1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғы болып “ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңды қабылдады, яғни тәуелсіздігімізді жарияладық. Заңның 1-бабында былай делінген:
Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және хұқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленедi, өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi.
ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заңы, 1-бап
Ал тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш мойындаған мемлекеттер турасында халық арасында әлі күнге дейін алып-қашпа әңгімелер бар. Осы уақытқа дейін түрлі медиаларда тәуелсіздікті алғаш болып мойындаған ел ретінде Түркия айтылып жүр. Алайда кейінгі күндері әлеуметтік желілерде бұл ақпаратқа керағар пікірлер көп жариялана бастады. Соның бірі – “тәуелсіздігімізді алғаш болып мойындаған Түркия емес АҚШ” деген пікір.
Тәуелсіздік күніне орай Factcheck.kz ақпараттың нақты жауабын іздеп көрді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі не дейді?
Осы ақпарат бойынша 2023 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдадық. Бізге берген ақпаратқа сай, тәуелсіздік туралы заңға қол қойғаннан кейін Түркия бірнеше сағат ішінде хабарласып, құттықтап, тәуелсіздігімізді мойындаған. Одан кейін АҚШ пен ҚХР айтылады.
1991 жылғы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңға қол қойылғаннан кейін бірнеше сағат ішінде Түркия Республикасы алғашқы болып Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін таныды.
Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайтында және Түркия СІМ сайтында дәл 16 желтоқсан күні Түркияның алғаш болып мойындағаны жазылған.
Даудың басы – Төлеутай Ысқақұлының сұхбаты
Түркияның мойындағаны ресми болса неге әлі күнге дейін дау айтылып жүр, АҚШ қайдан шықты? 2016 жылы тәуелсіздік қарсаңында Atameken business арнасында ҚР алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтың сұхбаты жарық көрді. Сұхбатта Төлеутай Ысқақұлы АҚШ президенті Джорж Буш құттықтау телеграмын жіберген дей келе, содан кейін ҚХР, Моңғолия және Түркия айтылады. Ал журналистің “алғаш тәуелсіздігімізді мойындаған Түркия деп саналады емес пе?” деп қойған сұрағына “жоқ, ол дұрыс емес” деп жауап береді.
ҚР Сыртқы істер министрлігінде 1991 жылы 25 желтоқсанда АҚШ-тың ҚР тәуелсіздігін мойындағаны, 26 желтоқсанда дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаны жазылған. Бір қызығы, АҚШ мемлекеттік департаментінің сайтында АҚШ-тың 25 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел екені айтылады. Ал ресми құжат түріндегі телеграмманы 26 желтоқсанда жіберген.
Сол кездегі газеттер не дейді?
Factcheck.kz редакциясы ақпаратты басқа қырынан қарау үшін ҚР Ұлттық кітапханасына барып, сол кездегі газет-журналдарды ақтарып көрді. Республикалық деңгейде ақпарат таратанын елге танымал газеттердің 1991 жылғы 16-31 желтоқсандағы сандарын қарап, тәуелсіздікті арнайы құттықтаған/мойындаған елдерді іздедік. “Казахстанская правда” және “Экспресс К” газеттерінде 17 желтоқсадағы Алматының орталық алаңына 1986 жылғы желтоқсан көтерілісін еске алуға шыққан халық туралы материал жарык көреді. Олармен кездесуге экс-президент Назарбаев, М,Шаханов және О.Сүлейменовтың арнайы барғандығы жазылады. Шаханов желтоқсан оқиғасы туралы айтса, Назарбаев 5 жылдағы (1986-1991) қоғамда болған өзгерістер туралы айта келе, тәуелсіздік жариялағанымызды қуана хабарлайды. Ал Сүлейменов шетелден арнайы келген қонақтарды таныстыра келе, Түркияның бірінші болып тәуелсіздігімізді мойындағанын хабарлайды.


“Жас алаш” газетінде 17 желтоқсанда Алматыға арнайы келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Байкер туралы қысқа заметка жаза келе, Назарбаевпен кездесуде АҚШ-тың Қазақстан тәуелсіздігін тану туралы мәселенің қаралғанын айтады. Оның астындағы заметкада Түркияның бұрынғы КСРО-ның құрамында болған барлық елдердің тәуелсіздігін тану туралы шешімі жарияланады. Сондай-ақ газеттің дәл осы санында 17 желтоқсан Румыния мен Ресейдің Қазақстанның тәуелсіздігін танығанын жазады. Ал “Қазақ әдебиеті” газетінде “260 жылдан кейінгі азаттық” атты материалының астына редакциядан деп кішігірім ақпарат қосады. Ол жерде “қазірдің өзінде Қазақстанның тәуелсіздігін Түркия, Румыния мемлекеттері таныды” деп жазады.


“Егеменді Қазақстан” газетінің 19 желтоқсанда жарық көрген санында “Әлем Қазақстанды танып жатыр” деген материал жарияланды. Ол жерде Қазақстан тәуелсіздігін 16 желтоқсанда Ресейдің, 17 желтоқсанда Румынияның мойындағаны жазылады. Алайда Түркия туралы ешқандай ақпарат айтылмайды.

Қорытынды
Ресми сайттар, Қазақстан және Түркия СІМ және газеттердің барлығы дерлік ел тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған – Түркия деп жазады. Алайда мынаны ескере кеткен жөн: Түркия Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаса да дипломатиялық қарым-қатынасты, яғни елшілігін 1992 жылы 2 наурызда ашты. Ал АҚШ дипломатиялық қарым-қатынасты 1991 жылы 26 желтоқсанда орнатты, 1992 жылы қаңтарда Алматыда елшілігін ашты. ҚР алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов бәлкім осы ақпаратты айтқысы келген болар. Не дегенмен де тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын!
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.