Желіде «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендері («Сергек» камералары) қазақстандықтардың дерегін Қытайға береді деп мәлімдейтін видео тарады. Нақтырақ айтсақ, видеодағы ер адам «Сергек тыңшылық жасағаны үшін АҚШ-тан шығарылған 28 компанияның бірі. «Сергек» компаниясының сервері Астанада орналасқан, ол жерде бірде-бір қазақ, бірде-бір орыс [жоқ], таза қытайлар [жұмыс істейді]. Олар тек Қытай үкіметі үшін жұмыс істейді» дейді.
Factcheck.kz оқырман өтініші бойынша ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.
Мәлімдеме: «Сергек» тыңшылық жасағаны үшін АҚШ-тан шығарылған 28 компанияның бірі.
Үкім: Жалған
«Сергек» компания емес, қоғам мен жол қауіпсіздігінің жүйесі. Оның негізін «Көркем Телеком» ЖШС қалаған, ол Sergek Group компаниялар тобына кіреді. Кәсіпорын Қазақстанда тіркелген және АҚШ үкіметі тарапынан санкцияға ұшырамаған.
Сыбыстың шығуына «Сергекті» әзірлеушісі «Көркем Телеком» ЖШС-ның қытайлық серіктесі бар екені туралы ақпарат әсер еткен болуы мүмкін. Мысалы, informburo.kz сайты 2018 жылы компания техникалық серіктес ретінде Dahua Technology-ды таңдағанын жазды, «әрі мұны жасырмайды» деді. Қытайлық Dahua Technology Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар деп АҚШ тарапынан санкцияға ұшыраған 28 компанияның бірі. Видеодағы ер адам осы ақпаратты бұрмаласа керек. Дегенмен «Көркем Телекомның» қытайлық компаниямен серіктестігін дәлелдейтін дерек «Сергек» компаниясының сайтында да, Dahua Technology сайтында да жоқ.
Мәлімдеме: «Сергек» компаниясының сервері Астанада орналасқан, ол жерде бірде-бір қазақ, бірде-бір орыс [жоқ], таза қытайлар [жұмыс істейді]. Олар тек Қытай үкіметі үшін жұмыс істейді
Үкім: Жалған
Жоғарыда жазғанымыздай, «Көркем Телеком» ЖШС Қазақстанда тіркелген, ал оның құрылтайшылары қазақстандық – Қайрат пен Әсет Ахметовтер. Компанияда Қазақстанда тұратын қазақтар мен басқа этнос өкілдері жұмыс істейтінін түсіну үшін жобаға қатысты сайттарды (1, 2) қарап, қызметкерлер тізімін көріп шығу жеткілікті.
2020 жылы дәл осы ақпарат тарай бастағанда компанияның баспасөз хатшысы деректің жалған екенін, компанияда «қытайлар жұмыс істемейтінін» хабарлаған. Қазір жұмысшылар ішінде қытай ұлтының өкілі бар-жоғы анық емес, бірақ олар болған күннің өзінде — ол дабыл қағуға себеп емес.
Мәлімдеме: Қазақтардың деректері Қытайға сатылып жатыр
Үкім: Дәлелденбеген
Жалпы, жоғарыда тексерілген мәлімдемелердің жалғандығы мұның да шындыққа сәйкес келмейтінін көрсетеді. Дегенмен, фактчекиңде біз тек ашық деректерге сүйенуіміз керек. Ал бізде бар ақпарат қазақстандықтардың деректері сатылып жатыр не сатылмайды деп біржақты айтуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты «Дәлелденбеген» деген үкім қоямыз.
Дегенмен компанияның өз ақпараты мен мемлекеттік деректерді келтіре аламыз. Sergek.tech сайтының мәліметіне сай, видеокамералар түсірген бейне қалалық ахуал орталықтарына жіберіледі, онда полиция қызметкерлері жағдайды бақылап, қажет болса, шара қолдана алады.
Tengrinews.kz порталының ресми сауалына Sergek Group компаниясы «Сергек» жазбаларын тек құқық қорғау органдары көре алатынын айтқан:
Барлық дерек сенімді қорғалған қазақстандық серверлерде сақталады. Әрбір деректі өңдеу орталығы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметінде тиісті тексеруден өтеді.
Компания IT егемендікті жақтайтынын және отандық мамандар әзірлеген бағдарламалық қамтамасыз ету мен шешімдерді қолданатынын атап өткен.
Бұдан бөлек, Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына жауап берген Алматы әкімдігі «Сергек» жобасы қалалық полиция басқармасы мен «Көркем Телеком» ЖШС арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылатынын хабарлаған. Ал видео камераның жазбасы 30 күн сақталады.
Қасақана жою және жоғалту деген болмайды, өйткені жүйе пайдаланушыларының барлық әрекеттері сертификатталған бақылау бағдарламаларымен жазылады. Бейнежазбаларға Алматы полиция департаменті қол жеткізе алады. «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендеріндегі деректерді уәкілетті тұлғалар (тергеушілер, адвокаттар) ғана ПД-ға жазбаша өтініші бойынша алады.
Контекст
Сергек – жол мен көшедегі түрлі құқық бұзушыларды анықтайтын интеллектуалды бейнебақылау, талдау және болжау жүйесі. Жүйенің кешеніне бір не бірнеше камера орнатылады. «Сергек» бейнебақылау камераларын орнату негізінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. «Сергек» жүйесінің жұмыс қабілетін, техникалық қызмет көрсетуін және қолдауын «Көркем Телеком» ЖШС қызметкерлері қамтамасыз етеді.
Компанияның өз дерегіне сай, қалаларда орнатылған камераның жалпы саны 30 мыңға жуықтаған. Ал 2023 жылдың наурызында ішкі істер министрлігі «Сергек» жобасы еліміздің тоғыз қаласында: Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Шымкент, Түркістан, Тараз, Семей мен Ақтауда жүзеге асырылып жатқанын, барлығы 34 мыңнан астам камера орнатылған хабарлаған.