WhatsApp мессенжері мен Instagram әлеуметтік желісінде алаяқтықтың жаңа әдісі туралы ақпарат тарап жатыр. Желідегі деректерде дәлізде жабыстырылған парақтағы QR-кодты сканерлесеңіз, ақшаңызды шешіп алынатыны жазылған (1, 2, 3, 4, 5, 6 ,7, 8). Тіпті, бұл туралы Маңғыстау облысына қарасты Мұнайлы ауданының полиция бөлімі ескерту ақпаратын жариялаған. Тарап жатқан деректі Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді.

Үкім: Фейк
Factcheck.kz журналисі QR-кодты сканерлеп, суретте көрсетілген телеграм чатпен байланысып көрді. QR-код Ресейдің Ново-Савиновский ауданы туралы жаңалықтар жазатын арнаға сілтейді. Канал авторы бұл Қазан қаласының аудандары туралы жазатын арнаның жарнамасы екенін айтты. Ақпарат Ресейде де тараған.
Қазақстандық парақшалар мен мессенджерлерде көрсетілген сурет Ресейдің Ютазинский ауданыныны туралы жазатын сайтта қаңтардың 21-і күні жарияланған. QR-кодтың Ютазинский ауданына қатысы жоқ екенін, оның Ново-Савиновский өңірінің ақпараттық арнасы екенін тағы айта кетейік.
Бірақ, бұл QR-код арқылы Telegram арнаға шақыратын жалғыз сурет емес. QR-коды бар, Ресейдің өзге аудандарының парақшаларына сілтейтін басқа да суреттер де тараған (кейбіреуінің QR-коды жасырылғандықтан, олардың алаяқтыққа қаншалықты қатысы барын тексере алмадық, QR-коды көрсетілген арналарға өтсек, олардың Telegram желісіндегі ақпараттық арна екенін көреміз). Олар 1 апта бұрын Ресейлік сайттар мен желілерде жарияланған (1, 2 ,3).
QR-кодтар әр түрлі аудандардың жаңалық парақшаларына сілтейді. Мәселен бірі Қазан қаласының Мәскеу ауданына сілтесе, бірі Новосибирск қаласының Ленин ауданының ақпарат арнасын көрсетеді. Дәл осы мәтіндермен ақпарат 2 ай бұрын mail.ru желісінде жарияланған. Онда алаяқтық туралы мәтін жоқ. Ресейдің ІІМ-нің сайтынан да алаяқтықтың осы түрі туралы дерек таппадық. Көршілес елдің полициясы QR-код арқылы алданған адамдар туралы ақпарат жарияламаған.
Қазақстан ІІМ-і QR-код арқылы жасалатын алаяқтық туралы 2024 жылдың қазан айында ескерту жасаған. Алайда, оның қазір тарап жатқан ақпараттарға қатысы жоқ. Ішкі істер министрлігінің сайтында да, Polisia.kz деректерінде де алаяқтықтың осы әдісіне алданғандар туралы да, ескерту туралы да ақпарат жарияланбаған.
Тараған деректерде QR кодты сканерлесеңіз, ақшаңызды шешіп алатыны туралы жазылған. Бірақ, Telegram желісіне өз картаңызды тіркемесеңіз, ондағы деректерді алу және ақша шешу процессі мүмкін емес. Ресейлік ForPost медиасына пікір білдірген, «Касперский зертханасының» бас сарапшысы Сергей Голованов, QR-код арқылы телеграмдағы жеке деректерді ұрлауға болатынын айтқан. Бірақ, бұл процессте алаяқтар, пайдаланушылардың немқұрайлылығына және цифрлық сауатының жеткіліксіз деңгейіне байланысты әрекет ететінін жазған. Оның сөзінше, мессенжердегі кодты сканерлегеннен кейін жаңа құрылғыға қосылу туралы сұрау пайда болады. Пайдаланушыда екі факторлы аутентификация қосылған болса, олардан қосымша код енгізу сұралады. Бірақ, жоғарыда жазғанымыздай, дәл біз тексеріп отырған ақпаратта мұндай ұсыныс жоқ.
Негізінен пайдаланушылар Telegram желісінің premium нұсқасын қосқан кезде ғана, мессенджерге банк картасын тіркейді. Осы процесс кезінде абай болыңыз. Telegram ұсынатын ескертулерді оқып әрекет етіңіз. Алаяқтықтан сақтану үшін екі факторлы аутентификацияны орнатуға кеңес береміз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.