Депутат Олжас Құспеков көліктің алдыңғы терезесін қараңғылау туралы не деді?

Көліктің алдыңғы терезелерін қараңғылау мәселесі кейінгі күндері жиі талқыға түсіп жатыр. Дегенмен депутат Олжас Құспеков 2024 жылдың қарашасынан бері осы мәселені көтеріп келеді. 28 мамырда өткен мәжіліс отырысында тағы да көтеріп, бұл жолы көршілес елдердің практикасымен салыстырды. Депутаттың айтуынша, 2024 жылы Қырғызстан бюджетіне 4 млрд теңге түскен, ал Өзбекстанда жарық өткізу кезінде 70%-тен бастап, БАЭ 50%-ке және Оңтүстік Кореядан 40%-ке дейін терезені қараңғылау рұқсат етілген.

Тайм-код: 2:38:25

Мәлімдеме: Көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауды ақылы түрде рұқсат бергеннен 2024 жылы Қырғызстан бюджетіне 4 млрд теңге түскен.

Олжас Құспеков, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

Қырғызстан Республикасының Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, 2024 жылы 12 айда көліктің алдыңғы терезелерін қараңғылауға бойынша мемлекет бюджетіне 650 млн 135 мың сом қаражат түскен. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы валюта бағамымен қарасақ 3,9 млрд (1 сом – 6,04 теңге) теңге болған, яғни депутат келтірген 4 млрдға жетпейді.

Қырғызстанда 2022 жылдың 1 маусымынан бастап алдыңғы терезелерді қараңғылауға ақылы түрде ресми рұқсат берді. Қазіргі таңда жылына: жеке тұлғаға – 50 мың сом, заңды тұлғаға – 70 мың сом және шетелдіктерге – 90 мың сом.

Мәлімдеме: Өзбекстанда көлік терезесін 70%-ке дейін ақылы түрде қараңғылауға рұқсат етіледі.

Олжас Құспеков, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

Өзбекстанда алдыңғы терезелерді 70%-ке дейін қараңғылауға, пленканың жарық өткізгіштігі кемінде 30% болуы керек. Ал артқы терезелерін 100%-ке дейін қараңғылауға болады.

Өзбекстанда 2018 жылдың тамызына дейін барлық көліктерге толығымен қараңғылауға тыйым салынған болатын. 1 тамыздан бастап артқы терезені 100%, алдыңғы терезені 60%-ке дейін ақылы түрде рұқсат еткен. Ал 2022 жылдың 1 маусымынан бастап артқы терезелері тегін, ал алдыңғысы жеке және заңды тұлғалар үшін жылына 8 базалық есептік көрсеткішке (1БЕК – 375 000 сум) теңестірілді.

Мәлімдеме: БАӘ-да көліктің терезесін 50%-ке дейін қараңғылау рұқсат етіледі.

Олжас Құспеков, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

БАӘ “Жол жүру ережесіне” сай, заң шеңберіндегі нормаға сай көліңтің терезелерін қараңғылауға мемлекет алым алмайды. Нормаға келетін болсақ, жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көліктерге 50%-ке дейін артқы терезесі мен артқы және алдыңғы есіктегі терезелерін қараңғылауға рұқсат берген, алайда алдыңғы терезені қараңғылауға болмайды. Сондай-ақ жалға берілетін, такси қызметіндегі және қоғамдық көліктерге рұқсат етілмейді.

Мәлімдеме: Оңтүстік Кореяда көлік терезесін 40%-ке дейін ақылы түрде қараңғылауға рұқсат етіледі.

Олжас Құспеков, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

Оңтүстік Корея автокөлік ережесіне сай, көліктің алдыңғы терезесін 70%-ке дейін, алдыңғы бүйір терезесін 40%-ке дейін қараңғылауға рұқсат етілген. Сондай-ақ азаматтар терезені қараңғылау үшін ешқандай да ақы төлемейді.

Депутат Олжас Құспеков 28 мамырдағы сауалында көліктің терезелеріне ақылы түрде қараңғылауға рұқсат берудің тиімді екенін атап өтіп, бюджетке қыруар қаржы түсетінін жеткізді. Алайда ІІМ терезелерді қараңғылауға қатысты нормалар кейбір құқыұбұзушылықты анықтауда айтарлықтай кедергі келтіреді дейді. Мысалы рөлде телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау және сол сияқты тағы басқасын атап өтуге болады. Сондай-ақ автокөлік пайдалану барысындағы жасалған қылмыстарды да анықтау қиынға соғатынын мәлімдеді. Ал терезенің қараңғылау процентін өлшейтін арнайы аппараттың да керек екенін жеткізді. Дегенмен брифиңде ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төраға орынбасары Алексей Милюк, бұл тақырыптың қарастырылып жатқанын әлі де талқылаулаор болатынын атап өтті.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz