Қазақстандағы АЭС: артықшылықтары мен кемшіліктері

6 қазанда Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өтіп, онда атом электр станциясын салу мәселесі шешілді. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, оның қорытындысы бойынша, азаматтардың 71,12%-і бұл бастаманы қолдаған.

Дауыс беру күні белгілі болғалы, бір ай ішінде, билік ақпараттық науқанды белсенді жүргізді. Оның ішінде баспасөз құралдарын пайдаланып, қазақстандықтарды мемлекетке АЭС қажет екеніне сендіруге тырысты. Ал үкіметке қарсы пікір білдіргендер прогреске қарсы шығушылар ретінде сынға қалып, АЭС құрылысына қарсы шыққан азаматтық белсенділерді полиция ұстап жатты. Бюрократия машинасы референдумға ең алдымен бюджет саласы қызметкерлері мен студенттерді жұмылдырды. Олар қойылған талапқа қарай дауыс беруге тиіс еді. Жаппай бюллетень салу сияқты құқық бұзушылықтарды анықтаған тәуелсіз бақылаушылар қысымға ұшырап, кейбірі учаскіден қуылды. Олар келушілер саны мен сайлау нәтижесіне күмәнмен қарайды.

Мұндай жағдайларда болуға тиіс конструктивті диалогтың ізі де байқалмады. АЭС құрылысы туралы мәселе ең алдымен жобаны өте тиімді деп көрсетіп жүрген биліктің өзінен салмақты анализді қажет етті. Ал іс жүзінде пайдасынан бөлек назарға алынуы керек белгілі бір қауіп-қатері де бар.

Factcheck.kz редакциясы Қазақстандағы АЭС-тің артықшылықтары мен кемшіліктерін түсіну үшін тақырыпты саралап, оның құрылысын қолдаушылардың да, оған қарсы шығып жүрген сарапшылардың да пікірін білді.

Қысқаша қорытынды:

АЭС құрылысының жағымды жақтары ретінде электр энергиясы дефициті мәселесінінің шешімін, Қазақстанның ұзақмерзімді жоспарына сай келетін парниктік газдардың азаюын және жұмыс орындарының құрылатынын айтуға болады.

Жағымсыз сипаттарының арасында радиоактивті шығындыларды, радиоактивті қалдықтар мен олардың утилизациясы мен сақталу проблемалары бар. Бұл халықтың денсаулығына ықпал етеді.

Қауіптері: сыбайлас жемқорлық пен құрылыс құнының белгісіздігіне байланысты қаржылай мәселелер, объект құрылысына жауап беретін компания қай елдікі болатынына байланысты геосаяси мәселелер бар.

Қазақстанда АЭС салудың артықшылықтары

Энергияға қолжетімділік – әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі факторы. Тұрақты даму мақсаттарының бірі – барлығына қолжетімді әрі сенімді энергиямен қамтамасыз етуге кепіл болу.

Энергетика саласы әрдайым әртүрлі қауіп-қатер мен дағдарыс жағдайларына тап болған. Саланың қазіргі және болашақ мәселелерін шешу үшін Дүниежүзілік энергетикалық кеңес (World Energy Council, WEC) құрылған. 2010 жылдан бастап WEC жыл сайын Дүниежүзілік энергетикалық трилемма индексі бойынша елдер рейтиңін жариялайды.

Дүниежүзілік энергетикалық трилемма индексі елдің энергетикалық саясаты мен оның тиімділігін үш негізгі көрсеткіш, яғни, энергетикалық қауіпсіздік, энергетикалық әділет және экологиялық тұрақтылық бойынша бағалай отырып, тәуелсіз және объективті баға береді.

2021 жылы әлемде энергия бағасының өсуі, отын тапшылығы және энергия жетіспеушілігі сияқты ауқымды энергетикалық дағдарыс туралы қайта сөз қозғалды. Мұның бәрі трилемманың бірінші кезектегі тармағы – энергетикалық қауіпсіздікке кері әсер етеді.

Атом энергетикасының дамуы осы мәселелерді шешіп, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді.

Энергетикалық қауіпсіздік

Ғаламдық мәселелер Қазақстанды да айналып өтпеді. Елдің энергетикалық жүйесінің 70%-і көмірге тәуелді, ал ЖЭО жабдықтарының тозуы орта есеппен 66%-ке жеткен. Сонымен қатар, электр энергиясын тұтыну көрсеткіші өсіп келеді: 2023 жылы электр энергиясына сұраныс алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9%-ке өсті. Болжам бойынша, 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың наурызына дейін электр энергиясының тапшылығы 1,025 ГВт болады, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,2 ГВт-қа жетуі мүмкін. Елдегі энергия тапшылығы өндіріс саласына да әсер етеді.

Облыстарға сапарлаған кезде біз кәсіпкерлермен кездестік. Бірнеше рет осындай жағдай болды: олар инвесторлары бар екенін, кеңеюге қаржысы бар екенін, бірақ энергия жоқ екенін айтады. Яғни, қазір бізде энергия шектеулі. Біз базалық энергетикадан айырылып жатырмыз және индустрияның даму перспективалары жоқ, — деп түсіндіреді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікин.

Осы жағдай аясында Қазақстанда (1, 2) да басқа елдер сияқты, «ядролық қайта өрлеу» туралы ойлай бастады. Атом энергетикасын дамытуды жақтаушылар оның елдерге трилемманың барлық үш көрсеткішін: энергетикалық қауіпсіздік, қолжетімділік және экологиялық тұрақтылықты арттыруға көмектесе алатынын алға тартады.

Тимур Жәнтікиннің айтуынша, АЭС салу туралы шешім қабылдай отырып, қазақстандықтар атом энергетикасын және атом энергетикалық бағдарламаларын дамыту немесе басқа да энергия көздерін іздеу секілді жаһандық мәселені шешеді.

Қазір әлемде 33 елде шамамен 440 реактор жұмыс істейді және тағы 60-ы салынып жатыр. Ең жоғары энергия қауіпсіздігі индексі бар алғашқы жиырма елдің 14-інде жұмыс істеп тұрған АЭС бар екенін де айта кету керек.

Латвия мен Эстония АЭС салуды жоспарлап отыр, Франция энергияның 70%-ін атомдық станциялардан алады, ал АҚШ-та биыл ядролық энергетиканы дамытуға қолдау көрсететін ADVANCE заң жобасы қабылданды. Жалпы, бүгінгі таңда атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының 10%-ін өндіреді.

Әлемдік ядролық ассоциация (World Nuclear Association, WNA) COVID-19 пандемиясынан кейін және Ресей мен Украина соғысы басталғаннан кейін елдердің осал тұстары айқын көрінгенін атап өтіп, ядролық энергетиканың қауіпсіздікті және егемендікті нығайтуға көмектесетін бірқатар артықшылығы бар екенін айтады.

Атом энергетикасы ұзақ мерзімді энергиямен жабдықтайды және үлкен көлемде электр энергиясын өндіреді, сонымен қатар реакторлар жоғары орташа қуаттылық коэффициентіне жетеді. Станциялар 60 жылдан 100 жылға дейін жұмыс істей алады. 2019 жылғы WEC есебінде атом энергетикасының негізгі тұрақты энергия көзі екені де айтылған.

Қазақстандағы АЭС: артықшылықтары мен кемшіліктері
Дереккөз: Әлемдік энергетикалық кеңес есебі.

АЭС-ке қажетті уранды тасымалдау жеңіл әрі арзан. 1000 МВт қуатты электр станциясына 27 тонна дайын ядролық отын қажет болса, дәл сол қуатты алу үшін 2,5 миллион тоннадан астам көмір кетер еді.

Қазақстан уран экспорты бойынша әлемде көшбасшы елдердің бірі. Ол әлемдегі нарықтың 43%-іне иелік етеді. Сондықтан республикаға өзінің уран қорларын энергия өндіру үшін пайдалану ерекше тиімді (1, 2) болып отыр.

Сонымен бірге, Қазақстанның АЭС-ке арналған уран мен ядролық отын импорты-экспорты бойынша ұлттық операторы «Қазатомпром» АҚ уран өндірудің жерасты ұңғымалық шаймалау (ЖҰШ) әдісімен жүргізілетінін атап өтті. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры Манас Ысқақовтың түсіндіруінше, бұл экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі тиімді әдіс, әрі компания құрылған кезден бастап уран өндіруге қатысты ірі экологиялық апаттардың болмауы да осыны дәлелдейді. Сондай-ақ, бұл әдіспен уран кен орындарын игеру жер бетіне теріс әсер етпейді.

Қазақстандағы АЭС: артықшылықтары мен кемшіліктері
Уранды шаймалау процесінің сызбасы (Дереккөз: Атомпром хабаршысы)

Декарбонизация 

Тағы бір өзекті жаһандық мәселе — климаттың өзгеруі мен парниктік газдардың жоғары деңгейінен туындайтын ауа райының ауытқулары. Осыған байланысты, 2023 жылдың желтоқсанында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенциясына (КС-28) қатысушы тараптардың 28-конференциясында қазбалы отынды пайдалануды азайту туралы келісім қабылданды.

