Шегіртке адал ма, арам ба?

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мәжіліс брифиңінде журналистердің сұрағына жауап беріп тұрып, шегіртке туралы “шын мәнінде бұл адал (халал) өнім” деп мәлімдеме жасады. Көпшіліктің сұрауы бойынша Factcheck.kz редакциясы деректі тексеріп көрді.

Ақпарат 0:27 секундта айтылды

Мәлімдеме: Шегіртке шын мәнінде халал өнім

Серік Жұманғарин, премьер-министрдің орынбасары

Үкім: Шындық

Осы жөнінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына арнайы хабарласқан едік. Шариғат және пәтуә бөлімнің маманы Елбек Тасболатұлы шариғат бойынша шегірткенің адал екенін айтты. Оның сөзінше, ҚМДБ ұстанатын ханафи масхабында пайғамбардың хадисі бойынша екі өлексе адал етілді, соның бірі — шегіртке. Оны жеуге болады. Алайда, “адал деген сөз жей беруге болады деген сөзді шығармайды” дейді ол. Яғни оны жеу міндеттелмейді, әр өңірдің табиғаты мен мәдениетіне байланысты жеп/жемеу әркімнің өз еркінде.

Жоғарыда айтылған хадисті пайғамбардың сахабаларының бірі Абдуллах ибн Омар жеткізген. Аталған хадисті ҚМДБ-ның ресми сайтынан және ҚМДБ-ға тиесілі “Халал даму” стандарттау және сертификаттау орталығының сайтынан табуға болады.

Контекст

FAO-ның “Жеуге жарамды жәндіктер” атты зерттеуінде қазіргі таңда әлемде шегірткенің 80-ге жуық түрін тұтынады және оларды басым көпшілігі жеуге жарамды. 2050 жылға қарай шамамен 10 млрд адамның азық-түлікке деген сұранысы 2012 жылмен салыстырғанда 50%-ке артады деп болжануда, сол үшін де жеуге жарамды заттардың (оның ішінде жәндіктер де бар) тізімін жыл санап ұлғайтуда. Ал, қазіргі таңда әлемнің 65 мемлекетінде шегірткені тұтынады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz