Си Цзиньпиннің Қазақстан мен Қытайға қатысты мақаласын талдайық

UPD 05.07.2024: Материалға Си Цзиньпиннің шекарадан өткен адамдар туралы мәлімдемесі мен оның үкімі қосылды.

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин 2 шілдеде Қазақстанға келе жатқан тұста, Kazpravda.kz сайтында оның мақаласы да жарияланды. Онда ҚХР төрағасы екі ел арасындағы мәдени-тарихи байланыстар мен алдағы жоспарларды тізе келе, тексеруге тұрарлық деректер де келтірді.

Factcheck.kz редакциясы оның сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Осыдан 32 жыл бұрын Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады, содан бері екіжақты қарым-қатынастар ілгері жылжып келеді.

Си Цзиньпин

Үкім: Дәлелденбеген

Біз нақты дәлел болатындай Қазақстанның алғашқы болып тәуелсіздігін мойындаған елдердің тізімін (уақытымен қоса) таппадық. Қытайдың қай уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін мойындағаны жөнінде ақпарат жоқ. Қазір қолда бары — ресми тұлғалардың Қытайды “алғашқылардың бірі болып Қазақстан тәуелсіздігін мойындағаны” туралы мәлімдемелері ғана. Дегенмен, ресми дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 3 қаңтарда орнап үлгерген, ал тәулесіздік алған күніміз ретінде 1991 жылдың 16 желтоқсаны болса, демек екі ел арасында байланыс орнауына көп уақыт кетпегенін аңғаруға болады.

Си Цзиньпин мен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай құттықтау жеделхатын жолдағанда Назарбаев Қытайды еліміздің тәуелсіздігін алғаш мойныдаған елдің бірі деген; ресми байланыстың 20 жыл толуына орай ҚазАқпарат тілшісіне жазбаша берген сұхбатында ҚХР сыртқы істер министрі Ян Цзечи де осы сөзді айтқан. Олардың мәлімдемесін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та растап, 2023 жылы “Қытай еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын алғашқылардың бірі болып мойындадады” деді.

Мәлімдеме: Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 41 миллиард долларға жетті.

Си Цзиньпин

Үкім: Дәлелденбеген

Жақында Тоқаев осыған ұқсас мәлімдеме жасап, біз мұның дәлелденбегенін анықтадық. Мәселе екі елдің статистикалық көрсеткіштерінің үлкен айырмашылығында — ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналым 31,4 млрд АҚШ долларға жетті. Ал Қытайдың ресми дерегіне сүйенсек, бұл сома 41 млрд доллар болған. Яғни екі дерек арасында 10 млрд доллар алшақтық байқалады.

Мәлімдеме: Өткен жылы өзара сапарлар саны шамамен 600 мың болса, биылғы жылдың алғашқы үш айында 200 мыңнан асты, жаңа рекорд әлі алда.

Си Цзиньпин

Үкім: Дәлелденбеген

Бұл мәлімдеме айтарлықтай күрделі. Қытай Халық Республикасы сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланған Си Цзиньпин материалының ағылшын тіліндегі нұсқасында, ол «600 000 cross-border trips» дейді, яғни 600 мың рет шекарадан өтуді меңзейді. Демек, логикалық түрде бұл статистика тек туристер туралы емес. Бір қызығы, Қазақстан тарапы осыған ұқсас цифрды атап, туризм туралы айтады. 3 шілдеде ҚХР мәдениет және туризм министрлігімен кездесуде Қазақстанның туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2023 жылы Қытайдан Қазақстанға келген туристер саны 367 мың адамға жеткенін айтты, ал Қытайға барған қазақстандықтардың саны – 311 мың, сонда жалпы көрсеткіш — 678 мың. Бұл Си Цзиньпин айтқан саннан да көп. Ашық дереккөздерден шекарадан өткен адамдардың саны туралы деректерді таба алмадық. Сонымен бірге, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2023 жылы Қазақстанда небәрі 104 мың Қытай азаматына орналастыру қызметі көрсетілген. Келгендердің барлығы қонақ үй секілді ораналастыру орындарына бара бермейтіні белгілі. Дегенмен, қазірдің өзінде сандардағы сәйкессіздік көп. Осыған және ашық дереккөзде кейбір деректердің болмауына байланысты «Дәлелденбеген» деген үкім қойдық.

Мәлімдеме: Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі және қазақстандық тауарлардың ірі импорттаушысы.

Си Цзиньпин

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сенсек, 2023 жылы барлық тауар айналымның ең көп үлесі, яғни 22,5%-і расымен Қытайға тиесілі. Одан соң 18,6% және 11,5%-пен Ресей және Италия тұр.

Қазақстандық бюро ақпаратына сай, 2023 жылы Қазақстан тауарлары ең көп Италияға (барлық сатылған тауардың 18,9%-і), содан кейін Қытайға сатылған (барлық сатылған тауардың 18,7 %-і). Бұл тізімде Ресей 12,4% көрсеткішімен үшінші орында тұр.

Ал Қазақстан ең көп Қытай (27,4%) тауарын сатып алады. Одан кейін Ресей (26,5%) мен Германия (5,2%) орналасқан.

Factcheck.kz