Бағалауға сәйкес, 1940 жылдан бастап Қазақстанда орташа жылдық температура әрбір онжылдықта 0,28°C-қа артып келеді. Германия мен Франция ғалымдары тобының кейінгі зерттеуі көрсеткендей, 1950 жылдан бері Орталық Азияда орташа жылдық температура кем дегенде 1,24 градусқа артқан.

Париж келісімі аясында Қазақстан көміртек бейтараптығына қол жеткізу міндетін алды, себебі елдің ескірген энергетикалық жүйесі жан басына шаққанда айтарлықтай көп парниктік газ шығарады. Елдегі барлық шығарынның 77,6%-і энергетика саласына тиесілі.

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (The Intergovernmental Panel on Climate Change, IPCC) есептеулері бойынша, АЭС-тен шығатын CO2 мөлшері кез келген басқа энергиямен жабдықтау технологияларымен салыстырғанда төмен, тек жаңартылатын энергия көздерімен (ЖЭК) бір деңгейде.

«Байтақ» жасылдар партиясының орталық аппаратының басшысы Бекберген Керей АЭС пен жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бірдей таза технологиялар екенін растайды. Бұл екі технология да көмірқышқыл газы, метан және жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруінің негізгі себептері саналатын басқа да парниктік газдарды шығармайды, бұл оны Қазақстанның декарбонизация мақсаттарына қол жеткізудегі маңызды құрал етеді.

Атом энергетикасын қолдаушылар АЭС пен ЖЭК-ті бірін-бірі жоққа шығаратын технологиялар деп санамайтынын айта кету керек. Мамандардың пікірінше, атом электр станциялары ЖЭК-ті жүйеге қауіпсіз интеграциялауға көмектесетін тұрақты энергия көзіне айналуы керек. Бекберген Керей атап өткен АЭС-тің ең маңызды артықшылығы — тұрақтылығы: атом станциясы тәулік бойы, жыл мезгіліне қарамастан, 90%-тік тиімділікпен электр энергиясын өндіреді, ал ЖЭК тиімділігі 40%-тен аспайды.

Сарапшының сөзінше, ЖЭК жабдықтарының қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін оны жою мәселесіне де назар аударды, өйткені технологияны қолдану артып келе жатқан сайын бұл мәселе де өзекті болмақ. Салыстыра кетсек, Бекберген Керейдің айтуынша, атом энергетикасы тарихында барлық әлем бойынша қолданылған ядролық отынның көлемі небәрі 370 мың тонна* болды, оның үштен бір бөлігі қайта өңделіп шықты.

*МАГАТЭ мен WNA бағалауы бойынша, 1954 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде әлемдегі қолданылған ядролық отын көлемі шамамен 390-400 тоннаға жеткен.

Жел электр станцияларын утилизациялау мәселесі одан сайын күрделеніп жатыр, өйткені олардың қызмет ету мерзімі небәрі 20-25 жылға жетеді, ал жаңартылатын энергия көздерінің «қолдану мерзімі» қолайсыз ауа райы жағдайлары мен түрлі апаттар әсерінен оңай қысқарады.

Жаңартылатын энергия көздерінен айтарлықтай қуат алу үшін кең аумақты қамтитын станциялар паркі қажет болады. «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікиннің айтуынша, 4 000 МВт энергия өндіру үшін АЭС-ке 0,68 км², күн батареяларына 142,4 км², ал жел турбиналарына 571,4 км² жер қажет.

Қазақстандағы АЭС: артықшылықтары мен кемшіліктері
Әр энергия көзінің қажетті жер көлемі. Дереккөз: Our World In Data.

Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздеріне көшу барысында «маңызды компоненттердің» — мыс, алюминий, никель, литий, кобальт, платина және күміс, сондай-ақ сирек кездесетін металдардың рөлі артады. 2021 жылы Халықаралық энергетикалық агенттік (International Energy Agency, IEA) есеп жариялап, онда бұл компоненттерге сұраныс арта түсетінін атап өтті.

Жұмыс орындары

АЭС құрылысы мен қызмет көрсетуі айтарлықтай жұмыс орындарын ашып, аймақтың экономикасын дамытуға үлес қосады. Құрылыстың ең қарқынды кезеңінде ірі АЭС-те 10 мың адамға дейін жұмыс істей алады. Бұл көрсеткіш күн және жел станцияларымен салыстырғанда көп болмағанымен, статистика бойынша, АЭС қызметкерлерінің жалақысы осы сектордағы ең жоғары жалақы саналады.

Қазақстандағы АЭС: артықшылықтары мен кемшіліктері

Қазақстанда АЭС салудың кемшіліктері

Радиоактивті қалдықтар

Атом энергетикасын жасыл және экологиялық таза энергия көзі деп атайды  (1, 2, 3). Алайда, көміртегі бейтараптығы атом электр станцияларының қоршаған ортаға қауіп төндірмейтінін білдірмейді.

Қазіргі заманғы АЭС-те апат болу ықтималдығы өте төмен — миллионнан бір — бірақ бұл ешқашан нөлге тең болмайды. Жұмыс істеп тұрған АЭС-тің негізгі қауіптері — радиоактивті шығындылар мен ядролық қалдықтар.

Бірінші мәселе жақсы белгілі және әр елде бұл жағдайға қатысты қауіпсіздік нормалары бекітіліп, жылына нақты бір станция шығара алатын қалдықтардың көлемі анықталған. АЭС-тен шығатын аэрозольдердегі радиацияның мөлшері аз болғанымен, түрлі радиациялық әсерлерге ұшырауымен бірге адам денсаулығына зиян келуі ықтимал.

АЭС-тен шыққан радиоактивті элементтер аэрозольдер арқылы үлкен аумақтарға тарап, жауын-шашынмен түсіп, қоршаған ортаға, әсіресе топырақ пен су айдындарына жиналады. Станцияның 60-100 жыл жұмыс істеуі осындай әсердің айтарлықтай маңызға ие болуына жеткілікті мерзім.

Мысал ретінде «Росатомның» Беларусьте жаңадан іске қосылған АЭС-іне жақын орналасқан елді мекендердегі жағдайды қарастыра аламыз. Ресми құжаттарда бірінші реактор іске қосылғаннан кейін аймақтағы радиация мөлшерінің 40-80%-ке өскені туралы мәліметтер бар.

Тритий — АЭС-тер шығаратын изотоптардың бірі. Атом энергетикасын жақтаушылар тритий суын қоршаған ортаға төгу қалыпты тәжірибе деп санайды, ал АЭС-тен шыққан тритий оксиді аэрозольдерін ұстау мүмкін емес деп есептейді. Тритий оксидінің аз мөлшерінің ағзаға әсері туралы ғалымдардың пікірлері әртүрлі (1, 2, 3, 4).

Алайда тритий оксиді өсімдіктер мен мал шаруашылығы өнімдеріне түскен кезде органикалық байланысты тритийге (ОСТ) айналады, ол ДНҚ және басқа биомолекулаларға еніп, бір жылға дейін ағзада қалуы мүмкін (1, 2, 3). ОСТ ағзаны іштен сәулелендіріп, әсіресе нейрондар немесе жыныс жасушалары сияқты сезімтал тіндерге түскен кезде оларға зақым келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, ОСТ ұрықтың дамуына кері әсер етуі ықтимал.

Британдық ғалым Иэн Фэйрли АЭС-ке жақын жерде тұратын балалар арасында қатерлі ісік ауруларының көбеюін радиацияның жүкті әйелдерге әсерімен байланыстырады.

 «Лас» отын тізбегі

Ядролық физик және «Радиоактивті қалдықтардың қауіпсіздігі» қоғамдық бағдарламасының сарапшысы Андрей Ожаровский Factcheck.kz сайтына АЭС-ті пайдалану барысында және оның жұмысын тоқтатқаннан кейін де негізгі қауіп – радиоактивті қалдықтар екенін мәлімдеді:

Кез келген атом станциясының ең үлкен қаупі – ядролық отын тізбегі, онсыз атом станциялары жұмыс істей алмайды. Ең үлкен қауіп – уранды өндіру, оның бастапқы өңдеуі, яғни ядролық отын тізбегінің алғашқы буындары. Уранды байыту – өте лас процесс. Ядролық және отын тізбегінің соңғы буындары да өте лас – бұл радиоактивті қалдықтарды өңдеу процестерімен байланысты.

Яғни, егер Қазақстан уранды өзі байытатын болса, ел тек пайдаланылған ядролық отынды жою мәселесімен ғана емес, сонымен қатар байыту процесінен шыққан үлкен көлемдегі (1, 2) өте улы қалдықтармен де айналысуға мәжбүр болады.

Уранды байыту үшін Республикаға МАГАТЭ-ден рұқсат алу қажет болғанымен қоса, құрылыс пен технологияларды сатып алу үлкен қаржылық шығындарды талап етеді. Сонымен қатар деконверсия зауытын салу немесе терең көму орындарын жасау үшін қосымша шығындар да қажет болуы мүмкін. Қалай болғанда да байытылған уран қалдықтары қоршаған ортаға қауіп төндіреді.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының Ресейдегі Иркутск қаласындағы Уранды байыту орталығында үлесі бар.

16.11.2024 UPD: Сөйлемде қате кетті. Уран байыту орталығы Новоуральск қаласында орналасқан. «Қазатомөнеркәсіптің» Ангарск қаласындағы халықаралық уран байыту орталығында да үлесі бар.

Бұл орталықтың тең иесі ретінде Қазақстан Ресейде байытылған уранды жеңілдікпен ала алады, алайда жеңілдікке қарамастан қызметтің құны тек өсіп отыруы ықтимал. Кейінгі бір жыл ішінде уранды байыту бағасы әлемдік нарықта 1,5 есе өсті. Сонымен қатар ресейлік уранның экспорты АҚШ санкцияларына — де-факто болмаса, де-юре — тап болып отыр және Мәскеумен осы саладағы ашық ынтымақтастықтың басқа мемлекеттерге қалай әсер ететіні белгісіз.

Қазақстандағы АЭС: артықшылықтары мен кемшіліктері
Дереккөз: Коммерсантъ

Қазақстан қай елден байытылған уран сатып алса да, өзінің АЭС-іне отын сатып алуы үнемдеу мен «энергетикалық тәуелсіздікке» қол жеткізуге көмектеспейді.

Өңдеу немесе сақтау: Таңдау қайсы?

АЭС-тің тағы бір үлкен проблемасы — бірнеше ұрпаққа дейін әсер ететін ядролық қалдықтарды утилизациялау мен сақтау мәселесі.

Gov.kz сайтында «АЭС туралы жиі қойылатын сұрақтарға» берілген жауаптарда, АЭС-тен шығатын қалдықтар олардың түрі мен қолданылатын технологияларға байланысты не сақталуы, не қайта өңделуі мүмкін екені, ал пайдаланылған ядролық отынды энергия көзі ретінде қайтадан қолдануға болатыны айтылады.

Алайда, пайдаланылған отынды қайта өңдеу және оны қайта қолдану технологиялары ойлағандай кең тараған емес. Қазіргі уақытта тек кейбір елдер ғана ядролық отынды өңдеп жатыр, ал жабық отын циклі — әлі де дамытылып жатқан технология (1, 2, 3). Мысалы, Ресей өз ядролық қалдықтарының тек 15%-ін ғана қайта өңдейді.

Отынды қайта өңдеу процесінде де радиоактивті қалдықтар қалады, оларды көму үшін арнайы жағдайлар қажет, бұл өнімнің құнын айтарлықтай арттырып, қосымша мәселелер туындататынын да айта кету керек, — деп түсіндіреді Андрей Ожаровский.

Екінші нұсқа — пайдаланылған отынды сақтау. Алайда, бұл да оңай емес.

Ядролық қалдықтарды ұзақ мерзімді, тіпті тұрақты түрде сақтау арнайы репозиторийлер салуды талап етеді, бұл, әрине, үлкен шығындарды қажет етеді. Мысалы, Ақтаудағы реактордан Курчатовтағы полигонға пайдаланылған ядролық отынды тасымалдау үшін қалдықтарға арналған контейнерлерге шамамен 60 миллион доллар жұмсалған.

Көп жағдайда пайдаланылған отынды атом электр станцияларының жанындағы құрғақ қоймаларда немесе арнайы алаңдарда қалдыруға тура келеді (1, 2, 3). Мұндай сақтаудың негізгі проблемасы — оның мерзімі радиоактивті қалдықтардың жартылай ыдырау кезеңімен салыстырғанда өте қысқа, шамамен 30-40 жылдан 100-120 жылға дейін (1, 2, 3). Бұл мерзім өткеннен кейін қалдықтардың «қаптамасы» бұзылуы мүмкін және оларды қайта өңдеу немесе қайта көму қажет болады. Ал бұл жаңа шығындар мен жаңа қауіптер деген сөз.

Тұрақты сақтау қоймасын салу әлі де қиын қол жеткізетін жоспар болып отыр. Бірақ мұнда негізгі кедергілер — қаржы және қауіпсіздік мәселелері.

АҚШ-та 2002 жылдан бастап Юкка-Маунтинде ядролық қалдықтарды көмуге арналған қойма туралы талқылаулар, зерттеулер және тіпті жартылай құрылыс жұмыстары жүргізіліп келеді. Жобаның аяқталуы әлі ерте, десе де, кейбір болжамдарға сәйкес, дайын қойманың құнына 97 миллиард доллар кетуі мүмкін (1, 2). 

Швейцарияда 14 жылдық талдау мен іздеуден кейін ұзақ мерзімді сақтау қоймасын салуға қолайлы орын табылды, оның құны 20 миллиард доллар.

Финляндиядағы «Онкало» репозиторийі — ерекшелік, себебі оның сәтті салынуы ашық коммуникация, сыбайлас жемқорлықтың төмен деңгейі және мемлекет, корпорациялар мен қоғам арасындағы тиімді өзара байланыстың арқасында жүзеге асты. Бұл жағдайларды тіпті Еуропаның басқа елдерінде де сирек кездестіруге болады.

Бұған қоса, ядролық қалдықтарды сақтау қоймасы салынса да, қалдықтардың шығып кету қаупі сақталады. Оған АҚШ-тағы Хэнфорд кешені мысал бола алады. Онда радиоактивті заттардың тарап кетуі бірнеше рет тіркелген: 2013, 2021 және шамамен 2024 жылдары.

Мұндай оқиғалардың қаупі — олардың ауқымды апаттарға қарағанда, қалдықтың ағып кету жағдайларын қоғамнан жасыру оңайырақ. Мысалы, Германиядағы «Ассе-2» тұз шахтасындағы радиоактивті қалдықтардың тарап кетуі осындай жағдайға жатады. Қоймадағы алғашқы жағдайлар 1988 жылы анықталғанымен, мемлекеттік оператор-компания бұл мәселені тек 20 жылдан кейін, БАҚ-тың қысымымен ғана мойындады.

Сондай-ақ, The Guardian газетінің журналистік зерттеуі арқасында Ұлыбританиядағы Селлафилд қоймасындағы радиацияның тарап кетуі мен оның апатты жағдайы туралы белгілі болды.

Осындай қоймалардың жанында өмір сүретін адамдар үнемі қауіп-қатерге ұшырайды. Мысалы, «Ассе-2» маңында қатерлі ісік ауруларының деңгейі ел бойынша орташа көрсеткіштен екі есе жоғары.

Жоғарыда айтылған проблемалардан бөлек, аумақты радиациядан тазарту шаралары да қомақты қаражатты талап етеді.

2010 жылдардың ортасында АҚШ үкіметі Хэнфордтағы жағдайдың салдарын жоюға жылына 2 миллиард доллар жұмсаған, ал 2022 жылы 17 миллиард долларға ядролық қалдықтарды консервациялау бойынша қосымша қондырғыны іске қосты. Қойманы тазарту жұмыстары шамамен 2060 жылға дейін жалғасып, 100 миллиард доллар қаржыны қажет етеді деп болжанып отыр.

«Ассе-2»-дегі жағдайдың салдарын жою кем дегенде 30 жылға созылып, Германия үкіметінің 7-15 миллиард доллар жұмсауын қажет етеді.

Ең үлкен шығындар Ұлыбританияда болғалы тұр. Алдын ала бағалау бойынша, Селлафилд қоймасын тазарту жұмыстарына 125 миллиард доллар кетуі мүмкін.

Осылайша, қазіргі уақытта АЭС-тің ядролық қалдықтарын сақтау қоймалары уақытша әрі өте қымбат шара болып қала бермек.

Қауіптер

Қаржы мәселесі

АЭС құрылысы да қаржылық тәуекелдермен қатар жүреді. Қазақстандағы станцияның алдын ала құны 10-15 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Дегенмен, бұл әлі нақты емес, себебі әзірге нақты жоба да, мердігер де бекітілген жоқ.

Қазақстан төрт елдің компанияларынан АЭС салу туралы ұсыныс алды: EDF (Франция), CNNC (Қытай), «Росатом» (Ресей) және KHNP (Оңтүстік Корея). Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек, бірақ бұл әлі тек көзқарас қана. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, консорциум және оның қатысушылары туралы шешім 2025 жылы қабылданады.

Ең төмен бағаны қытайлық мердігер ұсынды — 5,6 миллиард доллар, ал екі реактордан тұратын станция 2035 жылы дайын болады, әрбір реакторды салуға бес жыл уақыт қажет. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай қысқа мерзімдер сирек кездеседі. Техникалық мәселелер, халықтың наразылықтары мен сыбайлас жемқорлық құрылыс мерзімін ұзаққа созып, АЭС құны екі немесе үш есеге дейін өсуі мүмкін.

Gov.kz сайтында «АЭС құрылысы МАГАТЭ және Ядролық электр станцияларын пайдаланушы ұйымдардың дүниежүзілік қауымдастығы (World Association of Nuclear Operators — WANO) сияқты ұйымдардың бақылауында болады, бұл қауіпсіздік стандарттарын сақтауды қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады» деп көрсетілген. Алайда, іс жүзінде бұл ұйымдар құрылыстың қаржылық есептілігін бақыламайды, тек станциялардың қауіпсіз пайдаланылуын қадағалайды.

«Әлеуметтік-экологиялық қор» директоры Вадим Нидің пікірінше, МАГАТЭ мен WANO сыбайлас жемқорлық туралы шағымдарды қарастыра алғанымен, мұндай нысанның құжаттары ашық қолжетімділікте болуы екіталай. Сондықтан бұл форматтағы қаржы жұмсауды бақылау тиімсіз көрінеді.

Сонымен қатар, ең ықтимал (1, 2, 3) кандидаттардың бірі – «Росатоммен» серіктестік орнату қаржылық тұрғыдан тәуекелді шешім болып көрінеді. Себеп — санкциялар. Мысалы, Түркияда салынып жатқан «Аккую» АЭС-інің құрылыс мерзімі ұзартылды, өйткені Siemens «Росатомға» қажетті бөлшектерді жеткізе алмады, ал мердігер қытайлық жеткізушілерді тартуға мәжбүр болды. Нәтижесінде құрылыс құнын өсіруге тура келді.

Станцияны салу және қызмет көрсету шығындары электр энергиясының өзіндік құнын анықтайды, бірақ оны мердігермен жасалған келісімшарт шарттары да анықтай алады. «Аккую» құрылысында «Росатом» шарт қойған. Оған сәйкес 2037 жылға дейін алғашқы екі реактордан алынатын энергияның 70%-ін және үшінші мен төртінші реактордан 30%-ін Түркия 12,35 цент/кВт.сағ тарифімен (мақала жазылған кезде 64 теңге шамасында болды) сатып алуға міндетті. Бұл ретте «Аккую» жобасын «Росатом» build-operate-transfer схемасы бойынша қаржыландырады, яғни ресейлік компания алдымен АЭС-ті пайдалану құқығын алады, ал белгілі бір уақыттан кейін станция Түркияға беріледі.

Атом энергиясының құны үнемі өсіп отырады. Күн немесе жел энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) қарағанда өзгеше, себебі олардың құны технологиялардың дамуы мен кеңінен енгізілуіне қарай төмендейді.

Қазақстандағы АЭС: артықшылықтары мен кемшіліктері
Әртүрлі энергия көздерінен алынатын электр энергиясының құнының өзгеруі.
Дереккөз: 2024 жылдың маусымындағы Lazard инвестициялық компаниясының есебі.

Атом станциясын пайдаланудан шығару құнын есепке алсақ, кейінгі мәліметтерге сәйкес, атом электр энергиясының құны ЖЭК құнынан алты есе жоғары болуы мүмкін.

Әлемдегі атом энергиясы үлесінің ғасыр басынан бастап төмендеп келе жатқаны таңқаларлық емес. 2000 жылы әлем бойынша атом энергетикасы электр энергиясының 17%-ін өндірсе, 2022 жылға қарай АЭС үлесі 9%-ке дейін қысқарды.

ЖЭК-ке қатысты негізгі сынның бірі — жел турбиналары мен күн батареялары АЭС-пен салыстырғанда қуаты жағынан теңесе алмайтыны туралы пікір. Алайда KEGOC-тың бұрынғы басшысы, эколог және экономист Әсет Наурызбаевтың айтуынша, АЭС қуатын бір ЖЭК қондырғысымен емес, ЖЭК станциялар тобымен салыстыру қажет. Бұл жағдайда АЭС-пен салыстырмалы қуат өндіруге және жалпы алғанда сенімді жүйе құруға болады. ЖЭК қондырғыларының барлығы бір мезетте істен шығуы екіталай, ал ЖЭК-ті жөндеу АЭС-тегі ақауды жөндеуден әлдеқайда оңай, жылдам әрі арзан.

ЖЭК-ке қарсы айтылатын тағы бір пікір — АЭС-ке тең келетін қуат алу үшін үлкен аумақтарды пайдалану қажет. Алайда әлемде аумағы бойынша тоғызыншы орында тұрған Қазақстан үшін бұл қиындық тудырмайды. Оның үстіне, елдің 58% жерін шөл және жартылай шөлейт жерлер алып жатыр. Сонымен қатар, жел турбиналары арасында жерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға кедергі келтірмейді.

ЖЭК табиғи жағдайларға тәуелді және үздіксіз энергия өндіре алмайды. Дегенмен, мысалы, Жоңғар қақпасы ауданында жыл бойы қатты жел соғып тұрады. Андрей Ожаровскийдің пікірінше, бұл табиғи аэродинамикалық арнаға жақын жерге жел электр станциясын орнату бірнеше жүздеген гигаватт жел энергиясын өндіруге мүмкіндік бере алады. Осындай жоба Шелек дәлізінде жүзеге асырылған және жел электр станцияларын салуға қолайлы деп саналатын тағы 7 алаң бар.

Әрине, ЖЭК-тің ешбір түрі толықтай қалдықсыз жұмыс істемейді, жел турбиналары мен күн панельдерінің құрамдас бөліктерін қайта өңдеу мәселесі экологтарды да алаңдатады. Алайда бұл энергия көздері отын талап етпейді, ал оларды пайдаланудан шығару мен қалдықтарды сақтау шығындары АЭС-ке қатысты ұқсас шығындармен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Жарқын мысал — Ақтаудағы ядролық реактор. Кәсіпорынды жабу туралы шешім 1999 жылы қабылданғанымен, станцияны толықтай пайдаланудан шығару үшін әлі де кемінде жарты ғасыр қажет. Жыл сайын аймақ жұмыс істемейтін реакторды күтіп ұстау үшін 1,2 миллиард теңге төлейді — бұл шығындар электр энергиясының тарифіне қосылған.

Геосаяси цугцванг

Ресми риторикада (1, 2, 3) АЭС салу саяси емес, коммерциялық мәселе деп жиі айтылады. Бастапқы жоспарлау кезінде ішінара солай болғанымен, Ресейдің Украинаға кең ауқымды басқыншылығы Кремльмен кез келген байланыстарды саяси арнаға бұрды. Ресей Батыс елдерімен және олардың одақтастарымен қарсыласу жағдайында қалды. Сондықтан, АЭС құрылысына мердігер таңдағанда Қазақстан үкіметі «кімге қарсы доссыз?» деген сұраққа жауап беру жағдайында қалуы мүмкін, ал кез келген шешім бір немесе екінші тараптың наразылығын тудыруы ықтимал.

«Әлеуметтік-экологиялық қор» директоры Вадим Нидің пікірінше, ең ықтимал таңдау – ең дайындалған жеткізуші саналатын ресейлік «Росатомға» түседі — осы уақытқа дейін бұрынғы КСРО аумағында «Росатом» АЭС-тері салынған. Ресейдің атом энергетикасындағы ықпал ету саласы кеңейіп келеді, бұған Түркия мен Мысырда АЭС салынуы дәлел.

Сарапшының айтуынша, қытайлық компанияның да мүмкіндігі бар. Оны тікелей мердігер ретінде таңдамаса да, Қытай Ресеймен келісімге келіп, балама жеткізуші ретінде жобаға қосылуы мүмкін.

Алайда «Росатомды» build-operate-transfer схемасы бойынша тартудың басты қаупі — Ресейге реакторлар мен стратегиялық энергетикалық инфрақұрылымға тікелей бақылау жасау мүмкіндігін беру, сондай-ақ саяси қысым көрсетуге мүмкіндік туғызу.

Норвегияның халықаралық қатынастар институты «Росатом» мен Кремльдің атом энергетикасы саласындағы серіктес елдерге ықпалын зерттеген. Мамандар Ресеймен жақын дипломатиялық қарым-қатынастағы мемлекеттердің АЭС құрылысы мен басқаруында оның қызметіне барынша тәуелді болатынын атап өтті. Мұндай елдердің қатарында негізінен бұрынғы социалистік лагерь елдері — Армения, Өзбекстан, Беларусь, Венгрия және Словакия бар.

Қазақстан «Росатоммен» серіктестікке келіссе, компания елдегі энергия өндірісінің 4%-тен 10%-ке дейінгі бөлігін бақылауға алады. Бұл Қазақстанның солтүстік көршісінен энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатын едәуір алыстатады.

Зерттеушілер «Росатомның» өз серіктестеріне ұсынатын жобаларының басты артықшылығы ретінде компанияның «кілт тапсыру» принципі бойынша АЭС салып, барлық қажетті бөлшектерді, мамандарды және отынды қамтамасыз ететінін атап өтеді. Алайда дәл осы ерекшелік ресейлік мердігермен ынтымақтастықты қауіпті етеді. Жеткізілім «Росатомның» қалап-қаламауына қарамастан бұзылуы мүмкін. Мұндай жағдай түрік АЭС-інде болды, бірақ бұл саботаждың нәтижесі де болуы ықтимал. Қаржылық араласу жемқорлыққа да жол ашады. Ресейдің Оңтүстік Африкада АЭС салу кезінде жемқорлыққа қатысты ірі жанжалға қатысқан оқиғасы да бар. «Росатомның» өз мамандарын маңызды өнеркәсіп салаларына тартуы өнеркәсіптік тыңшылыққа мүмкіндік береді.

Әрине, бұл тәуекелдердің кейбірі кез келген шетелдік мердігерлерді тарту кезінде де болуы мүмкін, бірақ ресейлік компаниямен жұмыс істеу ең тығыз және өзара тәуелді байланыстарды білдіреді: технологиялық, қаржылық (оның ішінде энергия құнына әсер ету) және саяси.

Climate Action Network ұйымының Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азиядағы коммуникациялар үйлестірушісі Әлия Веделихке материалды дайындауға көмектескені үшін алғысымызды білдіреміз

Материал Медиажелі қолдауымен жарық көрді

Factcheck.kz