Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде, әсіресе Instagram-да түрлі брендтің атынан жасалған алаяқтың схемасы көбейіп кетті. Солардың ішінде біз Zara мен Nike-ке қатыстысын тексеріп, әшкереледік. Енді Додо пиццаның атынан “бар-жоғы 1060 теңгеге 3 пицца және 3 пепси аласың” деген дизайнда жасалған таргет-мәтін тарай бастады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8); (архивтелген мысалы мында). Бір қызығы бұл баға жағынан да, пиццалардың аты әрі посттарда Додо пиццаның түстерін пайдалану жағынан да шынайы акцияларға өте ұқсас. Factcheck.kz кезекті “акцияны” тексерді.

Үкім: Алаяқтық
Dodo pizza-ның ресми сайтында бұл акция туралы ешқандай ақпарат жоқ әрі ол жердегі “комбо” бөліміндегі бағалары мүлде басқа. Суреттегі “акцияға” назар аударсаңыз грамматикалық қателерді көруге болады. Сондай-ақ Dodo pizza-ның ресми сайтында да брендтің атынан алаяқтардың көбейіп кеткенін ескертеді.
Біз тексерген бұрынғы схемаларда арнайы видео-фото не түрлі адамдардың пікірлері арқылы алдаусырататын еді, ал Dodo pizza-ның “акциясы” бірден таргет арқылы аудиторияға шығады. Қазақстанда көптеген фаст-фуд бренді таргет пайдаланатындықтан, адамдар бұл алаяқтыққа да тез сеніп қалуы мүмкін.

Таргеттің барлығы дерлік бірдей мәтінде, бірнеше дизайнда Facebook арқылы жіберілген. Facebook парақшасында Dodo pizza-ның логосымен пиццаның суретінен басқа ешқандай ақпарат жоқ, тек таргетке жіберілген мәтін мен суреттер ғана тұр. Сілтеме арқылы өтсек Mysterypromo.store деп аталатын түсініксіз сайт ашылады, ал сайттың өзінде қазіргі уақытта онлайн тапсырыс қабылдамайтыны жазылған. Ал сайттың өзі Switzerland Cafe-нің дәл көшірмесі екені байқалады. Who.is арқылы тексеріп қарасақ, домен 2025 жылдың 11 ақпанында тіркелген.

Қорытындылай келе, бұл да кезекті алаяқтық схемасы екенін айта аламыз. Қазіргі таңда мұндай схемалар таргет арқылы арнайы аудиторияға бағытталып жасала бастады. Бірде болмаса да бірде адам сенерліктей етіп дизайнын әрлеп, шынайы бренд акцияларына ұқсап кетеді. Сондықтан да, біздің айтарымыз, қандай да болсын акция туралы ақпаратты оқыған кезде бірден ресми сайт екеніне көз жеткізіңіз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.