10.12 | Facebook vs АҚШ, хакерлердің вакцина құжаттарына шабуылы, блокпост туралы жаңа фейк

Хакерлер вакцина құжаттарына шабуыл жасады

Хакерлер Еуропаның дәрі-дәрмектерді зерттеу агенттігіне (EMA) шабуылдап, Pfizer және BioNTech компаниясының коронавирус вакцинасы туралы кейбір құжаттарға қол жеткізді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Громадское телевидение хабарлады.

EMA кибершабуылдың вакцинаны мақұлдау мерзіміне әсер етпейтінін айтты. Сонымен бірге, шабуылдаушылар ұрланған ақпаратты қалай қолдануы мүмкін екені белгісіз. Еуропа агенттігі қазіргі уақытта COVID-19-ға қарсы екі вакцинаны мақұлдау бойынша жұмыс істеп жатыр.

Жақында Group-IB сарапшылары хакерлер жиі шабуыл жасайтын елдерді атады. Бұл тізімде Қытай, Иран, Солтүстік Корея және Ресей көш бастап тұр.

Facebook компаниясына Instagram мен WhatsApp-ты сатып алғаны үшін айып тағылды

АҚШ Федералды сауда комиссиясы және АҚШ-тың 46 штатының прокурорлары Facebook компаниясына қарсы сот ісін қозғағаннан кейін Instagram мен WhatsApp-ты сатуы мүмкін. Сотта Facebook Inc бәсекелестерді қорқыту үшін “сатып ал немесе жерле” стратегиясын қолданғаны айтылған. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлайды.

Facebook-ке тағылған айыпта бәсекелес компаниялардың саналы түрде сатып алынғаны көрсетілген. Яғни, 2012 жылы Instagram-ды (1 млрд доллар), ал 2014 жылы WhatsApp-ты (19 млрд доллар) сатып алғаны ерекше айқындалған.

Facebook-тің бас кеңесшісі Дженнифер Ньюстед алдағы сот процестерін «ревизионистік оқиға» деп атап, «табысты компанияларды» жазалауға арналған монополияға қарсы заңдар жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, Facebook компаниясының жасаған инвестициясынан кейін WhatsApp пен Instagram әлемде танымал бола бастаған.

Қазақстандағы блокпост туралы жаңа фейк

Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі “14 желтоқсаннан бастап Қазақстан өңірлері карантинге жабылады” деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Vlast.kz жазды.

Мессенджерде Қазақстан өңірлерінде 14 желтоқсаннан бастап карантин енгізіліп, блокпосттар орнатылады деген ақпарат таратылған. Хабарламада ҚР Премьер-Министрінің атынан облыс әкімдеріне жолданған құжаттың фотосы көрсетілген-міс.

Бұл хабарлама шындыққа жанаспайды, ал құжаттың фотосы жалған. Қазақстанның өңірі мен қалаларында 14 желтоқсаннан бастап блокпосттар орнатып, қозғалысты шектеп, қатаң локдаун енгізу жоспарланбайды. Қазақстандықтарды ресми дереккөзден алынған ақпаратқа сенуге шақырамыз.

Баспасөз қызметі

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz