2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Ресей әлеуметтік желіде балағаттауға тыйым салды. Ал желі әкімшілігі балағат сөздерді өшіруге міндеттеледі. Егер талап орындалмаса, желі әкімшілігі 4 млн рубльге дейін (шамамен 22 млн теңге) айыппұл төлейді. Бұл туралы The Bell сайты хабарлады.
Әлеуметтік желі әкімшілігі «Ақпарат, ақпараттық технологиялар және ақпаратты қорғау туралы» заңда қабылданған түзетулерге сәйкес заңсыз контентті анықтап, өшіруі тиіс. Мұндай анықтамаға әдепсіз сөздер жазылған кез-келген материалдар кіреді.
Балағат сөзден бөлек, контентте рұқсат етілмеген митингке қатысуға шақырылса, мемлекет пен оның рәміздері және “адамның қадір-қасиеті қорланған жағдайда” әлеуметтік желі әкімшілігі хабарламаларды өшіруге міндеттеледі.
Жаңа ережелерді бұзғаны үшін әлеуметтік желі әкімшілігі 800 мыңнан 4 миллион рубльге дейін айыппұл төлейді.