Футболдан еуропалық турнирлерге қатысатын командаларға 10 млдр теңге бөлінген

18 шілде күні Қазақстан атынан еуропалық турнирлерге қатысқан футбол құрамалары Ордабасы, Тобыл, Ақтөбе турнирдің бірінші кезеңінде жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Factcheck.kz редакциясы еуроарена ел намысын қорғаған командалардың бюджетін, кұрамдық құнын және маусым алдында жасаған трансферлерін талдап көрді.

Бірінші кезеңнен ұшқандардың бюджеті 10 млдр теңге

Мемлекеттік сатып алулар порталынан «Ақтөбе» футбол командасы 2024 жылы мемлекеттік мекемемен 4 550 000 000 теңгелік 4 келісім-шарт жасасқанын байқадық. Сондай-ақ, Қостанай қаласына қарасты «Тобыл» футбол командасы 1 647 000 000 теңгеге 2 келісім-шарт және Шымкент қаласының атынан ойнайтын «Ордабасы» командасы 4 300 000 000 теңгелік 4 келісім-шарт жасасқан.

«Ақтөбе»

2024 жылдың басында «Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ-і «Ақтөбе» облыстық футбол клубы акционерлік қоғамымен 2 800 000 000 теңгелік келісім-шарт жасасқан. Техникалық сипаттамаға сәйкес осы жылдың соңында дейін «olimpbet-Премьер-Лига» командалары арасындағы ҚР чемпионатында, ҚР Кубогында және УЕФА конференциялар Лигасында, екінші лига командалары арасындағы ҚР біріншілігінде жастар құрамының командасында негізгі құрам командасының ойындарын ұйымдастыру және өткізуі керек. Дәл осы қызметтердің «Ақтөбе» әйелдер құрамасын дайындауға 100 000 000, жастар құрамасын дайындауға 300 000 000 теңгелік келісім-шарттарға қол қойылған. Сондай-ақ «Ақтөбе» футзал командасын дайындауға да 1 350 000 000 теңге қарастырылған. Жаплы сомаса «Ақтөбе» облыстық футбол клубы 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен 4 550 000 000 теңге алған.

«Тобыл»

Жоғарыдағы қызметтерге «Тобыл» футбол клубы қоғамдық қоры «Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесімен 1 200 000 000 теңгелік келісім-шартқа отырған. Сондай-ақ, жасөспірімдер мен балалар арасындағы футболды дамытуға «Тобыл» командасына 447 000 000 теңге бөлінген. Жалпы сомасы Қостанайлық құрамаға 2024 жылы 1 647 000 000 теңге қарастырылған.

«Ордабасы»

«Ордабасы» кәсіби футбол клубы акционерлік қоғамы «Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесімен 2024 жылдың басында 700 000 000 теңгеге келісім-шартқа отырған. Бұл ақшаға футзал командасы дайындау қызметі кіреді. Ал, футболдағы негізгі құрамды ҚР Чемпионатына және ҚР Кубогіне дайындауға 1 200 000 000 теңге бөлінген. «Ордабасы» командасының балалар мен жасөспірімдеріне де 1 200 000 000 теңге жұмсалған. Сондай-ақ, Шымкенттік команданы 2024 жылы ЕФҚО (УЕФА) ұйымдастыратын жарыстарға дайындауға тағы 1 200 000 000 теңге қарастырылған. Алайда, Шымкенттік клуб Молдова елінің «Петрокуб» командасынан ұтылып, бірінші айналымда жарыстан шығып қалды.

Еуроаренадағы жеңілістер және қазақ футболының жағдайы

Ордабасы – Петрокуб

Өткен жылы Қазақстанның чемпионы атанған «Ордабасы» командасы Чемпиондар лигасының бірінші айналымында Молдова елінің «Петрокуб» командасынан 1:0 есебімен ұтылды. 2023 жылы «Петрокуб» Молдова чемпионатында екінші орынға жайғасқан еді. Transfermarkt.world дерегіне сәйкес «Ордабасы» командасы ойыншыларының жалпы құны 11,05 млн евро. Ал, оны жеңген «Петрокуб» командасының құрамы Шымкенттік клубтан екі есе аз. Яғни 6,08 млн евро. 2024 жылдың қысқы трансферінде «Ордабасы» Хорватияның «Хайдук» командасынан Сентич Карлоны, Молдаваның «Шериф» командасынан Кристианды және Грузияның «Торпедо» командасының Бразиялық ойыншысы Ауроны қатарына қосқан. 2024 жылдың басында Шымкенттік команда 16 трансфер жасаған. Оның алтауы ғана Қазақстан азаматы, қалғандары шетелдік ойыншылар. Ауысымның бәрінде ойыншылар «еркін агент» статусында, яғни тегін келген.

Тобыл – Ружемборк

«Тобыл» командасы еуропадағы екінші реттік турнир квалификациясының бірінші кезеңінде Словакияның «Ружемборк» командасымен ойнап, екі ойын бойынша 5:3 есебімен есе жіберді. Қостанайлық команданың жалпы құны 8 млн еуро, ал қарсыласының құрамы 6,78 млн еуро болады. «Тобыл» командасы қысқы трансферде 18 ойыншы ауысымын жасаған. Оның оны легионер. Ресейдің «Родина» клубынан Габараев Альберт Тобыл сапына 80 000 еуроға ауысқан. Сондай-ақ, солтүстік көршіміздің «Пари НН» командасынан нигериялық Эссьен Эделем 70 000 еуроға «Тобыл» құрамасына қосылған.

Ақтөбе – Сараево

«Ақтөбе» футбол командасы еуропданың үшінші турнирі Конференциялар лигасының бірінші кезеңінде Босния және Герцогавина елінің «Сараево» командасымен ойнап, пенальти сериясында ұтылды. Батыстық клуб ойыншыларының жалпы құны 9,38 млн евро болса, оның қарсыласы 11,40 млн евро тұрады. «Ақтөбе» футбол клубы қысқы ауысымда қатарына 13 ойыншыны қосқан. Оның тоғызы шетел азаматы.

Кейінгі 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш

Еуро турнирлердегі жеңілістер есебінен Қазақстан УЕФА рейтиңінде 7 орынға төмендеп 40-орынға жайғасты. Бұл кейінгі 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш.

Алдағы күндері қандай ойындар болады және қандай нәтиже күтіледі?

Еуропаның негізгі екі турнирінен шығып қалған «Тобыл» мен «Ордабасы» командалары, үшінші реттік турнирде өз ойындарын жалғастырады. Конференция лигасы квалификациясының екінші кезеңінде «Тобыл» Швейцариялық «Санкт-Галлен» командасымен ойнайды. Тобылдың қарсыласы Қостанайлық ойыншылардан екі есе қымбат, яғни құны 22,00 млн еуро. Ал, «Ордабасы» Люксенбургтың «Дифферданж» командасымен бақ сынасады. Шымкенттік құраманың қарсыласы Ордабасы ойыншыларынан 5 есе арзан, жалпы құрамдық құны 2,12  млн еуро. Сондай-ақ, екінші кезеңде елордалық «Астана» командасы Молдованың «Милсами» командасымен үшінші кезеңнің жолдамасына таласады. Астана клубы қарсыласының құрамы небәрі 3,23 млн еуроны құраса, біздің елордалық команда ойыншыларының бағасы 9,85 млн еуро болады. Яғни, қарсыласынан 3 есе көп. Квалификациялық ойындар 4 кезеңнен тұрады. Төртінші кезеңде жеңіскен жеткен команда, топтық кезеңге өтіп, турнирдің негізгі бөлігіне қатысады. Құрамдық бағаларын салыстырсақ, біздің командаларға жеңіс үшін ойнау керек екенін байқаймыз.

Басты беттегі суретті «Ақтөбе» ФК аккаунтынан алдық

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz