8 мамырда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 миллиард долларға жеткені жөнінде дерек келтірді. Президент айтқан осы және өзге де мәлімдемелерді Factcheck.kz тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Онжылдықтың макроэкономикалық қорытындысы бірлестігіміздің таңдаған даму бағыты дұрыс екенін көрсетті. Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 миллиард долларға жетті.
ҚР презиендті Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, Қазақстанның одаққа мүше елдермен саудасы 2015 жылы 16 млрд доллар болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1,7 есе өсіп 28 млрд долларға жеткен.
ЕАЭО туралы шарт 2015 жылы күшіне енді. Сол үшін біз одақ жұмысы басталған уақыттағы деректерді келтірдік.
Мәлімдеме: Ал экспорты 2 еседен астам өсті.
ҚР презиендті Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
2015 жылы Қазақстанның одақ елдерімен экспорты 5 млрд доллар болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 11 млрд долларға жеткен. Яғни, 2 есе артқан.
Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айнылымында ең төменгі көрсеткіш 2016 жылы тіркелген. Сол жылы экспорт өлшемі 3 390 млн долларға дейін төмендеген. Ал, сыртқы сауда 13 793 млн доллар болған. Еліміздегі экономикалық өсім 2022 жылы болды. Импорт 19 255 млн және экспорт 10 098 млн долларға жетіп, сауда көрсеткіші 29 354 млн доллар болған. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 2,9%-ке көп.
Мәлімдеме: Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 5,1 пайызға артты. Біз мұны жақсы нәтиже деп санаймыз
ҚР презиендті Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2023 жылы ЖІӨ өткен жылмен салыстырғанда 5,1%-ке артқан.