Билік ҮЕҰ қызметі ашық болсын дейді. Олардың жұмысы «‎жабық»‎ па еді?

2025 жылғы мамыр айының басында Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) туралы жаңа заң әзірлеумен айналысатын жұмыс тобы құрылғаны белгілі болды. Бұл бастама, ең алдымен, шетелден қаржыландырылатын ҮЕҰ-ға бақылауды күшейту қажет екендігі туралы депутаттардың мәлімдемесіне жауап ретінде көтерілді (1, 2, 3).

Кейінгі айларда Қазақстан шенеуніктерінің, соның ішінде мемлекет басшысының да ҮЕҰ-ға қатысты риторикасы едәуір өзгерді. Бұл өзгеріске АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп әкімшілігінің USAID секілді ұйымдардың қызметін тексеруге қатысты қадамдары әсер еткені байқалады. Парламент қабырғасында шетелден қаржы алатын ҮЕҰ-лар «жат құндылықтарды» насихаттап жатыр деген пікірлер айтылып, олардың елдің ішкі ісіне араласуын тексеру ұсынылды. Ал Қазақстанның Халық партиясы өкілдері «шетел агенттері туралы» заң қабылдауды ұсынды.

Депутаттардың осы және өзге де мәлімдемелеріне қарағанда, Қазақстандағы ҮЕҰ осы уақытқа дейін еш бақылаусыз, жабық түрде, есепсіз әрекет етіп келгендей әсер қалдырады. Бұл рас па?

Қазақстандағы ҮЕҰ-лар қаншалықты ашық?

«Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының құқық қорғаушысы әрі тең құрылтайшысы Роман Реймердің айтуынша, Қазақстан аумағында заңды түрде тіркелген кез келген ұйым, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар автоматты түрде түрлі статистикалық және салық есептерін қамтитын бюрократиялық талаптарға бағынады. Бұл талаптар ұйымның қызмет түріне байланысты реттеледі.

«Жалпыға ортақ есептіліктен бөлек, ҮЕҰ арнайы “ҮЕҰ дерекқорына” есеп тапсыруға міндетті. Бұл талап “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” салалық заңда бекітілген. Аталған есеп жыл сайын тапсырылып, ҮЕҰ-ның күнтізбелік жыл ішіндегі барлық қызметін қамтуға тиіс. Оған белсенді гранттар мен басқа да келісімшарттар туралы ақпарат, сол гранттар аясында жүзеге асырылған қызмет сипаттамасы мен бөлінген қаржы көлемі кіреді», — дейді Реймер.

«Бұған қоса, ҮЕҰ-лар салық органдары мен екінші деңгейлі банктер алдында толық есеп береді. Заң мен қолданыстағы талаптарға сәйкес, екінші деңгейлі банктер, әсіресе шетел валютасындағы гранттар бойынша, қаражатты шотқа аудармас бұрын ҮЕҰ-дан толық ақпарат талап етеді. ҮЕҰ шетелден қаржыландыру алса, бұл 29-баппен реттеледі — онда ұйым салық органына түскен және жұмсалған қаржы туралы толық есеп беруге тиіс. Мұндай ұйымдар арнайы ашық реестрге енгізіледі», — деп түсіндірді Реймер.

Түсініктеме: 2022 жылы Салық кодексінің 29-бабына өзгерістер енгізіліп, шетелден қаржыландыру алатын тұлғаларға қатысты жаңа талаптар бекітілді. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай тұлғалардың ашық реестрін өз интернет-ресурсында жариялап отырады.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан заңнамасы белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін аккредитация мен өзге де тіркеу рәсімдерінен өтуді міндеттейді. Осының бәрін ескерсек, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметі толығымен ашық әрі қадағаланатын процесс деп есептейді Роман Реймер.

«Сонымен қатар ҮЕҰ қызметіне қойылатын талаптар өте ауыр. Әсіресе шетелден қаржы алу және мемлекеттік басқару ісіне қатысуға қатысты талаптарда ашық түрде дискриминациялық сипат байқалады. Яғни мемлекеттің ҮЕҰ-ларды “шетел агенттері” ретінде заңдық тұрғыда рәсімдеуге деген ұмтылысы, оны қоғам алдындағы ашықтық пен есептілік ұранымен ақтау — кемінде шындыққа жанаспайды», — деп қорытындылайды құқық қорғаушы.

«Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова да Роман Реймердің пікірімен келіседі. Оның айтуынша, Қазақстан заңдары ҮЕҰ-лардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге жеткілікті негіз береді.

Ресми мәліметтер бойынша, «ҮЕҰ дерекқоры» үкіметтік емес ұйымдардың қызметін ашық ету және қоғамды олар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Бұл дерекқорға ақпаратты уақытында тапсырмау, жалған немесе қасақана бұрмаланған мәлімет енгізу заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.

«Қазақстан Республикасының “Төлемдер және төлем жүйелері туралы” заңындағы нормаларға сәйкес, 2016 жылғы 11 қазаннан бастап шетелден қаржыландырылатын ұйымдар Мемлекеттік кірістер комитетіне арнайы есеп тапсыруға міндетті. Ал 2018 жылы елімізде шетелдік көздерден қаржы немесе өзге де мүлік алатын тұлғалар салық органдарына есеп беруге тиіс деген талап енгізілді», — дейді Гүлмира Біржанова.

Сонымен қатар Салық кодексіне сәйкес, шетел мемлекеттері, халықаралық және шетелдік ұйымдар, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар қаржыландыратын ақпараттық материалдарды жариялау, тарату немесе орналастыру кезінде міндетті түрде арнайы таңбалау (маркировка) енгізілуге тиіс. Бұл таңбалауда тапсырыс беруші туралы ақпарат және материалдың шетелдік қаржы есебінен дайындалғаны, таратылғаны немесе жарияланғаны нақты көрсетілуі қажет.

Аталған талапты орындамаған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 460-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мұндай белгісіз жарияланымдар үшін алғаш рет ескерту беріледі. Бір жыл ішінде бұл талап қайта бұзылса, 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

«Қазіргі қолданыстағы таңбалау талабынан қауіп көріп тұрған жоқпын. Себебі шынайы әрі ашық жұмыс істейтін ұйымдардың көбі, шетелден қаржы алса да, логотиптерді үнемі көрсетіп отырады. Көбіне, донорлардың — Еуроодақтың, Америка елшілігінің, ЕҚЫҰ-ның талабы да осы. Ал Ресейдегі “шетел агенттері туралы” заңдағыдай таңбалау абсурдқа жақын. Мәселен, қандай да бір ұйым немесе жеке тұлға “шетел агенті” деп танылса, ол мемлекеттік құрылымдармен жұмыс істей алмайды. Бұл — жұмыс топтарында немесе Парламент аясында жұмыс істеп жүрген ұйымдардың жолын толықтай жабатын шектеу», — дейді Гүлмира Біржанова.

Оның айтуынша, АҚШ-тағы кейінгі оқиғалар өзі де шетелден қаржы алатын Қазақстан билігіне де «қолайлы сәт» сыйлаған.

«Бұған дейін, 2016 жылдан бері мұндай бастамалар болғанымен, мемлекеттік органдар тарапынан ашық мәлімдемелер жасалмаған еді. Ал қазір, байқап қарасақ, ЛГБТ тақырыбы — әрдайым ұпай жинауға болатын тақырып. Халықты дүрліктіру керек болған кезде кінә тағатын қолайлы “қызыл жалау” секілді. Осындай жағдайды сылтауратып кез келген заңды қабылдатуға болады. Мұнда саяси тақырыптарды — әсіресе сөз бостандығын — манипуляция құралы ретінде пайдалану байқалады», — дейді Біржанова.

«Негізінде, бұл – мемлекеттің ҮЕҰ ісіне тікелей араласуы, ал бұл әрекет Конституцияға қайшы келеді. Бұл — “өзіміздікі-бөгде” деген ұстаным бойынша ҮЕҰ-ларды одан әрі бөлшектеу, сондай-ақ сөз бостандығы мен пікір айту еркіндігіне нүкте қою. Яғни “мемлекет мүддесі басталған жерде сөз еркіндігі тоқтайды” деген принциптің үстемдік етуі. Ал ондай “мүдделер” нақты құқықтық нормалармен емес, жекелеген шенеуніктердің ішкі түйсігімен, көбіне жеке пайдасы немесе сыбайлас жемқорлық мүддесі тұрғысынан анықталады», — деп түйіндейді Роман Реймер.

Бұл материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырып жатқан «Әмбебап фактчекиң: Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты уытты нарративтерге қарсы іс-қимыл» жобасы аясында жарияланды. Жоба Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Журналист с 19-летним стажем, медиакритик. Последние 15 лет работала корреспондентом в Азаттыке — Казахской службе Радио Свободная Европа.

Factcheck.kz