Асқақ уәде: Алтай Айнабектің түтінге қарсы технологиясы жұмыс істей ме?

2024 жылғы қараша айының соңынан бастап интернетте өзін инженер әрі өнертапқыш ретінде таныстырған Алтай Айнабектің видеолары кең тарай бастады. Ол өзінің «түтінді жою» технологиясы арқылы Алматының ауасын тазартуға уәде береді (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7). Тіпті оның айтуынша, желтоқсан айында құрылғылары жұмыс істеген кезде қаланың ауасын уақытша тазартқан.

Altay Rain Man деген атпен танымал Айнабектің видеолары миллиондаған қаралым жинап, қазақстандықтардан оң пікір алып, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары ол туралы сюжет дайындап жатыр. Алайда мамандар бұл әдістің ғылыми негізі жоқ екенін және Алматының ауа сапасына ешқандай оң әсер етпегенін айтады.

Factcheck.kz «Экология без паники» YouTube жобасының авторының бірі Михаил Беляковпен бірге Алтай Айнабектің технологиясын зерттеп, оның тиімділігін анықтауға тырысты.

Ластанған ауаны тазартуға бола ма?

Алтай Айнабектің айтуынша, оның технологиясы ауаны екі режимде тазартады: ластаушы бөлшектерді иондайды; атмосфералық инверсиядан пайда болған «қақпақты» сейілтеді

Атмосфералық инверсия – бұл жылы ауа салқын жер қабатынан жоғары орналасқан кезде пайда болатын метеорологиялық құбылыс. Нәтижесінде ауада зиянды заттардың таралуына кедергі жасайтын «қақпақ» (инверсиялық қабат) түзіледі. Қыста PM2.5 бөлшектерінің концентрациясының жоғары болуының басты себебі де – осы құбылыс.

Алтай Айнабектің айтуынша, бірінші режим – ауаны иондау әдісі үй ішіндегі ауа ионизаторларының қағидаты бойынша жұмыс істейді, бірақ қалалық ауқымда қолданылатын нұсқасы.

Алайда қоршаған орта және энергетика инженериясы ғылымдарының докторы Айымгүл Керімрайдың айтуынша, иондатқыштар тек жабық кеңістікте тиімді. Мұны Алтай Айнабектің өз видеосы да дәлелдейді, онда ол құрылғысын жабық бөлмеде көрсетіп тұр.

Бұдан бөлек, сарапшының айтуынша, бүгінде ауаны тазартудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – механикалық сүзгілер, мысалы, HEPA сүзгілері. Себебі ионизаторлар ауадағы бөлшектерді зарядтап, оларды ауырлатады, нәтижесінде ластаушы заттар жойылмайды, тек бөлме ішіндегі беткі қабаттарға көшеді. Ал механикалық ауа сүзгілері зиянды бөлшектерді өз ішінде ұстап қалады. Сонымен қатар, кейбір зерттеулер иондатқыштардың озон түзетінін көрсеткен, ал озон адам денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.

Айымгүл Керімрайдың айтуынша, халықаралық тәжірибеде Алтай Айнабектің технологиясына ұқсас әдістер қолданылмайды. Ауаны тазарту бойынша танымал технологиялардың бірі – Smog Free Tower (қазақша – «Смогтан тазарту мұнарасы»), оны нидерландтық дизайнер Даан Роосегаарде және Studio Roosegaarde компаниясы ұсынған. Бұл әдіс механикалық ауа сүзу технологиясына негізделген және шаңсорғыш принципімен жұмыс істейді: ластанған ауаны сорып алып, оны тазартады. Айнабектің өз видеоларының бірінде смогпен күресудің бұрын ұсынылған әдістері туралы айта келе, Қытайда қолданылған Smog Free Tower мұнараларын мысалға келтіргені байқалады.

Асқақ уәде: Алтай Айнабектің түтінге қарсы технологиясы жұмыс істей ме?
Сурет Smog Free Tower (дереккөз: Studio Roosegaarde)

Зерттеулер көрсеткендей, мұндай мұнаралардың тиімділігі шектеулі.

«Ауаны тазарту мұнаралары, әрине, Алтай Айнабектің құрылғыларымен бірдей емес, бірақ мәселе мынада: қаланың ауа көлемі соншалықты үлкен, оны тазартуға не реагенттер, не сүзгілер жеткіліксіз»,– дейді Айымгүл Керімрай.

Сарапшы Қытайдың Сиань қаласындағы мұнараны мысалға келтіреді. Оның айтуынша, бұл мұнара 10 шаршы шақырым радиуста ауаның ластану деңгейін небәрі 15%-ке төмендеткен. Ал бүкіл қаланы тазарту үшін мыңнан астам осындай мұнара қажет, бұл жобаны экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Сонымен қатар, мұнаралар ластанған ауаның үздіксіз ағынына төтеп бере алмаған – тазартылған аймақтар тез қайта ластанып, мұнаралардың тиімділігі төмендеген.

Жалпы, бұл мұнаралар белгілі бір аймақта ауа сапасын жақсартуға көмектесуі мүмкін, бірақ қалалық немесе ұлттық деңгейде тиімді шешім бола алмайды.

Айымгүл Керімрайдың айтуынша, Айнабектің құрылғыларының жұмыс істейтінін дәлелдеу үшін тәуелсіз зерттеу қажет. Бұл зерттеуде құрылғы әртүрлі метеорологиялық жағдайларда – қар, жаңбыр, ылғал, жел сияқты факторлармен сыналуы керек. Кейін бұл зерттеу ғылыми сараптамадан өтіп, халықаралық ғылыми журналда жариялануға тиіс. Қазіргі таңда мұндай зерттеу жүргізілмеген.

«Алтай Айнабектің өз өнертабысына патент алуы – бұл технологияның жұмыс істейтінін білдірмейді. Бұл тек ол технологияны ойлап тапқанын, яғни оған меншік құқығы бар екенін көрсетеді. Алайда бұл технология патентте сипатталғандай тиімді екенін дәлелдейтін тәуелсіз сараптама жүргізілмеген», – дейді Керімрай.

Айнабектің құрылғыларының тиімділігін дәлел ретінде «Ренессанс плюс» зертханасының нәтижелері келтіріледі. Бұл зертхана қондырғылар қосылғаннан кейін бір сағат ішінде ауа сапасының жақсарғанын көрсеткен. Алайда зертхананың өзі екі күндік өлшеулер құрылғының тиімділігін дәлелдей алмайтынын немесе жоққа шығара алмайтынын мәлімдеген.

Инверсиялық қабатты бұзу мүмкін бе?

Айнабектің құрылғыларының екінші «режимі» атмосфералық инверсияны сейілтуді көздейді. Ол технология иондалған бөлшектер ағынын жоғары бағыттап, инверсия қабатында «саңылау» түзіп, смогты таратады деп мәлімдейді. Алайда мамандар бұл әдістің де тиімділігіне күмәнмен қарайды.

Асқақ уәде: Алтай Айнабектің түтінге қарсы технологиясы жұмыс істей ме?
Алтай Айнабектің құрылғысы (дереккөз: Instagram)

Жұлдыз Саулебекова, Алматыдағы экологиялық жағдай мен ауа сапасын жақсартумен айналысатын Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры, LinkedIn парақшасында инверсия қабаты – жұқа қабық емес, оны «тесіп өту» мүмкін емес, өйткені ол биіктігі шамамен 1 шақырым болатын тұрақты атмосфералық құрылым екенін түсіндіреді. Оның айтуынша, Алтай Айнабек ұсынған «жылдам шешімдер» – тек иллюзия.

«Көп адам атмосфера қабатының немесе жерге жақын ауаның ауқымын түсінбейді деп ойлаймын. Бұл мың текше метр емес, миллиард текше метрге дейін жетеді. Инверсия қабатына да дәл осыны айтуға болады. Егер құрылғы шын мәнінде қабатты «тескен» болса, біз оның нәтижесін анық көрер едік – мысалы, лас ауа тартылып жатқан бес үлкен тесік секілді керемет фотолар пайда болар еді», – дейді Almaty Air Initiative қорының ауа сапасы жөніндегі зерттеушісі Равкат Мұхтаров.

Мұхтаровтың пікірінше, Алтай Айнабектің технологиясы экологиялық дамуға кері әсер етуі мүмкін, себебі ол ластану көздерін елемей, назарды басқа жаққа аудартады. Сондай-ақ, ол басқа сарапшылардың пікірін қолдай отырып, инверсия қабатын сейілту бойынша ғылыми зерттеулер жоқ екенін растайды.

«Бұл – ешқандай физикалық мағынасы жоқ тұжырым. Сондықтан мұндай әдіс ғылыми зерттеулерде тіпті қарастырылмайды», – дейді Айымгүл Керімрай.

Керімрайдың айтуынша, Алтай Айнабек климатты өзгерту мен ауаны тазарту технологиясын қатар қолдануға уәде етеді, бірақ бұл екі түрлі экологиялық мәселе. Климаттың өзгеруі негізінен көмірқышқыл газы (CO₂) салдарынан болса, ауаның ластануы PM2.5 бөлшектерімен, азот диоксидімен (NO₂), күкірт оксидтерімен (SOx) және ұшпа органикалық қосылыстармен (ҰОҚ) байланысты.

PM2.5 – диаметрі 2,5 микроннан аспайтын өте ұсақ ластаушы бөлшектер. Олар өкпеге, тіпті қан айналым жүйесіне ене алады, бұл адам денсаулығына қауіпті. Ауадағы PM2.5 концентрациясының жоғары болуы тыныс алу және жүрек-қан тамырлары ауруларын тудыруы мүмкін, әсіресе балалар, қарттар және созылмалы аурулары бар адамдар үшін.

Керімрайдың айтуынша, әлемдік тәжірибеде ауаны тазартудың ең тиімді әдісі – ластаушы заттардың шығарындыларын азайту және олардың көздеріне сүзгілер орнату.

Бұл 2024 жылы Science ғылыми журналында жарияланған зерттеуде де расталған. 1500-ге жуық экологиялық реформаны талдай отырып, зерттеу қорытындысы ең тиімді шаралар қатарында көмір электр станцияларын пайдалануға тыйым салу және салықтық ынталандырулар бар екенін көрсетті.

«Газға толық көшпесек те, кем дегенде қатты бөлшектерден тазарту сүзгілерін орнату қажет, әсіресе ЖЭО мен өнеркәсіптік кәсіпорындарға», – дейді Айымгүл Керімрай.

Жұлдыз Саулебекова көмірден бас тарту, ЖЭО-ларды газдандыру, көлік санын азайтып, экологиялық таза көлік түрлеріне көшу, қоғамдық көлікті дамыту және экологиялық білімді арттыру қажеттігін жазады. Оның айтуынша, бұл – «айқын, бірақ тартымсыз» шешімдер, өйткені олар «уақыт пен үлкен күш-жігерді, инвестиция мен шыдамдылықты» талап етеді.

«Экология без паники» подкастына берген сұхбатында Алтай Айнабек ластану көздерімен күреспейтінін айтады. Себебі, оның пікірінше, өнеркәсіп секілді ластау көздерінен түсетін табыс дамушы елдер үшін экологиядан маңыздырақ, сондықтан Қазақстанды көгалдандыруға дейін «өмір сүру керек». Ғылыми негізсіздігіне қатысты сынға жауап ретінде Айнабек басты өлшем – теориялық дәлелдер емес, тәжірибелік нәтижелер болуы тиісдеп есептейді.

Нәтиже бар ма?

Алтай Айнабек 2023 жылғы шілдеде алғаш рет құрылғылар арқылы ауаны тазартуға ниетті екенін мәлімдеді. 2024 жылғы қазанның басында Алматыға келіп, Altay Rain Man Foundation қайырымдылық қорын құрғанын жариялады.

Екі айға жуық уақыт өткен соң, 25 қарашада құрылғыларды орнату басталғанын хабарлады. Кейін ол Алматының ең ластанған аймақтарына 5 құрылғы орнатқанын мәлімдеді. Бар болғаны екі күннен кейін, 27 қарашада, құрылғылардың тестілік режимде қосылды.

Айнабектің айтуынша, құрылғылар желтоқсанда үздіксіз жұмыс істеп, қаңтарда «скептиктерге көрсету үшін» өшірілген. Құрылғылардың әсерін бағалау үшін қараша айының соңы мен желтоқсан айының мәліметтерін қарастыру қажет.

Қордың парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, 5 құрылғы 500 км² аумақты қамтиды. Бұл құрылғылар бүкіл Алматы қаласын қамтуы керек,өйткені қаланың жалпы ауданы 683,5 км².

Айнабектің мәлімдемесі бойынша, желтоқсан айында Алматыдағы ауа сапасы тек екі күн ғана ластанған, ал қалған күндері «таза» немесе «қанағаттанарлық» деңгейде болған.

Almaty Air Initiative қорының 2024 жылғы есебі мүлде басқа көріністі көрсетеді. Желтоқсан айында 31 күннің 29-ында ауадағы PM2.5 бөлшектерінің деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған орташа тәуліктік нормадан (15 µg/m³) асып кеткен. Тек екі күнде ғана концентрация белгіленген шектен аспаған. Қызығы, 2023 жылғы желтоқсанда «қалыпты» ауа сапасы үш күн бойы тіркелген.

Сонымен қатар, 2024 жылғы желтоқсанда Алматыдағы орташа айлық PM2.5 деңгейі 50,6 µg/m³ болды, бұл 2023 жылғы желтоқсанымен (46,7 µg/m³) салыстырғанда 8%-ке жоғары.

Егер Алтай Айнабек Қазақстанда белгіленген PM2.5-тің тәуліктік рұқсат етілген деңгейін (35 µg/m³) негізге алды деп есептесек те, ластанған күндер саны әлі де көп – 22 күн. Тек 7 күн «қанағаттанарлық», ал 2 күн «таза» деп бағаланған.

РМК «Қазгидромет» Factcheck.kz редакциясының Алтай Айнабектің технологиясының тиімділігі туралы ресми сұранысына жауап беруден бас тартты. Бірақ Алматыдағы ауа сапасының әлі де тұрақты түрде жоғары немесе өте жоғары деңгейде екенін хабарлады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша да ауа сапасы нашар деңгейде қалған.
РМК «Қазгидромет» тоқсандық есептерінде атмосфералық ластану индексі (АЛИ) 7,0 – 7,5 аралығында (жоғары деңгей) болғанын көрсетті (PM2.5 деңгейімен шатастырмау керек – ред.). Кейінгі 5 жылда Алматыдағы ауа сапасы тұрақты түрде жоғары немесе өте жоғары деңгейде бағалануда, бұл ластану мәселесінің шешілмегенін көрсетеді.

РМК «Қазгидромет»

Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы редакцияның сұранысына жауап беріп, Алтай Айнабек оларға жүгінбегенін мәлімдеді.

«Оның смогқа қарсы технологиясының тиімділігін бағалау үшін ғылыми зерттеу қажет. Егер бұл технологияның ауа тазартудағы тиімділігі ғылыми дәлелденсе, оны Алматы қаласында қолдану мәселесі қарастырылады»

Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы

Кейінгі видеороликтерінің бірінде Алтай Айнабек өз технологиясының жұмысын дәлелдеу үшін IQAir платформасының деректерін негізге алады. Алайда кейінірек IQAir және басқа да ластану деңгейін өлшейтін платформалар жоғары көрсеткіштерді тіркеген кезде, Айнабек бұл платформаларды «сенімсіз» деп атады.

Равкат Мұхтаров Алтай Айнабек қоғамдық пікірді манипуляциялап, алматылықтарды жаңылыстырып отыр деп санайды. Бұл адамдардың қажетті шараларды қабылдауына кедергі келтіреді — мысалы, арнайы маска тағу, үйде терезелерді жабық ұстау және егер олар осал топтарға жатса, ауа сүзгілерін қолдану.

Мұхтаров ауаның ластану деңгейін бақылау үшін AirVisual қосымшасын жүктеп, көрсеткіштердің мәнімен танысуға кеңес береді. Сондай-ақ, PM2.5 бөлшектерін тиімді ұстайтын N95, KN99 немесе олардың еуропалық баламалары – FFP2, FFP3 маскаларын тағуды ұсынады.

Айнабектің технологиясы туралы пікір сұралған кейбір сарапшылар пікір білдіруден бас тартты, өйткені бұл тақырыпты талқылауды «уақытты босқа шығындау» деп есептейді. Кейбірі халықаралық тәжірибеге назар аудару керектігін, ал басқалары өздеріне жасалған шабуылдардан шаршағанын айтты.

«Алтай Айнабек өзін қазақтың Стив Джобсы немесе Илона Маскі етіп көрсетеді. Оны сынасаң, бірден «жаңа данышпанға» қарсы адамға айналып шыға келесің. Мұндай жағдайда күресу қиын — сенің «прогреске қарсы» екеніңді дәлелдегің келмейді», – дейді Равкат Мұхтаров.

«Экология без паники» подкастында Алтай Айнабек өзінің Altay Rain Man Foundation қоры арқылы 28 миллион теңге жинағанын мәлімдеді. Алайда, оның айтуынша, бұл сома шығындарын толық өтемейді. Бұған дейін ол қорының ресми сайтында ақшаның қайда жұмсалып жатқаны туралы есеп жариялауға және ауаның ластану деңгейін нақты уақыт режимінде көрсетуге уәде берген. Алайда, материал жазылған кезде ол уәделердің бірі де орындалмаған.

Қазіргі уақытта Айнабектің құрылғылары өшірілген. Ол Қазақстанда жобаның жалғасатынына сенімді емес, ал тегін жұмыс істеуге дайын емес екенін айтты. Сондықтан ол президентке жүгінуді жоспарлап отыр.

Айнабек өз жұмыстарының нақты бағасын атамады, бірақ Almaty Air Initiative онымен серіктестіктен бас тартқанын айтты. Almaty Air Initiative мәліметінше, Айнабек алғашқы жылдық жұмысына 1,3-1,7 миллион доллар сұраған.

Контекст

Алтай Айнабек ауаны тазарту жобасын бастамай тұрып-ақ интернетте танымал тұлға болған. 2024 жылдың жазында оның құрылғылары жаңбыр жаудырып, Арал теңізіндегі су деңгейін көтерді деген бейнежазбалары желіде кең тарады (1, 2). Бірақ мамандар бұл мәлімдемені жоққа шығарды.

«ҚазАқпарат» агенттігінің сұранысына РМК «Қазгидромет» Аралдағы су деңгейінің көтерілуі жауын-шашынға емес, Шардара су қоймасынан келген суға байланысты екенін хабарлады. Сонымен қатар, Арал аймағы сияқты құрғақшылыққа бейім өңірлерде қолдан жасанды жаңбыр шақыру мүмкін емес екенін атап өтті. Бұған дейін экология министрі Ерлан Нысанбаев үкіметтік брифингте бұл технологияға сенбеуге шақырған.

Кейінірек «Власть» басылымына берген пікірінде «Қазгидромет» ионизация әдісін әлемдік ғылыми қауымдастық мойындамағанын мәлімдеді.

Алтай Айнабек өзін климаттық технологиялар саласының маманы деп атайды. Ол 2017 жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келеді. Алайда 2024 жылғы шілдеде Айнабектің ғылыми еңбектерін ашық көздерден таппағанымызды жаздық. Facebook-тегі жеке парақшасында оның М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен AlmaU-да білім алғаны көрсетілген.

«Власть» басылымының жазуынша, 2021 жылы Алтай Айнабек Маңғыстау облысында өзінің құрылғыларын сынақтан өткізген. Ол жергілікті әкімдік пен фермерлерге жауын-шашынды көбейтіп, құрғақшылық пен мал шығынын шешуге уәде берген.

2021 жылдың қыркүйегінде Айнабектің Central Asian Center of Climate Change Technologies ЖШС кәсіпорны «Грант Қазақстан» қоры және жергілікті әкімдікпен 13 айлық эксперименттік келісімшартқа қол қойған.

Бастапқыда Айнабек жылдық қызмет көрсету құнын 5 миллион еуро деп бағалаған, бірақ компания өз есебінен 3 – 3,8 миллион еуроны жабуға дайын екенін айтқан. Кейінірек ол «Грант Қазақстан» қоры қажетті 1,2 миллион еуроның орнына небәрі 100 мың доллар жинағанын мәлімдеді.

Айнабек 2022 жылдың көктемінде болған су тасқыны мен лай көшкінін өз технологиясының нәтижесімен байланыстырды. Оның айтуынша, жергілікті әкімдік құрылғылардың қуатын арттыруды талап еткен, сондықтан апат болған. Алайда, аграрлық сарапшы Кирилл Павлов «Қазгидромет» 2022 жылғы ақпанда-ақ жауын-шашын болатынын болжағанын айтты.

Павлов сөйлескен фермерлер Айнабектің құрылғыларын сынап, оның әдістерін күмәнді деп бағалаған. Бұған жауап ретінде «Экология без паники» подкастында Айнабек барлық тарап қанағаттанғанын, егер бұлай болмағанда ақшаны қайтарып беретінін мәлімдеген.

Factcheck.kz