Бішкектің орталық алаңында парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтін он шақты партия өкілдері митинг өткізіп жатыр. Бішкек полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ұлан Джумаков Азаттық тілшілеріне митингке қанша адам қатысып жатқанын есептемегенін айтты. Азаттықтың қырғыз қызметінің журналистері ең кемінде бірнеше мың адам демонстрацияға шыққанын хабарлады.

Митингке шыққандар сайлау нәтижесінің күшін жойып, қайта сайлау өткізуді талап етіп жатыр.
4 қазанда Қырғызстанда VII шақырылымдағы Жогорку Кенешке (Қырғызстан парламенті) депутат сайлауы өтті. Сайлауға 16 партия қатысты. Азаттықтың қырғыз қызметі парламентке 7 пайыздан астам дауыс жинаған 4 партия өткенін хабарлады.
- “Биримдик” — 24,5%;
- “Мекеним Кыргызстан” — 23,88%;
- “Кыргызстан” — 8,76%;
- “Бутун Кыргызстан” — 7,13%.
Жеңілген партиялар жаппай пара беру мен сайлауда әкімшілік ресурстарды қолдану туралы хабарлады. Жеңіске жеткен «Биримдик» және «Мекеним Қыргызстан» партиясы да осылай деп мәлімдеді. Азаттықтың мәліметінше, бірінші аталған үш партияны сарапшылар қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке жақын саяси ұйымдар деп санайды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.