Балалар арасында күн сайын 5 қылмыс жасала ма?

10 қазанда өткен Сенат отырысында депутат Дархан Қыдырәлі балалар арасындағы қылмыс туралы мәселе көтеріп, сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, балалар арасында күн сайын 5 қылмыс жасалады, ал кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 4,1%-ке өскен. Factcheck.kz аталған деректерді тексеріп көрді.

Тайм-код: 26:26

Мәлімдеме: Балалар арасында күн сайын 5 қылмыс жасалады екен.

Үкім: Шындыққа жақын

Qamqor.gov.kz дерегінше 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1267 қылмыс тіркелген, бұл дегеніміз күн сайын 3,4 қылмыс жасалады.

Мәлімдеме: Биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 4,1% көбейген.

Үкім: Жалған

Депутат “тоғыз айдың көрсеткіші” деп нақты қай уақытты салыстырғаны белгісіз, себебі біз қараған деректердің ешқайсы сәйкес келмейді. Мысалы кәмелетке толмағандардың қатысуымен 2024 жыдың 9 айында 1267 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы дәл сол уақытта 1307 қылмыс жасалған, яғни керісінше азайғанын байқаймыз. Ал 2024 жылдың қаңтар айында 128 қылмыс жасалған, қыркүйекте 183 іс тіркелген, сонда шамамен 43%-ке өскен.

Мәлімдеме: Бұлардың арасында ұрлық – 512, тонау – 121, бұзақылық – 94, алаяқтық – 66, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 60. Ел тұрғындарының үштен бірін, электораттың жартысына жуығын жастар құрайтынын ескерсек, бұл өте алаңдарлық жағдай.

Үкім: Шындыққа жақын

Qamqor.gov.kz дерегінше, 2024 жылдың 9 айындағы тіркелген 1267 қылмыс арасында ұрлық – 501, тонау – 104, бұзақылық – 79, алаяқтық – 83, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 47.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz