Ауырған қызметкерге жұмыс орны 100 мың теңге төлеуге міндетті ме?

Кейінгі аптада әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда ауырып қалған қызметкерлерге төленетін қаржы мәселесі жиі талқыланып жүр (1, 2, 3, 4). Ақпаратқа сай, енді “ауырып қалған қызметкерлерге жұмыс орны 100 мың теңге төлеуге міндетті” екен. Аталған деректің рас-өтірігін Factcheck.kz тексеріп көрді.

Ақпарат: Ауырып қалған қызметкерге жұмыс орны 100 мың теңге төлеуге міндетті.

Үкім: Манипуляция

Еңбек кодексі 133-бап, 1-тармағына сәйкес, жұмыс беруші расымен де мекеме есебінен қызметкерлерге еңбекке қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті. Алайда жәрдемақы мөлшері тек еңбекке уақытша жарамсыз парағы бар адамдарға беріледі. Ал төлемнің нақты сомасы қызметкердің жалақысына және ауырған күндеріне байланысты есептеледі.

Сонда 100 мың теңге қайдан шықты? Еңбек кодексінің 133-бап 4-1-тармағы бойынша жәрдемақы мөлшері 25 АЕК (98 300 теңге) мөлшерінен аспауға тиіс. Яғни қызметкерге бір айда төленетін ең жоғары сома – 98 300 тг.

Ал орташа жалақы мөлшері Еңбек көдексінің 114-бабы бойынша жүзеге асырылады. 1 сәуірден бастап еңбекке уақытша жарамсыз парағы тек онлайн түрде жасалады, яғни қағаз түріндегі парақ енді жарамсыз болады. Сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыз үшін төленетін жәрдемақының ішіне түрлі салық пен несие жарналары да кіреді. Мысалы максималды 98 300 теңге жәрдемақыны алған қызметкердің сомасынан жеке табыс салығы (10%), міндетті зейнетақы жарнасы (10%) және МӘМС (2%) алынады. Ал қалған төлемдер жұмыс беруші есебінен төледі.

Еңбекке уақытша жарамсыз парағы қай кезде беріледі?

Еңбек кодексінің 133-бап, 2-тармағына сәйкес, еңбекке уақытша жарамсыз парағы әлеуметтік жәрдемақы төлеу үшін негізгі құжат саналады. Жалпы процесс “Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы” ҚР ДСМ-нің 2020 жылғы 18 қарашадағы №ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Парақ мынадай жағдайларда беріледі:

  • Жіті немесе созылмалы аурулар асқынған;
  • Еңбекке жарамдылығын уақытша жоғалтуға байланысты жарақаттанған және уланған;
  • Жүктілікті жасанды үзген;
  • Науқас балаға күтім жасаған;
  • Жүкті болған және босанған;
  • Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған;
  • Санаторийлік-курорттық ұйымдарда толық емделген;
  • Карантин;
  • Ортопедиялық протездеу кезінде беріледі.

Дегенмен еңбекке уақытша жарамсыз парағы (лист) мен анықтамасын (справка) шатастырмаған жөн. Себебі әлеуметтік жәрдемақы тек еңбекке уақытша жарамсыз парақ үшін ғана төленеді. Жоғарыдағы бұйрық бойынша екеуінің анықтамасы мынадай:

Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы – адамдардың еңбекке уақытша жарамсыздығын куәландыратын, жұмыстан уақытша босату және еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы алу құқығын растайтын құжат.

Еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасы – жәрдемақы алмай жұмыстан (оқудан) босату үшін негіз болып табылатын, еңбекке жарамсыздық фактісін куәландыратын құжат.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz