Қазақстандағы электр энергиясының 70%-і көмірден өндіріле ме?

Мамырдың соңғы аптасында өткен сенат отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев Қазақстандағы электр энергиясының өндірілуі жайында, соның ішінде көмірден өндірілетін энергия жайында мәселе көтерді. Сондай-ақ газбен қамтамасыз етілген тұрғындар туралы да сөз қозғады. Депутаттың айтуынша, халықтың тек 59%-і газбен қамтамасыз етілген, ал газ тұтыну көлемі кейінгі 5 жылда 1,4 есеге өскен. Аталған деректерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:54:37

Мәлімдеме: Қазақстандағы электр энергиясының 70% көмірден өндіріледі.

Жанболат Жөргенбаев, сенат депутаты

Үкім: Шындық

7 маусымда өткен көмір өнеркәсібі форумында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков көмір өнеркәсібі электр энергиясының 70%-тен астамын өндіретінін атап өтті. Олжас Сапарбековтың айтуынша, 2023 жылы 113 млн тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға аз, ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 млн тоннаға азайған.

16 қаңтарда өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2035 жылға қарай электр энергиясын өндірудегі көмірдің үлесін 34%-ке азайтуды жоспарлап отырғанын айтты. Одан бөлек жаңартылатын энергия көздерін – 24,4%-ке, гидроэлектр – 10,8%-ке, газ – 25,8% және атом электр станцияларындағы үлесті 4,7%-ке өсіретінін жеткізді.

Мәлімдеме: Елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді, олардың жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 146 жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бар.

Жанболат Жөргенбаев, сенат депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Электр желілерін басқару компаниясының дерегінше, Қазақстанда электр энергиясын өндіруді әртүрлі меншікті нысандағы 222 электр станциясы жұмыс істейді. ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 жаңартылатын энергия көздері бар.

Қазақстандағы электр энергиясының 70%-і көмірден өндіріле ме?

Мәлімдеме: Қазақстан халқының 59%-ы газбен қамтамасыз етілген. Елдің орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында халықты газдандыру мәселесі ерекше өзекті болып тұр.

Жанболат Жөргенбаев, сенат депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Энергетика министрлігінің даму жоспарын жүзеге асыру туралы есебінде, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, халықтың 60%-і немесе 12 млн-ға жуық адам табиғи газбен қамтамасыз етілген. Дегенмен бұл мақтанатын нәтиже емес, себебі 2022 жылдың қорытындысы бойынша халықтың 59%-і газбен қамтамасыз етілген, яғни бір жылда тек 1% қана өсу байқалған, бұл өте төмен нәтиже.

Өңірлер бойынша Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облысы мүлде табиғи газбен қамтамасыз етілмеген. Ал Қарағанды, ШҚО, Ақмола және Ұлытау облыстары халқының газбен қамтамасыз ету деңгейі 10%-тен төмен.

Қазақстандағы электр энергиясының 70%-і көмірден өндіріле ме?

Мәлімдеме: Соңғы 5 жылда халықтың газ тұтыну көлемі 1,4 есе өсті.

Жанболат Жөргенбаев, сенат депутаты

Үкім: Шындық

Табиғи газдың ішкі тұтынушылығы 2018 жылы 16 млрд текше метрден 2022 жылы 23 млрд текше метрге дейі өскен. Яғни кейінгі 5 жылда шамамен 1,4 есе өскен.

Қазақстандағы электр энергиясының 70%-і көмірден өндіріле ме?

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz