Көк блокнот, флешмоб және ту көтеру. Конституция күніне қанша бөлінді?

30 тамыз Қазақстан Республикасының конституция күні. Конституциялық Сот конституцияның 30 жылдығына орай БАҚ беттерінде адам құқықтары туралы бейнелерге 5 млн теңге бөлген. Factcheck.kz редакциясы конституцияға қатысты осы және өзге де тендерлерге шолу жасады.

5 млн теңгелік жарнама

19 тамыз күні ҚР-ның Конституциялық Соттың аппараты мемлекеттік сатып алулар порталында адам құқықтарын қорғау туралы бейнелерге 4,8 млн теңгеге тендер жариялаған. Техникалық сипаттамасына сәйкес тендердің мақсаты Конституцияның негізгі ережелері туралы ақпараттық материалдарды дайындау мен адамдардың құқықтық санасын нығайту деп жазылған. Конституционализм құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған қазақ тілінде 5, орыс тілінде 5 видео материал дайындалуы керек. Бейнелер интернет ресурстар мен кем дегенде 3 республикалық БАҚ бетінде жарияланады. Видеолардың хронометражы мен мазмұны тапсырыс берушімен өзара келісіледі. Сондай-ақ, «Ұлттық конституциялық әділеттің даму тарихы» туралы 6 сұқбат түсірілуі керек. Конституциялық бақылау органының қызметін және ол қабылдаған шешімдердің маңызын насихаттауға бағытталған телевизиялық бағдарлама әзірлеуде тендердің сипаттамасында жазылған.

Астанадағы дайындыққа 19 млнға жуық бөлінген

Астана қаласы мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясы елордада конституция күніне орай өтетін концерттің сахнасын қара бархат мақтамен қаптау үшін 1,5 млн теңге бөлген. Ал концерттік бағдарламаны техникалық жабдықтау үшін 17 млн теңге жұмсамақ. Техникалық сипаттамасына мән берсек, концерт өтетін жерді дыбыстық аппаратпен, LED экранмен қамтамасыз етуі керек. Сахна көлемі 18 метр болатыны жазылған. Мемлекеттік сатып алулар сайтынан концерттік бағдарлама туралы тендер таппадық. Ашық деректерде тек техникалық жабдықтау үшін ақша бөлінгені туралы ақпарат бар.

Балаларға ту ұстату, флешмоб және мотошеру. Өзге өңірлердегі дайындық қалай?

Павлодардағы велошеру және патриоттық концерт

Павлодар облысының әкімдігі Конституция күніне орай режиссер қызметіне 3,6 млн теңге бөлген. Режиссер қызметіне LED-контентті әзірлеу, әртістерді, бишілерді, жүргізушілерді, сценарийдің толық нұсқасын қоса алғанда, іс-шараны басынан аяғына дейін ұйымдастырып өткізу қызметтері кіреді. Яғни 3,6 млн осы үшін жұмсалады. Техникалық сипаттамасына мән берсек, 100-150 адамнан тұратын кішкентай жалаушалар мен үлкен ту алып жүретін топ дайындалуға тиіс. Бұл топта негізінен балалар мен жастар қамтылуы да шарт. Сондай-ақ, арнайы флешмоб та ұйымдастырылады. Велосипедшілер және мотоциклшілер шеруі де болады екен. Мақсаты патриоттық сезімді ояту екені жазылған. Тендерді жеңіп алған режиссердің «Мәдениет саласының үздігі» наградалары,«Құрмет» ордені сияқты жоғары жетістіктері болуы керек.

40 дана мемлекеттік ту алынады: Ақмола облысының дайындығы

Ақмола облысындағы концертке 2,6 млн қарастырылған. Бұл ақшаға 3*10 метрлік сахна дайындалады және 5 минуттық видео жасалады. Бейне-слайдтар және А3 көлемінде 50 дана алғыс хат шығарылады. Көлемі 1*2 метр болатын 40 дана мемлекеттік ту сатып алынады. Гүл композицияларымен безендіру керек және 50 гүл шоғы алынуға тиіс. Шақырылатын 40 адамаға тамақ және 30 адамға естелік сыйлықтар беріледі. Техникалық сипаттамада шараның қайда және қашан болатыны жазылмаған.

Көк блокнот, алғыс хат пен этномарафон

Жетісу облысы 1 млн теңге бөлген. Бұл ақшаға 150 адамдық отыратын орын дайындау, дыбыстық техникалар мен залды безендіру қызметтері кіреді. А4 форматында 15 алғыс хат, 4 х 10 метр болатын баннерлер жасалады. 50 дана көк түсті блокнот сыйлық дайындалы.

Сондай-ақ, Конституция күніне байланысты Өскеменде «Тартыл FEST» сопрттық жарысына 1,5 млн теңге жұмсалады. Жесқазған өңіріндегі шараға 1 млн теңге бөлінген. Шымкент қаласының Абай ауданында конференция, семинар және форум өткізуге 958 мың теңге қарастырылған. Солтүстік Қазақстан облысы этномарафон ұйымдастыруға 892 мың теңге жұмсайды.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz