған едік, медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Әсел Қазбекқызы былай деп жауап берді:

2027 жылғы медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру шеңберіндегі өзгерістер, яғни медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметіне қатысты. Ал 1 мамырдан бастап енгізілетін жедел жәрдем қызметіндегі өзгерістер емхана жанынан құрылған 4-санаттағы бригадалар жұмысына қатысты екендігін хабарлаймыз.

Әсел Қыдыралиева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz