Қазақстан IТ-технологияларды қолдану бойынша алғашқылардың бірі ме?

14 мамырда Астанада “сот төрелігіндегі жасанды зият туралы” онлайн-форумда ҚР Жоғарғы сот төрағасы онлайн қызмет көрсету және IT-технологияларды пайдалану бойынша бірнеше мәлімдеме жасады. Асланбек Мерғалиевтің айтуынша, Қазақстан онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 8-орында, ІТ-технологияларды қолдану бойынша 47 елдің арасында 4-орында екен. Сондай-ақ, электронды үкіметті дамыту бойынша мониториңге енгізілген 193 елдің ішінде 28-орында дейді. Аталған деректерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша мониториңге енгізілген 193 елдің ішінде 28-орында

Асланбек Мерғалиев, ҚР Жоғарғы сот төрағасы

Үкім: Шындық

БҰҰ әр 2 жыл сайын Электронды үкіметтің даму индексін (E-Government Development Index) жүргізіп отырады. 2022 жылғы рейтиң бойынша, Қазақстан расымен де 193 мемлекеттің арасынан 28-орын алған. Дегенмен 2014 жылы да 28-орында болдық, сондықтан бұл таңқалатын әрі мақтанатын нәтиже емес.

Мәлімдеме: Онлайн қызметтерді көрсету бойынша 8-ші орында

Асланбек Мерғалиев, ҚР Жоғарғы сот төрағасы

Үкім: Манипуляция

БҰҰ сонымен қатар Онлайн қызмет көрсету (Online Service Index) индексін де жариялап отырады. Алайда бұл рейтиң емес, ұпай арқылы баға беру форматында жүргізіледі. 2022 жылы Қазақстан 0,9344 ұпаймен Very High (VH) деген санатқа кірді. 1,000 деген ұпайды тек Эстония ғана алған, одан кейін Финляндия мен Оңтүстік Корея тұр.

Қазақстан IТ-технологияларды қолдану бойынша алғашқылардың бірі ме?

Мәлімдеме: Қазақстан соттарда ІТ-технологияларды қолдану бойынша 47 елдің арасында 4-орында.

Асланбек Мерғалиев, ҚР Жоғарғы сот төрағасы

Үкім: Манипуляция

Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссия (CEPEJ) 2023 жылдың 17 қарашасында ақпараттық және коммуникациялық технологияларды (ICT) сот жүйесінде пайдалану бойынша есеп жариялады. Индекс рейтиң форматында жүргізілмейді, балл шкаласы бойынша есептеледі. Қазақстан 10 баллдан 9,07 балл жинады. Ең жоғарғы 9,79 баллды Эстония алды, одан кейін Латвия – 9,76 балл және Венгрия – 9,68 балл жинаған. Қазақстан осы 3 елден кейін ең жоғарғы балл жинаған, бәлкім, Жоғарғы сот төрағасы осыны меңзесе керек.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz