Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде “Intertop мерейтойына орай The North Face Borealis сөмкесін 1355 теңгеге беріп жатыр” деген мәтінмен таргет-жарнама тарап жатыр. Барлық таргеттің артында Intertop атын жамылған Facebook парақша (архив) тұр, жарнама сол арқылы Instagram-ды да қамтыған. Factcheck.kz редакциясы кезекті “акцияны” тексерді.

Үкім: Алаяқтық
Intertop-тың ресми сайтында бұл акция туралы ешқандай ақпарат жоқ. Акциялар деген бөлімінде тек 30%-ке дейінгі жеңілдіктер мен тиімді бағалар жайында ақпарат көрсетілген. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшаларында бренд атын жамылған жалған парақшалардың пайда болғаны әрі жарнама жіберіп, акция жасағандары жазылған. Мұндай парақшалардан сақ болып, тек Intertop-тың ресми сайтындағы ақпаратқа сенуге шақырады.
Толығырақ
Жоғарыда жазғанымыздай, әлеуметтік желілерде ұсынған таргет-жарнамалардың артында Facebook желісіндегі “lntеrtoр КZ” парақшасы тұр. Парақшада 5 жазылушы бар, басты бетте lntеrtoр дүкенінің интерьері көрсетілген. Ал ресми парақшасында 51 мыңнан астам жазылушысы бар әрі басты бетте басқа сурет тұр.


Facebook парақшасында Crysalesar.best деген түсініксіз сайттың сілтемесі көрсетілген. Сілтемеге өтсек The North Face сөмкелеріне жаппай сату (распродажа) жүріп жатыр екен-міс. Сондай-ақ сайттың ішінде классикалық алаяқтық схемасына сай сұрақтар, бірнеше сөмкенің бейнесі, түрлі адамдардың сөмкені уақытында алған комментарилер және т.б. кездеседі. Сұрақтарға жауап бере келе сыйлықтар көрсетілген ұяшықтар ашылады, біреуін таңдаған кезде бірден ұтқаныңызды көрсетеді, одан әрі банк картасының деректерін сұрайды.



Сондай-ақ комментарилердегі “сөмкені тегін алған” суреттер де интернеттен алынған. Тек Қазақстанда ғана емес әлемде де бұндай ұқсас суретті пайдаланатын алаяқтық схемалары тіркелген. Мысалы көктемде Германияда Decathlon брендінің атын жамылған әрі комментарийдегі суреттерді пайдаланған оқиға анықталды, артынша оның жалған екені дәлелденді. Ал қалған екі сөмкенің суретін Amazon интернет дүкеніндегі The North Face Borealis Classic сөмкесінің астына жазылған сатып алған адамдардың пікірлерінен алынған.




Ал жарнамадағы сілтемеге өтсек, Inkspiredlisa.com деген түсініксіз сайтқа алып барады. Алайда доменді Who.is арқылы тексерсек, 2025 жылы 18 ақпанда тіркеліп, 24 наурызда жаңартылған. Мекенжайы ретінде Канаданың Торонто қаласы көрсетілген.


Қорытындылай келе, бұл да кезекті алаяқтық схемасы деп айта аламыз. Қазіргі таңда мұндай схемалар таргет арқылы арнайы аудиторияға бағытталып жасала бастады. Адам сенерліктей етіп дизайнын әрлеп, шынайы бренд акцияларына ұқсап кетеді. Сондықтан да, біздің айтарымыз, қандай да болсын акция туралы ақпаратты оқыған кезде бірден ресми сайт екеніне көз жеткізіңіз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.