Балдыркөк (сельдерей) туралы мифтер

Кейінгі күндері халық арасында балдыркөк (сельдерей) шырыны танымалдылыққа ие болып жүр. Оның пайдасы мен зияны туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер тарап жатыр. Кейбірі балдыркөктің ағзаға зияны жоқ десе, енді бірі ағзада рак ауруын тудырады дейді. Халық арасында тараған мифтердің қаншалықты шындыққа жанасатынын Factcheck.kz тексеріп көрді.

1-Миф. Балдыркөк шырыны рак тудырады.

Үкім: Жалған

Балдыркөктің құрамында лютеолин бар. 2009 жылы жасалған зерттеуде ғалымдар лютеолиннің қатерлі ісікке қарсы пайдалануға болатынын анықтаған. Сондай-ақ, балдыркөк құрамында апигенин деп аталатын өсімдік қосындысы бар. Бұл рак клеткаларының қозғалысын төмендетеді, оның таралуын тежейді.

Апигенин көптеген жемістерде, көкөністерде кездеседі. Апигенин қатерлі ісіктің бірнеше түрлерінде соның ішінде сүт безінің обыры, өкпе обыры, меланома, простата обыры, остеосаркоманы емдеуге қолданады

2-Миф. Балдыркөк барлық ауруға ем.

Үкім: Жалған

Балдыркөк барлық ауруға ем деген мәлімдеме – жалған. Мысалы аллергиясы бар адамға зиян. Балдыркөк тұтыну барысында аллергиялық реакцияның болуын қалыпты жағдай ретінде қарастырмау қажет. Себебі аллергиялық шок алған жағдайда анафилаксия реакциясы жүреді. Бұл реакция тіпті өлімге дейін жеткізуі мүмкін. Өсімдікті дәрігердің нұсқаулығы бойынша қолданғаныңыз абзалырақ.

Сондай-ақ, балдыркөкті жүкті әйелдерге және бала емізетін аналарға тұтынуға болмайды. Емізулі баласы бар әйелдер қолданған жағдайда балаға аллергиялық реакция беру қауіпі бар. Сонымен қатар, балдыркөкті тұтынбас бұрын жақсылап жуу қажет екенін естен шығармаңыз. Себебі балдыркөк пестициді көп жеміс пен көкеністер қатарына кіреді.

3- Миф. Балдыркөк артықтауға көмектеседі.

Үкім: Дәлелденбеген

Балдыркөк – калориясы өте аз өсімдіктердің бірі. Бір сабағы шамамен 10 калорияны құрайды. Көп адам балдыркөк шырынын калориясының аздығына байланысты арықтауға арналған сусын ретінде пайдаланады. Дегенмен калориясы аз бола тұра арықтауға көмектесетін туралы нақты ғылыми дәлелдер жоқ.

Маржан Әбдіғалиева есімді маманның айтуынша, балдыркөк шырыны арықтауға көмектеседе деген пікір – қате.

Смузи дегеніміз диеталық компонент түріне жатады. Смузидің түр-түрі бар, яғни ол бір ғана балдыркөктен дайындалмайды, құрамында басқа да ингредиенттер болады. Балдыркөк негізіндегі смузи салмақ тастауға көмектесіп, адамды арықтататынын дәлелдейтін негіз жоқ. 

Маржан Әбдіғалиева, диетолог маман

4 – Миф. Балдыркөктің варикозға пайдасы бар.

Үкім: Шындыққа жақын

Варикоз – бұл тері астынан ісінген қан тамырлары. Ал балдыркөк құрамында бар К дәрумені қан ұюының алдын алады. Яғни балдыркөкті варикоз кезінде дәрігердің рұқсатымен пайдалануға болады.

Варикоз – балтырдағы немесе тобықтағы көк немесе күлгін түстес тамырлардың ісінуі. Варикоз болған жағдайда сізде қышыну немесе ауырсыну сезімдері болуы мүмкін. Варикоз кезінде көп көкөніс жеу денсаулыққа пайдалы.

5- Миф. Балдыркөкті көп қолдану іштің кебуіне әрі ісуіне алып келеді. 

Үкім: Жалған

Балдыркөктің құрамындағы апигенин іш кебуінің алдын алады. National library of medicine зерттеуінде балдыркөк құрамындағы флавоноидпен біріккен апегининнің болуы асқазандағы зиянды бактериялардың азаюына көмектеседі. Осы арқылы іштің кебуі мен ісуінің алдын алады.

Сондай-ақ, балдыркөкпен қоса банан, зімбір, шпинат, қияр және т.б. жемістер мен көкеністерде судың көп мөлшері мен калиидің болуы іш кебуі мен қатуының, ісуінің алдын алады.

Контекст

Балдыркөк құрамында қант мөлшері аз, А,С,К дәрумендері мен минералдарына бай өсімдік. Құрамында калии, кальцийдің болуы жүрек ауруларының алдын алады. Одан бөлек балдыркөк қант мөлшерін реттеуге, жадтың жақсаруына және т.б аурулардың алдын алуға көмектеседі.

Материалды дайындаған: Айсұлу Даңғылқызы

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz