Зеленский президент сайлауын өткізуден бас тартты ма?

23 маусымда Украина президенті Владимир Зеленскийдің BBC-ге берген сұхбатында қазіргі әскери жағдай және Ресеймен келіссөз жүргізу мәселелері, 2024 жылғы президент сайлауы жайында әңгіме қозғалған болатын. Зеленскийдің жауабы көптеген ресейлік медиада “Зеленский сайлау өткізуден бас тартты” деген сарында тарап, бұл әрекетін автократия апарар жол деп бағалады (1,2,3,4). Қазіргі соғыс жағдайында Украинада президент сайлауын өткізуге бола ма? Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Тайм-код: 30:50

Владимир Зеленский президент сайлауын өткізуден бас тартты.

Ресейлік медиадағы ақпарат

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, Зеленский сұхбат барысында сайлаудан бас тарту туралы сөз қозғамады. Заң бойынша сайлаудың бейбіт уақытта өткізілетінін айтып, келер жылғы сайлауға дейін бейбітшілік орнауын тіледі. Екіншіден, “Соғыс жағдайындағы құқықтық режим туралы” заңының 11-бап, 3-тармағына сай, соғыс кезінде Украина президентінің өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда, оның өкілеттігі соғыс жағдайы тоқтап, жаңадан сайланған президент қызметке кіріскенге дейін жалғасады. Яғни, сайлаудың қашан болатынын Зеленский шешпейді.

Сонымен қатар, осы заңның 19-бабында соғыс жағдайында президент сайлауынан бөлек Украина және Қырым Автономиялық Республикасының (ҚАР) Конституциясын өзгертуге, Украина және ҚАР Жоғарғы Радасының, жергілікті өзін өзі басқару органдарының сайлауын және жалпы украиналық және жергілікті референдум өткізуге тыйым салынған. Украина Жоғарғы Радасы 20 мамырда елдегі соғыс жағдайының тағы 90 күнге ұзартқан.

Контекст

  • Владимир Зеленский 2019 жылдың 21 сәуірінде өткен кезекті сайлауда дауыс берушілердің 73,22% қолдауымен Украина президенті болды. Ал 20 мамырда Украина халқының алдында мемлекет басшысы ретінде ант берді;
  • “Украина Президентін сайлау туралы” заңның 10-бабына сәйкес, кезекті сайлау Украина президентінің өкілеттік мерзімі аяқталатын бесінші жылы қазан айының соңғы жексенбісінде өтеді;
  • Украина президенті В.Зеленскийдің “Украинада соғыс жағдайын енгізу туралы” алғашқы жарлығы 2022 жылы 24 ақпанда күшіне енген.

Материалды дайындаған: Шынар Төлеухан

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz