Kinder Surprise шоколады рак ауруына әкеле ме?

Желіде ата-аналарға ескерту ретінде видео тарай бастады. Бейне авторы «‎Жуырда неміс ғалымдары әлемге танымал Kinder Surprise шоколад жұмыртқасынан адам ағзасына қауіпті қоспа анықтағанын»‎ жазады да, қандай да бір мұнайдың қоспасы бар екенін айтады (1, 2, 3, 4). Оның сөзінше бұл зат қатерлі ісіктің пайда болуына әкелуі мүмкін.

Kinder Surprise шоколады рак ауруына әкеле ме?
Желіде тараған ақпараттың скриншоты

Factcheck.kz редакциясы бұл «‎жақында жасалған»‎ қандай зерттеу екенін және танымал шоколад расымен обыр ауруына себеп болуы мүмкін бе деген сұрақтың жауабын іздеді.

Үкім: Манипуляция

2016 жылы Германияның Foodwatch коммерциялық емес ұйым зертханалық зерттеулерінің нәтижесін жариялап, Ferrero компаниясының Kinder Riegel шоколадтарының құрамында денсауылққа зиян минералды майлар барын хабарлады. Дегенмен одан соң жасалған зерттеулер бұл мәлімдеменің асыра сілтеу екенін көрсетті. Жалпы сөз болып отырған минералды майлар тақырыбы толыққанды зерттеуді қажет етеді. Минералды майлар біз күнделікті тұтынатын көптеген тауарда бар. Осы факторларды және ескі ақпаратты жаңа деректей етіп біржақты берілгенін ескеріп, манипуляция деген үкім қоямыз.

Толығырақ

2016 жылы Германияның Foodwatch коммерциялық емес ұйымы Ferrero, Lindt және Rübezahl шоколадтарында денсаулыққа қауіпті минералды майлар бар деп мәлімдеді. Бұл Foodwatch өзі жүргізген зертханалық зерттеулерге негізделген мәлімдеме еді. Есепке сәйкес Ferrero компаниясының Kinder Riegel, Lindt’s Fioretto Nougat Minis және Rübezahl’s Sun Rice Classic Schoko Happen (соның ішінде Aldi) шоколадтары минералды хош иісті майлармен (MOAH) ластанған. «‎Олар қатерлі ісік тудырып, адам геномын зақымдауы мүмкін»‎, – деп мәлімдеді ұйым. Foodwatch сол кезде жалпы есепте 20 түрлі өнімге тексеріс жүргізген.

Foodwatch өзін тағам өнеркәсібіндегі бұрыс әрекеттерді әшкерелейтін және тұтынушылардың сапалы, қауіпсіз тағамға құқығы үшін күресетін ұйым ретінде сипаттайды.

Бұл тұста видео авторы жұмыртқа пішініндегі Kinder Surprise шоколады туралы айтып отырғанын, ал жаңалыққа себеп болған шоколад Kinder Riegel екенін де ескеру керек.

Foodwatch өндірушілерді сынақ нәтижелері туралы алдын ала хабардар еткенін және өнімдерді дүкендерден қайтарып алуға шақырғанын да хабарлады. Алайда өндірушілер өнімді сатылымнан алып тастаудан бас тартты.

Дегенмен, Confectionery Production-ге берген жауабында Ferrero: «Азық-түлік өнімдерінде минералды май компоненттері (MOSH / MOAH) туралы пікірталас жаңалық емес және көп санаттағы өнімнің бірталайына әсер етеді», – деп жауап берген.

Одан бөлек, Ferrero жеткізу тізбегі серіктестерімен барлық жерде кездесетін заттарды мүмкіндігінше азайту және азық-түлік өнімдеріне жұқтырмауы үшін техникалық шешімдермен жұмыс істеп жатқанын айтқан.

Ал неміс кондитерлік агенттіктерінің қауымдастығы Foodwatch анықтаған MOAH деңгейін «алаңсыз тұтынуға» болатыны туралы хабарлаған.

Сол уақытта жаңалық медиада кең тарап, бірқатар ел үкіметін де алаңдатқан секілді. Мысалы, Дубай муниципалитетінің азық-түлік қауіпсіздігі департаменті Kinder шоколадында канцерогендер жоқ екенін мәлімдеді. «Азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің мамандары Kinder шоколадтарының импортталғандағы жазбалары мен олардан алынған сынамаларды тексеріп, нәтижесінде олар техникалық талаптарға сай болып шықты, еліміздің жергілікті нарығына заңды түрде келген», – деп жазды департамент.

Ливан Республикасының экономика және сауда министрлігі де қауіпті бағалаудың ақпаратына сүйеніп, минералды майлардың максималды шегі 6,8 мг/кг екенін жазды. «Сондықтан бұл шоколадты тұтыну денсаулыққа ешқандай зиян келтірмейтіні расталды», – деп жазды министрлік.

Алаңдауға негіз бар ма: минералды майлар деген не?

Жоғарыда жазған минералды хош иісті майлар (mineral oil aromatic hydrocarbons, MOAH) — мұнайдың минералды көмірсутектерінің (Mineral oil hydrocarbons, MOH) екі үлкен классификациясының бірі. MOH — негізінен шикі мұнайдан, сонымен қатар көмірден, газдан және биомассадан алынатын заттар. Оның екінші түрі — минералды мұнайға қаныққан көмірсутектер (mineral oil-saturated hydrocarbons, MOSH).

Еуропаның азық-түлік қауіпсіздігі органының (EFSA) жазуынша, MOH тағам өнімдеріне қоршаған орта ластауыштары ретінде, өнім жинау және тағам өндіру кезінде қолданылатын машиналардың майлау материалдары арқылы, технологиялық қоспалар ретінде (мысалы, бөлгіш құрамдар немесе шаң сіңіргіштер), тағамға немесе мал азығына арналған қоспалар мен тағаммен жанасатын материалдар арқылы түсуі мүмкін.

Одан бөлек, EFSA 2023 жылғы зерттеулеріне сүйеніп, MOSH-тың адам денсаулығына айтарлықтай зияны жоқ деген тұжырым жасады. Ал көп мөлшердегі MOAH расымен адам денсаулығына зиян деген болжам жасаған (оның ішінде 3-түрі).

Ұйымның тағы бір маңызды қорытындысы — MOH жоғары деңгейі өсімдік майларынан табылған және жастарға көп әсер еткен, өйткені MOH көбіне нәрестелер тағамының қоспасында болған.

Дегенмен қазіргі МОН төңірегіндегі басты мәселелердің бірі — MOAH азық-түліктерде қаншалықты тарағаны туралы ақпарат аз.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz