19 наурызда Қазақстанда мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтті. Бұл жолы азаматтар партия тізіміндегі үміткерлер мен бірмандатты аймақтық сайлау округтері бойынша дауыс берді. Бір күн өткен соң, яғни, 20 наурыз кешке Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) алдын ала нәтижелерді жариялады. Оған сәйкес, партиядан бөлек, мәжіліске бірмандатты округтерден 29 адам өткен.
Factcheck.kz редакциясы осы 29 адамның нешеуінің билеуші «Аманат» партиясына я басқа да саяси партияларға қатысы болды не бар деген сұраққа жауап іздеді.
Қысқаша қорытынды:
Мәжіліске өткен бірмандатты үміткердің көбі (24 адам) «Аманат» партиясының қазіргі мүшесі. Оның 22-сі партия ұсынған ресми тізімде болды. Екеуі өзін-өзі ұсынды. Бір қызығы, ОСК дерегі бойынша, «Аманат» партиясының әр өкілі 100 мыңнан көп дауыс жинаған, ал екінші орындағы үміткерлердің көбінің жинаған дауыс саны 30 мыңнан аспаған. Бұл сайлауда өзін-өзі ұсынған үміткерлердің тек бесеуі билеуші партияның өкілі емес (Алматыда – Ермұрат Бапи, Ерлан Стамбеков, Алматы облысында – Ардақ Назаров, Данияр Қасқарауов; Батыс Қазақстан облысында – Абзал Құспан). Дегенмен олардың да кейбірінің «Аманат» не басқа саяси партияларға мүше болуда тәжірибесі бар.
Бір мандатшылар қатарындағы қазіргі және бұрынғы партия мүшелері туралы айтамыз.
Астана
Дәулет Тұрлыханов — Грек-рим күресі бойынша Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, бұрынғы парламент мәжілісінің депутаты. Тұрлыхановтың үміткерлігін «Аманат» партиясы ақпанда бекіткен. Сайлау нәтижесі бойынша ол мүмкін 155,1 мың дауыстың 71,6 мыңын жинаған.
Дәулет Мұқаев — сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша қатысқан блогер және журналист, мүмкін болған 177,1 дауыстың 51,7 мыңын жинады. 2021 жылы Мұқаев «Адал» партиясынан мәжіліске үміткер болған. Бұл партия 2022 жылы «Аманат» партиясына қосылды. Мұқаев «Аманат» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, сондай-ақ партия жанындағы Республикалық қоғамдық кеңестің отбасы және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша мүшесі.
Алматы
Ермұрат Бапи — журналист және қоғам қайраткері, ҚР президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі. Сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысып, мүмкін болған 95,9 мың дауыстың 23,6 мыңын жинады. 2019 жылдың сәуірінде Бапи Социал-демократиялық партияның көшбасшысы болды, бірақ 2019 жылдың қыркүйегінде оны басшылық қызметтен босатып, партиядан шығарды. Сол кезде «Азаттық Радиосы» партиядағы әріптестері оның Парижге барып, Әкежан Қажыгелдин және Бергей Рысқалимен кездескенін өздерімен келіспегеніне наразы болғанын жазды. Биыл ақпанда Ермұрат Бапи үміткер ретінде тіркелгеннен кейін Социал-демократиялық партияның қазіргі төрағасы Асхат Рахымжанов Бапиді «партияны сатпақ болғаны» үшін қызметінен алып тастағанын мәлімдеді.
Ерлан Стамбеков — бизнесмен және меценат, өзін-өзі ұсынып, мүмкін болған 79,9 мың дауыстың 15,9 мыңын жинады. 2000-2019 жылдары Стамбеков «Аманат» партиясының мүшесі болды, дегенмен 2019 жылғы президент сайлауынан кейін партия қатарынан шықты. Үміткер оған «сол кезде партия жүргізген практикалық курспен келіспейтіндігі» және «бейбіт ереуілшілерге қарсы елде болып жатқан қатаң репрессияға» қарсылығым себеп болды дейді.
Бақытжан Базарбек — жер мәселелері бойынша заңгер. «Аманат» партиясының құрамына 2022 жылдың 20 желтоқсанында ғана қосылды. Өткен сайлауда өзін-өзі ұсынып, мүмкін болған 108,6 мың дауыстың 22,6 мыңын жинады.
Шымкент
Данабек Исабеков — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласындағы филиалының директоры. Билеуші партия атынан сайлауға түсіп, 68,8 мың дауыстың 21,0 мыңын жинады.
Болатбек Нажметдинұлы — Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, «Атамекен» ҰКП Президиумының мүшесі. Әріптесі секілді Исабеков те сайлауда «Аманат» партиясының атынан шығып, мүмкін болған 147 мың дауыстың 19,8 мыңын жинады.
Абай облысы
Нұртай Сабильянов — Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Аманат» партиясы фракциясының индустриалдық, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау және іскерлік белсенділік комиссиясының жетекшісі, «Аманат» саяси кеңесі бюросының мүшесі. Әр жылдары Мәжіліс депутаты болды. Билеуші партия атынан үміткер болған Сабильянов мүмкін болған 230,3 мың дауыстың 131,8 мыңын жинады.
Ақмола облысы
Айна Мусралимова — 2022 бастап «Аманат» партиясының Ақмола облысындағы филиалының төрағасы. Өткен сайлауда Мусралимованы билеуші партия ұсынып, ол мүмкін болған 310,5 мың дауыстың 154,5 мыңын жинады.
Ақтөбе облысы
Қазыбек Әлішев — «Ақтөбе облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының» вице-президенті. Өткен сайлауда «Аманат» партиясының бірмандатты округтері бойынша үміткері болып бекітілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша, 326,0 мың дауыстың 238,1 мыңын жинады.
Алматы облысы
Ардақ Назаров — спортшы, аралас жекпе-жек шебері, қоғам қайраткері. 2021 жылы Дәулет Мұқаевпен бірге кейін «Аманатқа» қосылып кеткен «Адал партиясының атынан мәжіліске үміткер болды. Назаров қазір «Аманат» мүшесі ме — белгісіз. Әлеуметтік желілерінде ол ешқандай партияға мүше емес екенін айтады. Сайлау қорытындысы бойынша, Назаров мүмкін болған 247,9 мың дауыстың 122,2 мыңын жинаған.
Атырау облысы
Әділ Жұбанов — «БатысАльянсСтрой» ЖШС бас директоры, Атырау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің бұрынғы төрағасы. Өткен сайлауға «Аманат» партиясының атынан түсіп, 204,3 мың дауыстың 107,9 мыңын жинады.
Жамбыл облысы
Мұкаш Ескендіров — «Қазфосфат»-тың бұрынғы бас директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты. 2005 жылдан «Аманат» партиясының мүшесі, «Аманат» саяси кеңесінің мүшесі. Өткен сайлауда партия ұсынып, мүмкін болған 208,6 мың дауыстың 99,0 мыңын жинады.
Гүлдара Нұрымова — Тараз қаласындағы «Мейірім» медициналық орталығының бұрынғы директоры, Қазақстан Республикасы Парламентінің VII шақырылым депутаты. Өткен сайлауда тағы да «Аманат» партиясының атынан, бірақ бұл жолы бірмандатты округ бойынша үміткер болды. Сайлау қорытындысы бойынша, 258,6 мың дауыстың 190,0 мыңын жинады.
Жетісу облысы
Руслан Қожасбаев — «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» АҚ басқарма төрағасы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында бұрын қаржы полициясы органдарының қызметкері болған, бизнес-құрылымдарда да еңбек еткен. Қожасбаев сайлауға «Аманат» партиясының атынан түсіп, мүмкін болған 245,2 мың дауыстың 132,6 мыңын жинады.
Қарағанды облысы
Арман Қалықов — «АрселорМиталл Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры. Билеуші партияның бірмандатты округтері бойынша үміткері ретінде ресми тіркеліп, мүмкін 230,7 мың дауыстың 145,2 мыңын жинады.
Құдайберген Бексұлтанов — Қарағанды қаласы мәслихатының депутаты және хатшысы. Қалықов секілді Бексұлтанов та «Аманат» партиясынан үміткер болып, 221,9 мың дауыстың 132,4 мыңын жинады.
Қостанай облысы
Еркін Әбіл — Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры. Әбіл сайлауға «Аманат» партиясының атынан қатысып, мүмкін болған 360,6 мың дауыстың 192,1 мыңын жинаған.
Қызылорда облысы
Мархабат Жайымбетов — Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұрынғы кеңесшісі. Өткен сайлауда Мархабат билеуші партия атынан ұсынылып, мүмкін 325,0 мың дауыстың 148,6 мыңын жинады.
Маңғыстау облысы
Еділ Жаңбыршин — Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, «Атамекен» ҰКП Президиумының мүшесі, 2022 жылдың ақпанынан парламент мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының төрағасының бірі. Сайлауға Жаңбыршин, күткеніміздей, «Аманат» партиясының атынан қатысып, мүмкін болған 226,8 мың дауыстың 117,8 мыңын жинады.
Павлодар облысы
Амантай Жарқынбек — қоғам қайраткері, «Аманат» партиясының мүшесі. Амантайдың үміткерлігін партия мақұлдап, ол сайлауда мүмкін болған 300,3 мың дауыстың 168,6 мыңын жинаған.
Солтүстік Қазақстан облысы
Еркебұлан Мәмбетов — Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі, СҚО Мамлют ауданының бұрынғы әкімі. Мәмбетов те партия атынан ұсынылып, мүмкін 250,4 мың дауыстың 153,7 мыңын жинады.
Түркістан облысы
Қайрат Балабиев — Түркістан облыстық VI шақырылым мәслихатының хатшысы, «Аманат» партиясының мүшесі, прокуратурада көп жыл еңбек еткен, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының прокуроры (1997-2000), сондай-ақ Шымкент қаласының прокуроры (2003-2005) болған. ҚазМЗУ-да түрлі қызметтер атқарған, 2011 жылғы сайлауда президенттің сенімді өкілі болған. Билеуші партия атынан сайлауға қатысып, мүмкін болған 199,9 мың дауыстың 142,5 мыңын жинады.
Ұласбек Сәдібеков — Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік сала мен идеология мәселелері бойынша орынбасары, «Аманат» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары. Билеуші партия атынан үміткер ретінде тіркелді де, мүмкін болған 179,2 дауыстың 92,4 мыңын жинады.
Темір Қырықбаев — «Таймас company» құрылыс компаниясының бас директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты. Қырықбаев та Балабиев пен Сәдібеков сынды «Аманат» партиясының атынан шығып, мүмкін болған 224,8 мың дауыстың 117,5 мыңын жинаған.
Ұлытау облысы
Ерболат Сатыбалдин — Ұлытау облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Кәсіп Қорған» салалық кәсіподағының төрағасы, билеуші партияның бірмандатты округі бойынша үміткер болып тіркеліп, мүмкін 82,3 мың дауыстың 44,4 мыңын жинады.
Шығыс Қазақстан облысы
Лұкбек Тұмашинов — облыстық мәслихат депутаты, «ОблШығысЖол» ЖШС-ін құрған «Элхон» ЖШС-нің негізін қалаушы. Сайлауға «Аманат» партиясынан қатысып, мүмкін 319,9 мың дауыстың 165,5 мыңын жинады.