Венгрияда балалы әйелдер өмір бойына салықтан босатыла ма?

Кейінгі бірнеше күнде түрлі сайттар мен парақшалар “Венгрияда балалы әйелдер үшін табыс салығы алынып тасталды” деген тақырыпта ақпаратты жарыса жазып жатыр (1, 2, 3, 4). Жаңалықта бір баласы бар әйелдер 30 жасқа толғанша табыс салығынан босатылады, ал екі не одан көп балалы әйелдер өмір бойына салық төлемейтіні жазылған. Factcheck.kz деректі тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Венгрияда балалы әйелдер үшін табыс салығы жойылады.

Үкім: Шындыққа жақын

Венгрияда балалы әйелдерден табыс салығын алып тастау процесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезең сонау 2020 жылы басталған, ол кезде төрт және одан көп балалы аналар табыс салығынан өмір бойына босатылды. Ұлттық экономика министрі Нодь Мартон соның жалғасы ретінде 1 қазаннан бастап үш балалы аналар салықтан босатылатынын мәлімдеді.

Ал екі баласы бар 40 жасқа дейінгі аналар 2026 жылдың 1 қазанынан бастап, 50 жасқа дейінгідер 2027 жылы, 60 жас – 2028 жылы және 60-тан жоғары екі баласы бар аналар 2029 жылдан бастап салықтан түбегейлі босатылады. Сондай-ақ бір баласы бар 30 жасқа дейінгі аналар да салық төлемеуге құқылы.

Венгрияда балалы әйелдер өмір бойына салықтан босатыла ма?

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан 24 ақпанда парламент депутаттарымен кездесу өткізді. Жиында Венгрияда кейінгі жылдары туу көрсеткіші азайып бара жатқанын айтып, балалы аналарды салықтан босату жүйесін енгізу – басты мақсат екенін атап өтті. Eurostat-тың дерегінше, 2023 жылы Венгрияда туу коэффициенті 1,55 болған. Дегенмен бұл Еуроодақ елдерінде жоғарғы көрсеткіш (Болгария – 1,81 және Франция – 1,66). Венгрияда туу көрсеткіші кейінгі бірнеше жылда төмендегенімен (2021 – 1,61 және 2022 – 1,56) жалпы онжылдықта өскенін байқаймыз (2013 – 1,35). Сондай-ақ Мажарстанда алғашқы баласын туғандағы әйелдің орташа жасы – 28,8 жас. 2024 жылғы дерек бойынша, Венгрияның халқы – 9,5 млн адам, оның ішінде еркек – 4,6 млн, әйел – 4,9 млн.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz